Жаңалық Редакция таңдауы

МӘМС: Жеке кәсіпкерлердің жарнаны төлеу туралы 8 сұрағына жауап

МӘМС жеке кәсіпкерлерден жиі қойылатын 8 сауалға жауап берді.

«2021 жылы Қорға 632,9 мың жеке кәсіпкерден 15,9 млрд теңге көлемде аударымдар мен жарналар түсті. Биыл медициналық сақтандыруға төлеушілер саны 691,2 мыңға жетті. Олар 5 айда жүйеге 10,3 млрд. теңге төледі. Яғни, біз жеке кәсіпкерлердің өздері және қызметкерлері үшін жауапкершілігінің артқанын байқап отырмыз», – дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ жеке және заңды тұлғалармен жұмыс жөніндегі департамент директоры Забира Оразалиева.

№1 сұрақ: Жеке кәсіпкерлер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға өз пайдасы  үшін қанша төлем төлейді?

Жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын азаматтар басқа да әлеуметтік аударымдармен қатар міндетті медициналық сақтандыруға белгіленген жарналарды төлейді.

2022 жылы осы санаттағы төлеушілер үшін жарналардың мөлшері ЕТЖ-ның 1,4 еселенген мөлшерінің 5%-ын немесе ай сайын 4 200 теңгені құрады. (60 000*1,4) *5% = 4 200 теңге

Қалай төлейді?

Жеке кәсіпкер ретінде өзі үшін МӘМС төлемін екінші деңгейдегі банктің кез келген бөлімшесі арқылы, оның ішінде мобильді қосымшалар арқылы, сондай-ақ “Қазпошта” АҚ, Касса 24 және Qiwi әмиян өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы аударуға болады. Төлем коды (ТК) – 122

Сіз ай сайын да, ұзақ мерзімге де алдын ала төлем жасай аласыз. 2-3 жұмыс күні ішінде қаражаттың қайтарылуын міндетті түрде тексеріңіз.

Егер ЖСН немесе аты-жөні, төлем сомасы дұрыс көрсетілмеген болса немесе 10 ЕТЖ-дан асатын аударым базасы асып кетсе, жарналар қайтарылуы мүмкін.

№2 сұрақ: Жеке кәсіпкерлер ретінде жұмыс берушілер медициналық сақтандыруға қанша төлейді?

Егер жеке кәсіпкердің жалдамалы қызметкерлері болса, онда олар жұмыс беруші ретінде төлемдер бойынша жауапты болады.

Аударымдар (жұмыс берүші қаражаты есебінен) – қызметкерлердің жалақысының 3% мөлшерінде, бірақ 18 мың теңгеден аспайды.

Жарналар (қызметкердің жалақысынан ұстап қалу) – қызметкерлердің жалақысынан 2% мөлшерінде, бірақ 12 мың теңгеден аспайды.

Қалай төлем жасауға болады?

Жеке кәсіпкер қызметкерлері үшін МӘМС төлемін банктің кез келген бөлімшесі, оның ішінде мобильді қосымшалар және «Қазпошта» АҚ арқылы аударуға болады. Төлем коды (ТК): 121.

№3 сұрақ 

Егер жеке кәсіпкер жеңілдік санатына кіретін болса, МӘМС үшін ақы төлеу қажет пе?

Жеке кәсіпкер өзі немесе оның жалдамалы қызметкерлері келесі санаттарда болған жағдайда жарналар мен аударымдарды төлемейді:

  • балалар (18 жасқа дейінгі);
  • зейнетақы төлемдерін алушылар, оның ішінде Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері;
  • «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналар;
  • мүгедектер;
  • орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алатын адамдар.

№4 сұрақ: Декреттік демалыстағы әйел жеке кәсіпкер болса, МӘМС үшін төлем жасауы керек пе?

Егер әйел жеке кәсіпкер болса, онда ол өзі үшін 4 200 теңге мөлшерінде белгіленген жарнаны төлейді.

Бұл санаттағы әйелдер жеңілдік санатына кәсіпкерлік немесе еңбек қызметін жүзеге асырмайтын, табысы жоқ кезде кіреді.

Егер жеке кәсіпкер жұмыс жасамаса (кірісі болмаса), онда салық органдарында кәсіпкерлігін тоқтата тұру үшін тиісті рәсімдерді жүргізу қажет.

№5 сұрақ: Егер жеке кәсіпкер зейнеткер немесе мүгедек болса, ол медициналық сақтандыру үшін жарна төлеуі керек пе?

Жоқ. Мүгедектігі бар адамдар МӘМС жарналарын төлеуден толық босатылған азаматтардың жеңілдік санатына жатады, оның ішінде жеке кәсіпкер ретінде де. Сондай-ақ, Қазақстандағы қордан зейнетақы алушылар да МӘМС жарналарын төлеуден босатылды.

№6 сұрақ: Бір мезгілде жалдамалы қызметкер болып табылатын жеке кәсіпкер медициналық сақтандыруға жарна төлей ме?

Иә. Бұл жағдайда «МӘМС туралы» Заңның 28-бабының 3 және 5-тармақтарына сәйкес төлеуші өзінің жалақысының 2%-ын жалдамалы қызметкер ретінде және ЕТЖ-нің 1,4 еселенген мөлшерінің 5% – ын жеке кәсіпкерр ретінде 4 200 теңге төлейді.

Жеке кәсіпкер қызметі тоқтатылған жағдайда, ҚР Салық заңнамасына сәйкес, МӘМС жарналарын кәсіпкер ретінде төлемеуі тиіс.

№7 сұрақ: Жеке кәсіпкерге МӘМС жарналарын төлемегені үшін өсімпұл салына ма?

Иә. Төлем күнін қоса алғанда, мерзімі өткен әрбір күн үшін қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің 2,5 еселенген мөлшерінде өсімпұл есептеледі.

Өсімпұлды болдырмау үшін жалдамалы қызметкерлері болса, жарналар мен аударымдарды уақтылы төлеу қажет. Есепті кезеңнен кешіктірмей, яғни кірістер төленген айдан кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірмеу керек.

№8 сұрақ: Жарналарды және (немесе) медициналық сақтандыру қорына аударымдарды төлеуден жалтарған жағдайда қандай шаралар қолданылады?

Мемлекеттік кіріс органдары (салық комитеті) аударымдар мен жарналардың уақтылы және толық есептелуіне және аударылуына бақылау жүргізеді.

Егер жеке кәсіпкер жарналарды және (немесе) аударымдарды төлеуден жалтарса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Жұмыс берушiлердiң, жеке кәсiпкерлердiң, жеке нотариустардың, жеке сот орындаушыларының, адвокаттардың, кәсiби медиаторлардың мiндеттi медициналық сақтандыруға аударымдарды және (немесе) жарналарды төлемеуi, уақтылы және (немесе) толық төлемеуi – ескерту жасауға әкеп соғады.

Бір жыл ішінде ескерту қайталанған жағдайда айыппұл салынады.

  • Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне МӘМС төленбеген, уақтылы және (немесе) толық төленбеген аударымдар және (немесе) жарналар сомасының 20%-ы мөлшерінде
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне-30% мөлшерінде
  • ірі кәсіпкерлік субъектілеріне-50% мөлшерінде

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button