Манасшы Баянғали Әлімжанов «Достық» орденімен марапатталды
Еліміздегі жалғыз манасшы Баянғали Әлімжановқа Қырғыз Республикасының Мемлекеттік «Достық» ордені табысталды деп хабарлайды Ruh.kz порталы ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Қазақстанға жасаған мемлекеттік іс-сапары барысында Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров ақын, жазушы, әдебиет пен өнер зерттеушісі, жыршы, еліміздегі жалғыз манасшы Баянғали Әлімжановпен кездесіп, Қырғыз Республикасының Мемлекеттік «Достық» орденімен марапаттады.
Қызғыз Президенті Баянғали Әлімжановқа «Манас» жырын насихаттауға, бауырлас екі мемлекет арасындағы мәдени байланысты нығайтуға сіңірген еңбегі үшін алғыс айтып, шығармашылық табыс тіледі.
Өз кезегінде Баянғали Әлімжанов Садыр Жапаров пен қызғыз халқына еңбегін бағалап жатқаны үшін ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, Баянғали Әлімжанов – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, драматург, жазушы, айтыс ақыны, жыршы-жырау, манасшы, әдебиет пен өнер зерттеушісі.
Баянғали Әлімжанов айтқан Манастың тараулары қазақ радиосының Алтын қорында сақталған.
Ол 1995 жылы Қырғызстанның Композиторлар одағы мен Мәдениет министрлігінің А.Малдыбаев атындағы Халықаралық сыйлығының лауреаты атанды. Оған сондай-ақ, Халықаралық С.Қаралаев қоры тағайындаған «Саяқбай манасшы» медалі, Халықаралық Түркі академиясының «Түркі әлемінің манасшысы» атағы берілген.