Маңғыстаудың топ 10 көрікті жері анықталды
Маңғыстаудың туристік әлеуетін ілгерілету мақсатында бірегей бренд-бук жасақталып, логотип әзірленді.
Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Нұрдаулет Қилыбай аппараттық жиында айтты, – деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Бренд-букта Ақтау қаласының туристерге арналған жолкөрсеткіші, шахардың туристік картасы мен теңіз жағалауы, жағажай аумағының картасы жасақталды.
Сондай-ақ буклетте өңірдің және Ақтау қаласының топ 10 көрікті жері, қызмет көрсететін мекемелері т.б. ақпараттар орналасқан. Ақтау автобус маршруттары, суретке түсетін орындар, кеме саяхаттау аялдамалары, демалыс орындарының ақпараты бар. Қазіргі таңда Ақтау қаласының әуежайында, қонақ үйлерінде ақпараттық тақтайшалар орналастыру жұмыстары басталды. Ақпараттық тақтайшаларда туристтік операторлар өздерінің тур маршруттарын ұсынады.
«Visitmangystau.kz» сайты, инстаграм, фейсбук парақшалары іске қосылды. Мұнда Маңғыстау облысы мен Ақтау қаласының көрікті жерлері, туристерге қажетті барлық ақпарат енгізілген және жыл ішінде ақпаратпен толықтыру жалғастырылады. Сонымен қатар қаладағы аялдамаларда аймақтың, шахардың көрікті жерлері туралы ақпараттарды орналастыру ұсынылды.
«Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» мекемесінің Ақтау-Әуежай бағытындағы жолаушылар автобусына, жаңадан келетін автобустарға безендіру ұсынылады. Ақтау-Әуежай бағытындағы жолаушылар автобусын, жағажай аумағына дейін созу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жиын барысында туризм саласындағы тың идеяларды облыс әкімдігі әрқашан қолдауға дайын екендігін, туристік жобалардың бастамашыларына барынша көмек көрсетілетіндігі айтылды.