«Маркетинг негіздері» кітабында қандай құпия бар?
«Үздік әдебиет» республикалық кітап жобасы басталады, деп хабарлайды Ruh.kz порталы.
Ағымдағы жылғы қыркүйек айынан бастап қазақ жастарының арасындағы мәдениеттің өсуіне ықпал ету, пандемия жағдайында ортаның зияткерлік меншігін қалыптастыру, кітап тақырыбы аясында қазақ тілді ортақ жастар алаңын құру мақсатында «Үздік әдебиет» жобасы басталады.
Жобаны «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының» КеАҚ Медиа-байланыс және PR басқармасына қарасты Ruh.kz порталы өңірлердегі жобалық кеңселермен бірге жүзеге асыруды көздейді. Сондай-ақ, жобаға «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы» ЖШС-нің әлеуеті жұмылдырылады.
Эфирдің алғашқы шығарылымы ZOOM желісі арқылы ағымдағы жылғы қыркүйектің 3-інде сағат 15:00-ге жоспарланған. Бұл ретте Ruh.kz порталының мамандары Филип Т. Котлер мен Гари Армстронгтың «Маркетинг негіздері» кітабын түсіндіріп, оның мән-маңызына тоқталады.
Командалар өздері оқып танысқан үздік әдебиет туралы талдау жасап, оның қазіргі замандағы маңыздылығын ашып көрсетеді. Кітаптағы негізгі месседждерді белгілеп көрсетеді. Осылайша барлық өңірдің белсенді жастарынан құралған кітапсүйер орта пайда болады.
Бұл ретте:
– 15 қыркүйек күні Павлодар облысының «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі Дейл Карнегидің «Дос табу және адамдарға ықпал ету өнері» кітабын,
– 6 қазанда Шымкент қаласының «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі Шыңғыс Мұқанның «Отбасы» кітабын
– 15 қазанда Алматы облысы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі Жанарбек Әшімжанның «Алғашқы қоңырау» кітабын,
– 4 қарашада Маңғыстау облысының «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі Дейл Х. Шунктың «Оқыту теориясы» кітабын,
– 12 қарашада Қарағанды облысының «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі Бейнбриж Жейсон, Гок Никола, Тайнан Лиздің «Медия және журналистика: теория мен практикаға жаңа көзқарас» кітабын,
– 8 желтоқсанда Түркістан облысының «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі Джеймс Робинсонның «Мемлекеттер неге дамымай қалады?» кітабын,
– 10 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысының «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі Пауло Коэльоның «Бейбіт өмірдің мәні» кітабы туралы таныстырылым жұмыстарын жергілікті белсенді жастармен бірге ұйымдастырмақ.
Шараның қорытынды бейнероликтері, тікелей эфирлер порталдың әлеуметтік желілерінде, youtube арнасында, порталдың өзінде жарияланып тұрады.