Жаңалық

Мектеп оқушылары республиканың қасиетті жерлерін аралады

2018 жылдың 10-шілдесі күні «Туған жер» арнайы бағыты аясында Қазақстанның қасиетті жерлері бойынша мектеп оқушыларының республикалық өлкетану акциясы басталды. Аталмыш акция республикалық «Рухани жаңғыру» жобалық басқару кеңсесінің бастамасымен қолға алынып отыр.

Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Туған жер» бағытының мәні мен маңызын тереңнен қозғай келіп, туған өлке тарихын орта мектепте оқу қажеттілігін айрықша атап өтеді.

«Біріншіден, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді», – дейді Елбасы.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарық көргеннен кейін «Қазақстанның қасиетті географиясы» бағыты аясында мектеп оқушылары мен студенттерге зор мүмкіндіктер ашылды. Республиканың тарихи-мәдени мұраларға бай өңірлеріне экспедиция жасау, кітаптармен таныстыру секілді шаралар жүзеге асты. Өңірлік басшылық та бұл мәселені түбегейлі жүзеге асыруды әрқашан қадағалап отырады.

Республикалық өлкетану акциясы мектеп оқушыларына туған жерінің тарихы мен мәдениетін тереңірек зерделеп, қасиетті орындардың өзіндік ерекшеліктерін танып-білуге бағытталған. Жазғы демалыс уақытында мыңға тарта оқушылар (олимпиада, байқаулар жеңімпаздары, аз қамтылған, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көп балалы отбасынан) еліміздің қасиетті нысандарымен танысу мүмкіндігіне ие болады.

Жас өлкетанушылардың қауіпсіздігі ескеріле отырып, жол мен уақыттың тиімділігі назарға алынып, ыңғайлы транспорт және басқа да қажетті жағдайлар толық қамтамасыз етілген.

Республикалық «Рухани жаңғыру» жобалық басқару кеңсесі барлық қазақстандықтарға өлкетану акциясын қолдауға шақырады!

Орал қаласының оқушылары Ақмола қаласына келіп, «Бурабай» курортына, «Звездный» сауықтыру кешенімен танысты. Арқалықтың тамаша табиғатымен оқушыларды таныстыру үшін әлеуметтік педагог Есенбекова Ақылай жетекші ретінде бекітілген. Ал Қызылорда облысының оқушыларын Бөпежанов Талғат есімді Шиелі аудандық білім бөлімінің бас маманы бастап барды. Сонымен қатар, Қазақстанның қасиетті жерлерін аралау сапарына аталған екі облыстан бөлек, Қостанай облысының да мектеп оқушылары да қатысты.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жастардың, жасөспірімдердің және мектеп оқушыларының білімін, кәсіби біліктілігін арттыруды көздейді. Аталған жолсапар да осы бастаманың аясында өткізіліп жатқан игі істердің бірі.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button