Мектеп оқушыларына арналған жоба ұйымдастырылды
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Ұлттық бірегейлікті сақтау» бағыты аясында Ақтоғай ауданы Абай атындағы мектепте «Қазақтың ырым-тиымдары мен салт-дәстүрлері» жобасы іске асырылды, деп хабарлайды Ruh.kz Павлодар облысы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесіне сілтеме жасай отырып.
Жобаның жетекшісі – мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанар Еркінқызы Омарованың бастамасымен ұйымдастырылған шаралардың кең ауқымда өтуіне өзге мұғалімдер де ұйтқы болған.
Қазақ халқының көптеген ырым-тиымдары мен «Бата беру» және «Сәлем беру мен сәлем салу» дәстүрлерін жан-жақты қарастырған жоба көптеген оқушыларымыздың іштей ой түюіне, жақсы қасиеттерді бойына сіңіруіне ықпал еткені даусыз.
Еліміздегі ахуалға байланысты жоспарланған іс-шаралардың барлығы қашықтықтан өткізілді. Қашықтықтан өткізілген онлайн конференциялар, презентация, бейнетаныстырылымдар, диалог алаңы, ой-таным монологы, шағын сахналанған қойылымның барлығы инстаграм әлеуметтік желісіне салынып, көпшілікке таныстырылды.
«Ұлтымыздың санасына сіңген осынау тамаша ырымдар мен тиымдарды, салт мен дәстүрді ұрпақтан ұрпаққа жалғастыру – әр қазақтың міндеті», – дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанар Омарова.
Ұлт үшін салт-дәстүрлердің ұрпақ тәрбиесінде алар орны ерекше. Заман өзгеріп, жаһандану үрдісіндегі елімізде салт-дәстүріміз, ырым-тиымдарымыз негізі сақтала отырып жаңғырып, сәні мен салтанаты жарасымды кейіпте көрсетіле берсе нұр үстіне нұр болар еді.