Жаңалық Редакция таңдауы

Мектепке дейінгі балалар үшін тағы 500 орын ашылады

Елордада 67 642 баланы қамтитын 505 мемлекеттік, жеке және ведомстволық мектепке дейінгі ұйымдар жұмыс істейді. Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев балабақшалардағы орындардың саны туралы мәлім етті.

Бүгінгі таңда ИНДИГО электронды порталында кезекке 60 971 мектеп жасына дейінгі бала тіркелген, оның ішінде екі жастан алты жасқа дейін – 41 818 бала.

Мемлекеттік білім беру тапсырысын жеке балабақшаларда орналастыру үшін 10 317 орын қарастырылған. Оның ішінде қаңтардан сәуірге дейін мемлекеттік тапсырыс 8 957 орындық 200 жекеменшік мектепке дейінгі ұйымда орналастырылды.

Биыл қыркүйек айында қалған 1 360 орынға конкурс өткізу жоспарланған.

«Биыл жұмыс істеп тұрған 500 орындық мектепке дейінгі ұйымның жанынан тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында қосымша корпустар ашу жоспарланып отыр. 2023 жылғы 17 тамыздан бастап Астана қаласының мектепке дейінгі ұйымдарының топтарын жаңа 2023-2024 оқу жылына жасақтау аяқталады. Бұдан әрі оқу жылы ішінде күн сайын жасақтау орындарды босату кезінде жүзеге асырылады», – деді Қасымхан Сенғазыев.

ИНДИГО порталының мәліметінше, астаналықтар балабақшаға 22 190 жолдама алды, оның 13 157-сі – мемлекеттік.

Қыркүйек айынан бастап халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалар Астананың балабақшаларында тегін тамақпен қамтамасыз етіледі.

Сонымен қатар, 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиешілерінің жалақысы 30%-ға өседі.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button