Жаңалық Редакция таңдауы

Мемлекет басшысы: «Орнықты дамудың ең басты кепілі - тұрақтылық»

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты кезекті отыз бірінші сессиясы өтті.

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты ХХХІ сессиясындағы Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінен үзінділерді назарларыңызға ұсынамыз:

«Ассамблея сессиясын Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында өткізу игі дәстүрге айналды. Мұның зор символдық мәні бар. Бірлік, татулық және бейбітшілік – біздің мызғымас құндылықтарымыз. Оның айрықша маңызды екенін қаңтар оқиғалары кезінде айқын сезінді».

«Қазір геосаяси ахуал ушығып тұр. Жаңа сын-қатерлер пайда болуда. Мұндай жағдайда еліміздің азаматтық бірегейлігін нығайтып, отаншылдық рухын көтеруге баса мән беруіміз керек. «Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағидатымыз ешқашан өзгермейді. Біз жас ұрпақты нағыз отаншыл азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Олардың бойына татулық пен келісім, төзімділік, толеранттылық пен мәдени ықпалдастық құндылықтарын сіңіру айрықша маңызды».

«Сөз сөйлегендер біздегі саяси өзгерістер халқымызды ұйыстырып, азаматтарымыздың біртұтастығына жаңа серпін бергенін айтты. Бұл – заңды құбылыс. Себебі осы өзгерістер демократиялық құндылықтарды нығайтуға бағытталған. Сондай-ақ жаңа саяси мәдениет қалыптастыруды көздейді. Азаматтарды белсенді әрі жасампаз болуға шақырады. Дегенмен, біз мына нәрсені ұмытпауымыз керек. Орнықты дамудың ең басты кепілі – тұрақтылық. Бұл тұжырым Ассамблеяда талай рет айтылды. Оның дұрыстығын қазіргі тарихымыз дәлелдеп отыр».

«Әзірленген түзетулердің тарихи маңызы бар. Біз мемлекеттігіміздің даму жолындағы жаңа кезеңге қадам басқалы тұрмыз. Осы реформалар қолға алынған кезде Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын Парламент қарайды деп ойлаған едім. Бұл – қолданыстағы заңнамада орныққан рәсімнің бірі. Алайда, алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан мен Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын».

«Мәдениетіміз әралуан екенін көрсететін ерекше ақпаратты әзірлеу қажет. Соның ішінде, қазақ тілді аудиториямен жұмыс жүргізген жөн. Қазақ тілді аудиторияның ауқымы кеңейіп жатыр. Бұл – жағымды, оң үрдіс. Қазақстанды дамытуға өзге этностардың қосып жатқан үлесін мемлекеттік тілде насихаттау маңызды. Біз осы бағытта жұмыс істейтін ақпарат құралдарын барынша қолдауымыз керек».

«Жаһандық технологиялық жаңа үдерістер кезінде ұлттың гуманитарлық қуаты айрықша рөл атқарады. Қазірдің өзінде елдің тұрақты дамуы оның табиғи байлығына емес, азаматтарының біліміне, қарым-қабілетіне, жаңашылдығына және жасампаздығына байланысты. Бүгінгі әлем экономикасын білім және инновация экономикасы деуге болады. Себебі бұлар тауар өндіру және қызмет көрсету жүйесін түбегейлі өзгертіп жатыр. Бір сөзбен айтсақ, бүкіл өмір салтымыз өзгеріп барады».

«Бір айдан кейін жаңа диалог алаңы – «Ұлттық құрылтайдың» алғашқы отырысы өтеді. Құрылтай қоғамды елдің дамуындағы өзекті мәселелерді талқылау жолында топтастыруға арналған».

«Құрылтай жалпыұлттық диалогтың әмбебап моделіне айналады. Құрылтай құрамына депутаттар, ассамблея мүшелері, сарапшылар мен құқық қорғаушылар, барлық өңірлердің, сондай-ақ азаматтық альянстың, қоғамдық кеңестердің, үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес-қауымдастықтардың және өндіріс саласының өкілдері кіреді».

«Ассамблея Ұлттық құрылтаймен бірлесіп, тиімді жұмыс істеуі керек. Себебі, түптеп келгенде, екеуінің мақсаты – ортақ. Ауқымды өзгерістерге жастардың да белсене қатысқаны абзал. Кеше тұңғыш рет Қазақстан халқы Ассамблеясының Жастар сессиясы өтті. Оның ұсынымдарын мұқият зерделеу қажет».

«Тілдер туралы айтқанда біз Қазақстан өз тарихына, этникалық ерекшелігіне байланысты көптілді мемлекет екенін ұмытпауымыз керек. Бұл біздің артықшылығымыз, бұл біздің – активіміз. Сонымен бірге мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Біз мұны да есте ұстап, қазақ тілінің мәртебесін нығайтуымыз керек. Бірақ бұл қандай да бір өзге тілдерге және сол тілдерде сөйлейтін адамдарға, азаматтарға зиян тигізбеуі, тіптен кемсітілуіне жол бермеуі керек».

«Қазір Жаңа Қазақстанның не екенін түсіндіру ерекше маңызды. Әр азматтың бұған қатысты өз пайымы бар екені түсінікті. Мен бұған дейін ай т қанымдай, Жаңа Қазақстан дегеніміз бұл – Әділетті Қазақстан. Оны құруға әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз керек. Жаңа Қазақстан нақты көрсеткіштері бар жол картасы емес. Бұл мемлекет пен қоғамды дамыту жүйесін түбегейлі жаңғырту деген сөз. Бұл мемлекет пен қоғамды дамыту жүйесін түбегейлі жаңғырту деген сөз деп мен тағы да айтқым келеді».

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button