Жаңалық Редакция таңдауы

Мемлекет басшысы Республикалық педагогтер съезіне қатысты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен білім беру қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай елордада республикалық педагогтер съезі өтті, деп хабарлайды Ruh.kz.

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, жиынға қатысушыларды Ұстаздар күнімен құттықтап, еліміздің болашағы жарқын, дамыған мемлекетке айналуы үшін мұғалімдер қауымы аянбай еңбек етіп жүргенін атап өтті.

    Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беру – өте маңызды міндет. Сондықтан ұстаздар қауымына, яғни сіздерге зор жауапкершілік жүктеледі, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысының пікірінше, бүгінде педагогика саласы ғылымның ең маңызды тармағының біріне айналды. Сондықтан бұл салаға түбегейлі жаңа көзқарас қажет. Осы ретте Президент білім беру саласына қатысты бірқатар маңызды мәселеге тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың біліктілігін арттыру қажет екенін атап өтті. Мемлекет басшысы педагогтердің бүгінде тек пәнді ғана үйретіп қоймайтынын, сондай-ақ балалардың әлеуметтік дағдылары мен эмоциялық интеллектісін дамытуға ықпал ететінін айтты. Осынау жоғары атқа лайық болу үшін мұғалімдер әрдайым кәсіби тұрғыдан дамып, өзгерістерге дайын болуға тиіс.

Педагог – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үдерісіндегі ең маңызды буын. Сондықтан білім беру жүйесін жоғары білікті мамандармен толық қамтамасыз ету өте маңызды. Алайда қазір мектептерімізде мамандар тапшы. Бүгінде елімізде 5 мың педагог жетпіспейді. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді. Ал педагогика саласында оқыған әрбір бесінші түлек өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұған қоса мұғалімдердің 23 пайызында ғана жоғары біліктілік санаты бар. Мұның бәрі педагогтерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру тәсілдерін түбегейлі өзгертуді қажет етеді. Жоғары оқу орындарындағы педагогикалық мамандықтарға қатысты бағдарламалардың басым бөлігі заман талабын ескермейтін бұрынғы әдістемелерге негізделген. Заманауи тәсілдер мен технологияны енгізе отырып, оқу бағдарламаларын қайта қарау, жаңғырту қажет, – деді Президент.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button