Мемлекет басшысы жаңа Үкіметтің негізгі міндеттерін атады

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев негізгі міндетті атады, деп хабарлайды Ruh.kz.
Өткен жылы экономикамыз 5,1 пайызға өсті. Ең бастысы, еліміздің даму қарқыны бәсеңдеген жоқ. Бірақ қазір жайбарақат отыруға болмайды, себебі алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Сондықтан Үкіметтің жұмысына жаңа серпін беру қажет.
Негізгі мақсат – баршаңызға белгілі. Біз 2029 жылға қарай экономикамыздың көлемін 450 миллиард долларға жеткізуіміз керек. Яғни, нақты меже бар. Енді тек жұмыс істеу қажет. Бұл – еліміздің жалпы ішкі өнімі жыл сайын кемінде 6 пайызға өсуі керек деген сөз.
Сондай-ақ макроэкономикалық көрсеткіштермен қатар халықтың нақты табысы да қарқынды түрде артуы керек. Бұл – өте маңызды міндет. Бір сөзбен айтқанда, бізге шын мәнінде сапалы даму қажет. Сондықтан әрбір қадамды жан-жақты, мұқият ойластырып, батыл әрекет ету керек, - деді Президент.
Тоқаевтың сөзінше, Үкіметке де, әкімдіктерге де берілген құзырет көп жағдайда дұрыс қолданылмай жатыр. Соның кесірінен реформаларды жүзеге асыру қарқыны бәсеңдеп кеткен.
Мұндайды доғару керек. Мемлекеттік органдар арасында өзара келісу мен талқылау жұмысы аяқталғанша, кез келген бастаманың негізгі мән-маңызы да өзгеріп кетеді. Бюрократияны тоқтату қажет, бізге нақты нәтиже керек. Үкімет пен әкімдер жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертуге тиіс. Жұмыс барысында жүйелі ұстаным болуы қажет. Мәселені жедел шешумен қатар, экономиканың ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз ету өте маңызды.
Қазіргі жағдайда экономикамыздың мейлінше еркін дамуына мән беруіміз қажет. Елімізді дамудың жаңа белесіне шығарамыз десек, бұл жұмысты жедел және дәйекті түрде жүргізген жөн, - деді Мемлекет басшысы.