Мемлекет басшысының Жолдауы бойынша елорда қалай дамиды
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Кеңесте негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша елорданың дамуының оң динамикасы атап өтілді, деп хабарлайды Ruh.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жиында инвестиция тарту мәселесіне ерекше назар аударылды. Осы жылдың 7 айында инвестиция көлемі 9,2%-ға артып, 678,5 миллиард теңгеге жетті.
Президент атап өткендей, қазіргі кезеңде елдің берік өнеркәсіптік қаңқасын қалыптастыру ең маңызды міндет.
Жыл соңына дейін өңдеу өнеркәсібі саласындағы 15 жобаны қоса алғанда, жалпы сомасы 87 миллиард теңгеге 25 жобаны қолданысқа беру жоспарланып отыр.Сонымен қатар туристік саланы дамыту маңызды бағытқа айналып келеді. Іскерлік және медициналық туризмді дамытуды жалғастыру, Астана брендін ілгерілету және қажетті инфрақұрылым мен сервис құру жоспарланып отыр. Медициналық туризмді дамыту мақсатында республиканың 46 клиникасы мен медициналық ұйымдарын біріктіретін қауымдастық құрылды, – делінген.
Сонымен қатар 15-17 қыркүйек аралығында 70 мыңнан астам адамның қатысуымен өтетін «Comic Con» фестивалі шығармашылық индустрияның маңызды оқиғасы болады деп күтілуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мен инновацияларға ерекше назар аударды. Мақсаты – Қазақстанды IT-елге айналдыру. Интернетті жақсарту жұмысы кемшіліктерді екі есе азайтуды және 300 шақырымнан астам талшықты байланыс желісін салуды қамтиды. Сондай-ақ астаналық IT-кәсіпкерлердің жобаларын қолдау басымдыққа ие.
Энергетикалық қауіпсіздікке тоқталсақ, қаланың жаңа құрылысын сенімді электрмен қамтамасыз ету үшін жеті қосалқы станция салу жоспарланып отыр.
Бүгінде ЖЭО-3 және газ жылу станцияларының құрылысы жүргізіліп жатыр. Ол қаланы қосымша жылу қуатымен қамтамасыз ететін болады. Сонымен қатар №2 кәріз-тазарту құрылысы жобасы жасалып жатыр. Оның басталуы биыл қазан айына жоспарланып отыр. Осылайша, қаланың шеті, жаңа құрылыс аудандары орталықтандырылған су жүйесімен қамтылады.
Даму тұжырымдамасының маңызды аспектісі – су тапшылығын жою, қоршаған ортаға тарайтын қалдықтарды азайту және қайта өңделген қалдықтардың үлесін 40%-ға дейін арттырырып, «жасыл экономикаға» көшу, – деп жазылған елорда сайтында.
Кеңестің қорытындысы бойынша Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асырудың егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеуді тапсырды.