Мақала

Мемлекеттік қызмет – қоғам назарында

Бүгінгі таңда мемлекеттік қызмет саласындағы уәкілетті орган тарапынан мемлекеттік қызметті одан әрі жетілдіру мақсатында көптеген жұмыстар қолға алынып, іске асырылуда.

Фото: ашық дереккөзден

Қоғамдық кеңестер азаматтық қоғам институтының бірі ретінде мемлекет тарапынан да, қоғам тарапынан да өзінің лайықты бағасын алды деуге болады. 2015 жылдан бері жұмыс істеп бастаған осынау институт осы жылдар аралығында мемлекет пен қоғамның сындарлы серіктесіне айналып, жұртшылықтың көкейінде жүрген көптеген мәселелерді мемлекеттік органдарға өркениетті түрде жеткізетін және туындаған мәселелерді бірге бірлесіп шешетін тетік ретінде орнықты.

Жалпы, мемлекеттік қызмет жүйесі туралы айтқанда мұның қоғамдағы көпқатпарлы мәселелерді қозғайтын проблема екенін айтудан бастаған дұрыс. Өйткені ол қоғамдағы азаматтардың күнделікті қажеттіліктерін іске асырудан бастап әлеуметтік, экономикалық, рухани-мәдени және басқа да салаларда туындайтын сан түрлі мәселелердің мемлекеттік қызмет пен басқару жүйесі арқылы шешімін табу тетіктері мен жолдарын қамтиды. Ал осы мәселелердің күнделікті шешімін табуы ауылдық деңгейдегі әкімдіктен орталық деңгейдегі мемлекеттік органдардың  үйлесімді қызметімен тікелей байланыста көрініс табады десек, оның деңгейі мен сапасын мемлекеттік қызметшілердің білімі мен біліктілігі айқындайтыны анық. Демек, мемлекеттік органдардың өз міндеттері мен функцияларын сапалы орындау пәрменділігі мемлекеттік қызметшілердің әлеуетімен тығыз байланысты.

Сондықтан Агенттіктің халыққа шынайы, адал, ашық қызмет көрсететін және бюрократияға жол бермейтін сервистік сипаттағы мемлекеттік аппаратты қалыптастыру мақсатындағы жұмыстары, жобалары мен бастамалары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев басшылыққа алатын «Адал азамат» қағидатын басты орынға қойып отыр. Меніңше, осы қағидатты барлық мемлекеттік органдардың және әрбір мемлекеттік қызметшінің жұмысындағы негізгі ұстанымына айналдыру қоғамдағы көп мәселенің оңды шешімін табуына алып келеді.

Агенттік тарапынан атқарылып отырған осындай іргелі жұмыстар, өз кезегінде, Қоғамдық кеңес мүшелеріне де үлкен жауапкершілік артып отыр.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жанындағы Қоғамдық кеңестің жаңа құрамы ашық конкурстық негізде құрылып, Агенттік Төрағасының 2023 жылғы 27 ақпандағы № 50 бұйрығымен бекітілді.

Құрамы білікті заңгерлерден, мемлекеттік қызмет мектебінен өткен азаматтар мен танымал журналистерден тұратын Қоғамдық кеңес өз жұмысын бастаған осы 10 айдың ішінде 5 отырыс өткізіліп, онда мемлекеттік қызмет саласындағы көпшілікті толғандырып жүрген өзекті мәселелер  жан-жақты талқыланды.

Қоғамдық кеңес осы мерзім аралығында Агенттікпен әзірленген нормативті құқықтық актілердің жобаларын талқылау жұмыстарына да белсенді қатысты. Есепті кезеңде Қоғамдық кеңес мүшелерімен 31 нормативті құқықтық актілердің жобалары қарастырылды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Жарлығының 6 жобасы, ҚР Үкіметі қаулысының 5 жобасы, ҚР Заңының 2 жобасы, Агенттік төрағасы бұйрығының  14 жобасы және мемлекеттік органдардың бірлескен бұйрықтарының 4 жобасы кең талқылаулардан өтті.

Аталған нормативті құқықтық актілерге Кеңес мүшелері тарапынан жан-жақты талқыланды, ұсыныстар беріліп, нормативті құқықтық актілердің жобалары келісілді.

Қоғамдық кеңес мүшелері мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау, іріктеу және мониторингтеу жұмыстарына да белсенді қатысуда.   

Атап айтқанда, Кеңес мүшелері қазан-қараша айларында Астана қаласындағы «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының республикалық Ситуациялық орталығына, «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының» мамандандырылған мемлекеттік қызмет көрсету орталығы филиалына (СпецЦОН), «Astana polytechnic Жоғары коллледжі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына және Астана қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығына» барып аталған мекемелердің қызметтерімен танысып, олардың мемлекеттік қызмет көрсету сапасына мониторинг жүргізді.

Жұмыс сапарлары барысында аталған мекемелердің мемлекеттік қызмет көрсету сапасы, мемлекеттік қызмет көрсетуге өтінімдер қабылдау және олардың нәтижесін қызмет алушыға беруді ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсетуді электрондық түрде қамтамасыз етулеріне мониторинг жасалып, оларға өз жұмыстарын жетілдіру бойынша ұсыныстар айтылды.

Қоғамдық кеңес мүшелері мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа форматын пилоттық жобадан өткізіп жатқан мемлекеттік органдардың комиссия құрамдарында бақылаушы ретінде де қатысуда.

Қоғамдық кеңестің 2023 жылы өткізілген барлық отырыстары мен іс-шаралары Агенттік сайтында орналастырылып, әлеуметтік желілерде кеңінен көрініс тапты.

Жалпы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жанындағы Қоғамдық кеңес өз құзіреті шеңберінде қоғам пікірін білдіретін құрылым ретінде мемлекеттік қызмет саласындағы шешімдерді талқылау мен қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру, мемлекеттік органның азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасауын дамыту, қоғамдық бақылауды ұйымдастыру және уәкілетті орган қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды белсенді түрде жалғастыра беретін болады.

 

Ағыбаева Бибігүл Шәкірбайқызы,

«Academy of labour relations» ЖШС бас директоры,

заңгер, PhD, ҚР МҚІА жанындағы Қоғамдық кеңес төрағасы,

ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық

саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button