Жаңалық Редакция таңдауы

Мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесі енгізіледі

Фото: gov.kz

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметке іріктеу және қабылдау процесін толық цифрландыруды көздейтін, конкурстық рәсімдердің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ететін «Е-қызмет» жүйесінің сыртқы порталын әзірледі, деп хабарлайды Ruh.kz.

Агенттіктің ақпаратынша, жаңа іріктеу жүйесі 2023 жылдың 1 наурызынан бастап 6 мемлекеттік органда сынақтан өткізілді. Атап айтқанда, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Көлік министрлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Сауда жəне интеграция министрлігі, Ақмола облысы және Шымкент қаласы әкімдіктері.

Онда конкурстың әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында прокторинг технологиясы қолданылған.

Сондай-ақ іріктеу рәсімінің ашықтығын қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында кандидаттарға олардың дербес деректерін иесіздендіру үшін арнайы ID нөмір беріледі.

Конкурстық рәсімнің жаңа форматы үміткерлерге онлайн режимде, кез келген уақытта, әлемнің кез келген нүктесінен конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді. 

2023 жылы осы жаңа форматта, мемлекеттік органдарда өткізілген 1300-ге жуық конкурсқа 5 815 үміткер қатысып, оның 652-і жеңімпаз ретінде танылды. Онлайн жүйе бойынша бір орынға қатысушылардың үлес көрсеткіші 4,6 адамды құрап, қолданыстағы (1,7 адам) іріктеу тәртібімен салыстырғанда қатысушылардың саны 2,7 есеге артты, - делінген хабарламада.

Биыл жаңа іріктеу жүйесін кезең-кезеңмен барлық мемлекеттік органдарда енгізу жоспарланып отыр. Яғни, 2024 жылдың 1 ақпаннан бастап 22 мемлекеттік органда жаңа жүйені іске қосу қолға алынбақ.

            

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button