Мемлекеттік тілдің интернеттегі қолданысы қандай?
Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Қазақстан Республикасында тілдік ахуалды талдау және оған мониторинг жүргізу» жобасы аясында онлайн режимде «Мемлекеттік тілдің ресми интернет-ресурстар мен көрнекі ақпараттағы қолданысы» атты республикалық семинар ұйымдастырды.
Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында «Қазақстан Республикасында тілдік ахуалды талдау және оған мониторинг жүргізу» жобасы жүргізілуде.
Жоба аясында мониторингтің көрнекі ақпараттар, ресми интернет-ресурстар бағыттары қамтылды.
Күні бүгін еліміздің сегіз қаласында (Нұр-Сұлтан, Алматы, Павлодар, Петропавл, Орал, Қарағанды, Қостанай, Көкшетау) көрнекі ақпараттарда және бұқаралақ ақпарат құралдары, оның ішінде орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ұлттық компаниялардың және ЖОО-ның ресми интернет-ресурстарында мемлекеттік тілдің қолданысы мен сауаттылығы тексерілді.
Шараның мақсаты – көрнекі ақпарат, ресми интернет-ресурстарға жүргізілген мониторинг жұмыстарын қорытындылау. Осы орайда арнайы сарапшы мамандардың баяндамасы тыңдалып, мемлекеттік тілдің көрнекі ақпаратта, интернет-ресурстарда сауатты рәсімделуі талқыланады.
Онлайн басқосуға орталық және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, Ұлттық компаниялардың жауапты мамандары, оқытушылар, студенттерммен банк қызметкерлері қатысты.
Мемлекеттік тілді ресми интернет-ресурстарда кеңінен қолдануға үлес қосқаны үшін бірқатар мекемелер арнайы алғысхатпен марапатталды.
Онлайн режімде қатысушылар тақырып бойынша өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Шара қорытындысы бойынша арнаулы қарар қабылданды.