Мақала Жаңалық Редакция таңдауы

Менің Мұстафам

Жарты жылдан астам уақыт бойы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында сахналанып келе жатқан «Менің Мұстафам» моноспектакльі жайлы бірер сөз.

Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер.

Ғабит Мүсірепов

Сөз басы

Ұлт басына қатер төнген заманда саяси сахнаға ұлтжанды ұлдар шығады. Алашорда – ат төбеліндей қазақтың алып империяға жұтылып кетпеуі жолында топтасқан, күрескен азаматтарған құралған автономия. Мұстафа Шоқай – Алашорда үкіметі халық кеңесінің мүшесі, ұлт тағдыры үшін күрескен қоғам қайраткері.

Театр киімілгіштен басталады

Премьерасы жарты жыл бұрын болған қойылым әлі де сахналанып келеді. Көрерменін де жоғалтпаған. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін тамшалап отырды. Қара шаңырақ, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының аурасы да ерек. Бірақ…

«Қымбатты көрермен, қойылым уақытында ұялы телефондарыңызды дыбыссыз режимге қоюларыңызды сұраймыз» деп үш қайталады. Тілді түсінбесе, естімесе, абайсызда қосылып қалса айыбы жоқ. Қоңырауын шырылдатып, тұтқаны көтеріп, асықпай сөйлесіп алу – театр мәдениетіне жатпайтын іс.

Бірінен соң бірі соққан қоңыраулар, құптанның кіргенін бірнеше рет хабарлаған қосымша, жарты сағатқа кешігіп келген студенттер, сық-сық күлкі қойылымның берекесін алып, құтын қашырғаны өкінішті. Бұл мәдениетті адамның қылығы емес. Ал мәдениетсіз адам театрға неге келген?..

Есіңде ме, Мұстафа?!.

«Театр – адамның өзін-өзі сахнадан көріп, өзін-өзі түсінетін орын» деген еді Шәкен Айманов. Көрермен арасынан назар аудартып, жүрекке жылы тиген тұстары да бар. Солар жайлы.

Мұстафа Шоқайдың тар жол, тайғақ кешуін, тосқауылға толы тағдырын, мұңын жары Марияның естеліктерімен жеткізген қойылым есті көрерменнің жүрегін қан жылатады.

Марияның Парижде 5 франкқа түскі ас сатып, отбасын асырағаны жайлы, перроннан Мұстафаның күтіп алғаны жайлы, сондағы сезімі жайлы, өмірінің небір жанкешті сәттерінде жанына медеу болған жарына деген махаббаты жайлы естеліктері көзімізге жас үйірді. Бізбен бірге мектеп жасындағы балалардың да, студент жастардың да, қарттың да егілгені – сол іңкәрлікті, сол қасиетті сезінгені шығар?..

https://youtu.be/NiijUXdRH-8

Менің Мұстафам!

Ұлт үшін жанын құрбан еткен ұлы тұлғаларды тарих ұмытпақ емес. Олардың жанкештілігі әлі талай ұрпаққа тәлім болары һақ. Бірақ біз кей-кейде сол тұлғалардың жанында тағдырдың тауқыметіне қасқайып қарсы тұра білген аяулы жарлары жайын ұмыт қыламыз. Моноспектакльдің еске салғаны, санаға сіңіргені осы тұс.

Мұстафа ұлт үшін күрессе, Мария Мұстафа үшін күресті. Және бұл екі күрестің салмағы бірдей. Түркістандықтар үшін, қазақтар үшін күрескен Мұстафа Шоқайға келтірілген залал аз емес. Сол залалды Мұстафамен бірдей тартқан Мария Шоқай еді.

Мұстафаның ағасы Сыздықтың: «Сенің дұшпаның көбейіп барады, Құдай қаласа, әйелің саған нағыз дос болар» дегені дөп келді. Өмірдің ащысы мен тұщысын бір бөліскен, жабыққанда медеу, жығылғанда демеу болған, жерлегенде құран кітаппен бірге жерлеген де Марина Шоқай еді.

Сөз соңы 

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ұжымына, драма-диалогтың авторы – Қасымхан Бегмановқа, қоюшы режиссер – Әубәкір Рахимовқа, орындаушы – Күнсұлу Шаяхметоваға ыстық ықыласымызды жеткіземіз.

Сұлтан Мұстафин

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button