Жаңалық

Миф. Өркениет және Алтай

Музаға арналған өнерлер музыка деп аталған. Қазіргі музыка сөзінің төркіні – осы.

Алтай – өз құшағынан жүзге тарта тайпаны таратқан құтты мекен. Оның ұрпақтарын дүниенің көптеген жерлерінен табуға болады. Сонау Еуропалықтар, Түркиялықтар да өзінің атамекенін Алтай деп, қазақтар Ататүрік деп атайды екен. Дүниедегі ең үлкен тіл жүйесінін бірі Орал, Алтай тіл жүйесі деп аталатыны сияқты Орта Азиянын ежелгі мифологиясы осы Алтай мифологиясының құрамына кіреді.

Миф – грек тілінен аударғанда аңыз, нақыл деген сөз. Мифология сол мифтерді зерттейтін ғылым деген мағынаны білдіреді. Миф бұрынғы әдебиеттерде, қиял-ғажайып ертегілерде беріліп келген. Мифті бірқыдыру түркі халықтары афсана деп атаған.

Афсана – парсы сөзі. Біздің тілімізге аударғанда аңыз деген мағынаны білдіреді. Миф қалай пайда болған? Миф адамзаттың алғашқы балаң дәуірінде дүниеге келген. Ол – алғашқы адамдардың өз атырабындағы заттар жөніндегі жалпы ұғымы, күңгірт түсінігі, қияли межесі, ой жорамалы. Уақыт өте келе ол керемет образдар жүйесіне айналып, әдеби арнаға түскен кейбіреулері аңыз бен әңгімеге қосылып, фольклорлық сипат алып кеткен.

 

Мифтің дамуын ғалымдар үш сатыға бөледі. Бірінші сатысы – адам мен хайуанды және басқа заттарды ұқсас деп санайтын сәбилік саты; екінші сатысы – адам мен хайуанды парықтайтын және адамды басқа жақтан парықтайтын саналы саты; үшінші сатысы – әртүрлі затқа өзіндік түсінік беретін түсініктеме мифтер сатысы. Дүниенің мифология тарихынан алғанда алғашқы қоғамдағы австриялык, африкалық, америкалық мифтерді жәй мифтер деп атайды да, ежелгі Грек, Baвилон, Үнді мифтерін шоғырланып, циклденіп, көркемдік жүйеге түскен әдеби мифтер деп атайды. Ал, Қазақстан ғалымдары қазақ мифтерін алғашқы австриялық мифтерден өрелірек, ежелгі грек мифтерінен солғынырақ аралықтарға жататын миф деп есептейді екен. Олар мұның себебін қазақтар ежелгі Рим, Египет сияқты гүлденген, құлдық мемлекет дәуірін бастан кешірмегендікке апарып тірейді.

Шынында да ертедегі грек мифтері өте қызықты болған. Олар әр нәрсенің өзіне бірден құдай тағайындаған, оған өзіндік ой, тұлға, көркемдік түс берген. Тіпті сол суреттемелері бойынша сәулетті ғимараттар, мүсіндер, ескерткіштер орнатқан. Батыстың 37 алып ғимараты соның символындай бұл күнде ел назарын ерекше баурап тұр. Сондықтан да ол әдеби қалыпқа түсіп, санқилы мифтік аңыздарды тудырып, дүниенің мифология үлгісіне айналған. Батыс елдеріндегі мифология құдайлар жөніндегі аңыз деп есептелінеді. Қытайлар оны қытайлар туралы аңыздар деп қабылдаған һәм солай қалыптастырған.

 

Ертедегі гректің егін құдайы Тамудзой деп аталады екен. Ол 7-ші айларда келеді. Сол кезде су шашып қарсы алады. Мұндай көп құдайлы мифологияның сол кездегі көп құдайлы дінмен қатысы болуы әбден мүмкін. Ертедегі гректерде тек әдебиет пен көркемөнерді жебейтін құдайдың өзі тоғыз болған. Зевс пен Мнемосинаның тоғыз қызы (9 муза) тоғыз саланың құдайы есептелген.

Евтерия – лирикалық поэзияның құдайы;

Клио – тарихтың құдайы;

Талия – комедияның құдайы;

Мелипомена – трагедияның құдайы;

Терпсихора – бидің құдайы;

Ератов – махаббат поэзиясының құдайы;

Полигимения – гимндердің құдайы;

Варания – астрономияның құдайы;

Каллоепа – эпостың құдайы.

Музаға арналған өнерлер музыка деп аталған. Қазіргі музыка сөзінің төркіні – осы. Осы музаға арналған ғибратханалардың орасан биік өреге жеткендігін – музей деп атаған. Осылардың өзінен-ақ ертедегі грек мифологиясының керемет дамып, орасан биік өреге жеткенін көруге болады.

Ертедегі қазақ тайпалары да ислам дініне кіру төтемдік дін, несториан діні, мүшірік діні, будда діні, шаман діні қатарлы діндерге сенді. Бұл дін де көптеген Гректердің көп құдайлы дінімен ұқсас келеді. Мысалы: мүшірік діні – айға, күнге, көкке, отқа табынады. Әрбір құбылыстың өз иесі бар деп есептейді. Сондықтан сол кездегі қазақ тайпалары тәңірге, жасағанға табынған. «Тәңір жарылқасын», «Аспан ата», «Жер ана», «Су ана» деген сөздер, жаңбыр жаумай қалғанда тасаттық беріп, көк тәңірінен жауын тілеу біздегі сол дәуірден қалған ырымдар екендігі хақ. Қазақтың жаңа айдың туғанын көргенде:

Ай көрдік, аман көрдік,

Жаңа ай жарылқасын,

Ескі ай есіркесін, – деп бата беруі де өте ертедегі ұғымның сарынын білдіреді. Күнді құрмет тұту, күнге тіл тигізбеу, жауынды тәңірдің нұры деп түсіну сол бір ұғымның сарыны болса керек. Міне, осындай наным ықпалынан қазақтың аспан әлемі, дүниенің жаратылуы жөніндегі ең алғашқы мифтері туындаған. Алдымен аспан алақандай, жер тебінгідей болып жаратылған. Алдар көсенің сайтанды жеңуі туралы ертегіде бұл ұғым өте қызықты айтылады. Аспан мен жер жаралған соң, күн мен ай туыпты. Күн – жігіт, ай – қыз екен. Ай өте сұлу болыпты. Күн оған ғашық екен. Ай Күнді менсінбеген соң, күн бетін тырнап алған екен. Содан барып Айдың беті айғыз-айғыз болып қалыпты. Одан бірін-бірі қуып, аспанға орналасқан екен. Бірі түнде, бірі күндіз көрінетіндіктен, өзара бірін-бірі көре алмайды екен. Күннің жаууы солардың өзара сағынысқандағы көз жасы екен. Ал, құсжолы ай анасының аспанға шығып, қызын іздегендегі аққан сүті екен дейді. Құсжолын батыс елдері галактика дейді. Бұл – сүт мағынасындағы сөз. Олай болса, біздің ертедегі әлем жөніндегі мифологиямыз батыс мифологиясымен қабысып жатыр ма деген ой келеді.

 

Бұдан сырттағы басқа аспан әлеміндегі және кемпірқосақ сияқты қазақтың қызық-қызық мифтеріндегі жетіқарақшы, үшарқар, үшмерген, үркер, босаға, бикеш секілді аспан әлеміндегі көптеген жұлдыздар жөнінде де кемпірқосақ сияқты аспан құбылыстары жөнінде де қызык-қызық мифтері бар. Оның бержағында әр адамның жұлдызы бар. Адам өлгенде ол өзімен бірге өледі. «Айы батты», «жұлдызы сөнді», «жұлдызы жоғары» деген ұғымдар да сол кезде қалыптасқан болуы мүмкін. Сондай-ақ, су иесі Сүлеймен болғаны сияқты 17 мын ғаламнын бәрінің де жеке-жеке иесі болған. Бәрі де қазақ мифтерінің ұғымы бойынша қолмен қойғандай орналастырылған. Жер астындағы көкөгіз, мәдi туралы мифтер де сондай қызықты (олай айтуға болатын болса). Міне, бұл – қазақ мифологиясының ең бірінші бастауы.

Төтемдік діннің ықпалынан туындаған мифтік ұғымдар да бар. Табиғаттың алып тұлғасына, тарпаң күшіне, әртүрлі хайуанаттарға табыну төтемдік дінге жатады. Ертедегі түркі халықтары, соның ішінде қазақтар да биік тауға, асау дарияға, тағы жануарларға табынған. Ертедегі грек құдайларының Олимпияда тұрғаны сияқты түркі халықтарының тәңірлері Отыген тауында (Моңғолия), Алтайдың асқарында, Тәңір тауында, Хантәңірде (Жетісудағы Ортау – Кертауда) тұрған. Шығыстан бір рет қашып, Тәңір көліне жасынырып аман қалған. Боғдаш шоқысы ол кезде Ақтау – Алып Ата шоқысы атанған. Боғданың күнгейіндегі хикмет тастар сол кездегі Алып Атаның жауларын қуғандағы зақпыға салып атқан тастары-мыс. Ежелгі грек халықтары осы тауларға табынып, құлшылық жасап отырған. Бұдан сырт түркі халықтарының бірқыдыруы бөріге табынған. «Оғыз батырды Бөрі жеңіске бастаған», «Үйсін патшасы Күнбейді Бөрі емізіп баққан», «Хұн патшасы Бөрімен үйленген», Найманның бір жарлы батыры Алтайдың Еркене Көкшоқысында Бөрімен үйленіп, сонан Еркөнекті Найман таралған. Бұдан алты мың жыл бұрын Алтайда бір Бөрі қашып, таудың үңгіріне кіріп кеткен. Сол Бөріні шығарамыз деп әлгі үңгірді өртеген. Сонан барып түркі халықтары темірге ие болған. Әрі бұл темірді Бөрінің бастауымен тапқандығын аңыз етіскен. Керей ханы Уаңханның шешесі аңшы, батыр адам болған. Ол Xұндар сияқты Маралға табынған. Қауым Бөрілердің қорғауына ие болған. Сондықтан, ертеде Бөрі деген атақ берілген адам қорықтың алдында жүретін болған. Шыңғыс ханның жауынгерлерін бастап отырған. Түркі халықтары соғыс батырларына Бөрі деген атақ берген. Бәрінің басы туға түсіріліп, оны жорықтың басында ақбоз атты сарбаз алып жүретін болған. Шыңғыс хан жорығында да Бөрі туын ақбоз атты жауынгер алып жүрген.

 

Адамның алып атасы болуымен қатар қойдың Шопан атасы, жылқының Қамбар атасы, сиырдың Зеңгі атасы, түйенің Ойсыл Қарасы, т.б. әр хайуанның өз иесі, атасы болған.

Қазақтың жыл қайыруына кіретін 12 хайуан туралы айтылатын мифтік аңыз, міне, осыны әйгілейді. Қарақұм айдаһар, балық, т.б. хайуандар туралы айтылатын мифтер де қазақта аз емес.

Мажүс дінінің ықпалынан туған мифтік ұғымдар да бар. Мажус дініндегілер негізінен әруаққа, өзінің ата-бабаларына сиынып, табынады. Қазақтың алладан бұрын әруақты ауызға алуы, бәлкім, осының сарқыншағы болуы мүмкін. Түркі халықтары әуелі тәңір атаға, онан соң жер анаға, онан кейін Ұмайға табынған. Махмұт Қашқаридың «Ұмайға табынған ұғыл болар» дегені сол аруаққа табынудың сарыны. Ұйғыр ғалымы Ибраим Мүти қазақ әйелдерінің қорыққанда «ойбай» дегені сол Ұмайға табынудың өзгеріп барып, қалыптасқаны деп топшылайды. Сонда қазақтардың «Көк соқсын, жер жұтсын, әруақ атсын» деген қарғыстары осы діннің тоғысуынан туған мифтік ұғым болуы да ғажап емес. Исламнан бұрын қазақ әйелдері Бибəтимаға емес, Ұмайға табынатын болуы мүмкін.

Қазіргі әруаққа ас беру, шек беру салттары – ислам дінінде жоқ салттар. Бұл да сол Мажүс дінінің сарқыншақтары болса керек. Батырлардың Қабанбайдың, Жәнібектің аруағын шақырып айғайлауын да осыған жатқызуға болады.

 

Несториан, будда, шаман діндеріне қатысты мифтер де қазақта араласып кеткен. Өлген батырды сауыт-сайманымен жерлеу, бал аштыру, бақсы-балгер жорамалына сену, арбау, шарғу, т.б. нанымнан туған ұлттық ұғымдар осыған жатады. Бұдан сырт басқа халықтардың мифтік ұғымдары әртүрлі жолмен түркі халықтарына, қазақтарға келіп сіңіп, сол мифтер өз мифтеріне айналып кеткен. Адамның хайуанға, хайуанның адамға айналуы тәріздес мифтер бізге Үнді, Еуропа мифтерінен келіп сіңген. Дию жөніндегі мифтер ежелгі Иран мифтерінен келіп сіңген. Қызыр перілері де ирандықтардан, Иран мифтерінен санамызға, өз қанымызға сіңіп, өзімізге тән ұлттық сипаттау мифтеріне айналып кеткен. Мысалы, Қаратаудың теріскейіндегі Келіншектау Әлбай деген батырдың теріс батасынын зардабынан тасқа айналып кеткен өзінің ұзатқан кызы екен. Қарынбай халықтың қарғысына ұшырап, суырға айналып кетіпті. Бұдан сырт адамнан бақаға, итке, қасқырға, шошқаға айналып кетуі немесе хайуаннан адамға айналу қазақтың мифтік аңыздарында көп кездеседі.

Бұрынғы заманда біреудің бір қыз, бір ұлы болыпты. Қызы үлкен, ұлы кіші екен. Әке-шешесі жоқта қыздың ұлға көңілі ауып калыпты. Әке мен шешенің қарғысынан ұл көртышқанға, кыз мәлiнге айналып кеткен екен. Күйкентай Құндыз жөнінде де осы көртышқан мифі тәріздес мифтік аңыздар бар. Ғалымдар мұндай өзгерушіліктің үш түрлі себептен туатындығын қорытындылаған. Бірі шаршап-шалдығудан, ұйықтап кетіп, сол бойы тасқа немесе басқа затқа айналып кетеді. Қоңыр әулие үңгірінде жатқан Әулие ата сондай тасқа айналған екен-мыс. Екіншісі – кінәлі болудан осындай жағдайға душар болады-мыс. Жоғарыда мұның мысалдарын келтірдік. Үшіншісі – қатерден құтылу үшін басқа затқа айналады. Мысалы, Мәді туралы былай айтылады: Мәдi қашып келе жатып, қысылғанда «Қара жер, қақ айырыл, қара жер, қақ айырыл» деп айқайлайды-мыс. Айтқанындай қара жер қақ айырылып, Мәдіні құшағына алған соң, қайта жабылып қалады да, Мәдi құтылып кетеді.

 

Ислам дініне қатысты мифтік ұғымдарға да тоқтала кетсек. Ислам діні – қазақтар қабылдаған діннің ең соңғысы әрі бұрынғы көп құдайлы дінді теріске шығаратын бір құдайлы дін. Ол бұрынғы діни ұғымдарға қатысты туған мифтік ұғымдарды ығыстырып, оның соңғы ұрпаққа жалғасуына үлкен кедергі жасаған. Оның ықпалын солғындатқан немесе үзіп тастаған да осы дін. Ертедегі қазақта Алтай мифтерінің бізге өз қалпында жетпей отыруының себебі, міне, осында. Бірақ, сонымен бірге ислам діні өзіндік мифтік сарынымен бірге араб-парсы елдерінің мифтік ұғымдарын ала келіп, қазақ мифологиясының дамуына белгілі ықпал көрсеткен. Қазақ мифтерін толықтырып, кемелдендірген жағы да бар.

Бұрынғы заманда бір бай болыпты. Ол өте қарау екен. Кедей-кепшікке көмектеспейтін, жетім-жесірге пітір-садақа бермейтін сараң екен. Өмірінде бір жарлыға тек жарты қарма садақа беріпті. Күндердің біріне жолаушылап келе жатса, бір жерден «Oпаға – жапа, опаға – жапа» деп зарлаған дауыс шығыпты. Бірнеше кабат тастың астындағы кішкентай құмараның ішінен шыққан дауыстың сырын білмек болып құмыраның аузын ашып, жерге төңкеріпті. Құмырадан түскен инедей нәрсе топыраққа аунап шұбалшаңдай, одан жыландай, ақыры айдаһар болып, əлгі адамды жұтпақ болыпты. «Әй, мені неге жұтасын» дегенде, айдаһар «Айтқанымды орындаймын, опа қылғанға жапа келтіремін» деген екен. Әлгі адам кысылып тұрғанда отыз атты адам қасынан өтеді. Бірі де қарамайды. Онан соң жеті атты адам өтеді, олар да қарамайды. Соңында алыстан караңдаған біреу көрінеді. Жүрісі тым болмашы екен. Айдаһар арбаған адам өлерменге келіп, жер басып қысылып, жаны мұрнының ұшына жетеді. Осы сәтте әлгі адам жақын келеді. Караса, бір көз, бір аяқ, бір қолы жок жарты денелі адам екен. Айдаһар мен адамнан жөн сұрайды. Олар болған істі баяндайды. Жартыкеш адам айдаһарға сеніңкіремей: «Қане, рас болса, бұрынғы қалпыңа келші», – дейді. Айдаһар ары домалап, бері домалап бұрынғы қалпына келеді. Содан жартыкеш оны бұрынғы құмыраға салады да, аузын буып, алғашқы орнына тастайды. «Опаға – жапа, опаға – жапа» деп, ол бұрынғыша зарлап қала береді. Онан соң жартыкеш адам әлгі адамға: «Бағанағы отыз адам – отыз күн ораза, онан соң жеті адам – жеті рәкат намаз. Сен соның бәрін өтемегендіктен, олар да саған қарамай кетті. Қалай екені белгісіз, әйтеуір қолыңнан бір кезде жарты қарма садақа шығып калған екен, мен солмын. Егер бүтін қарма берген болсаң, мен төрт мүшесі сау адам болып келіп, әлдеқашан құтқарып алған болатын едім», – депті де ғайып болыпты.

 

Міне, осы тектес ислам дініне қатысты мифтік аңыздар қазақта да аз емес. Қазақтың ауыз әдебиеті ұлттық түс алғаннан кейін көне мифтік ұғымдар ауыз әдебиетінің көптеген салаларына сыналап кіріп, оған өзіндік мазмұн, рең қосқаны тағы бар. Соның нәтижесінде қазақтың мифтік аңыздары, мифтік ертегілері қалыптасқан. Тіпті, батырлық жырлары мен ғашықтық жырларға, мақал-мәтелдерге дейін мифтік ұғымдар араласқан. Мысалы, «Төрт өнерпаз» деген мифте ертеректе өнерлердің бірігуі ең алдымен ағаштан келістіре отырып, адамнан тұлға жасайды. Екіншісі оған киім киіндіріп, адам қиялына келтіреді. Үшіншісі оған жан салады. Төртіншісі ақыл-парасат береді. «Балшық батыр», «Нан батыр» деген ертегілер, міне, осындай мифтік ертегілер.

Мифтік ұғымдар мен мифтік ұшқындар қазақтың батырлық жырларында да көп кездеседі. Мысалы, Ерназардың кемпірі шаңырақта керулі тұрған кербиенің төстігін жеген соң ұл туады. Оның Ертөстік аталуы да осыдан. Ал, онын Шалқұйрық деген аты шапқанында тау қаңбақтай, жер тас машақтай ұшады. Шабысына жер шыдамай, қара жер қақ айырылады. Шалқұйрыққа тіл бітіп сөйлейді. Батырға ақыл береді. Тіпті зынданда жатқан жерінен де құтқарып алады. Сондықтан Ертөстік жырында:

Жаяуымда қанат болған Шалқұйрық,

Жалғызымда жолдас болған Шалқұйрық,

Сасқанымда ақыл болған Шалқұйрық, – деп жырланады.

Міне, осындай мифтік ұғымдарды Алпамыс және оның Байшұбары, Қобыланды және оның Тайбурылы, Ер Тарғын және оның Тарланы, тіпті бертінгі Қабанбай және оның Қубас аты туралы жырлардан кездестіруге болады. Бұрынғы алып Қарақұс, Кокайғыр, Көкқасқыр, Көкбұка, Коққошқар, Көккептер – бәрі де киелі хайуан ретінде қазақ ертегі-аныздарына келіп сіңген. Аңыздарға қарағанда, Қабанбай Құмайдың күшігін жегендіктен батыр болған. Жәнібек ұйықтап жатқан жерінде екі көк бөрі үстінде ойнақтап жүрген. Содан барып ол кісіге батырлық қонған. Тіпті Көкайғыр бақсы сарынына дейін барып кірген.

Айналайын, Көкайғыр,

Кекілің бар екі айғыр.

Құлын мойын, бөрі төс,

Шақырғанда кел, айғыр.

Аю шашың албырап,

Тұлымшағың салбырап.

Кір үйге, кел қасыма,

Жал құйрығың жалбырап!

Міне, Бөрітөс Көкайғыр жын иесі болып, бақсыны әуелететін құдіретке жеткен. Мифтік ұғымдар мен ауыз әдебиетінің басқа салаларында да бұндай сарын бар. Бұл жерде айта кетейік, мифтер мен мифтік ұғымдардың дінмен қатыстығына қарай түгелдей соқыр сенім, діни ұғым деп айту тағы қате болады. Ол адамзаттың алғашқы ой жүйесі болғанымен, онда орасан мол ақыл-парасаттың дәні, тамаша қиял ұшқындары, сан-алуан ғылымның алғашқы бүршіктері жатыр.

«Ағаш ат», «Ұшпа кілем», «Жертыңдар», «Айшылық жолды алты аттайтын алыптар»… ерте заманның қарапайым ой-қиялы болғанымен, бүгін оның аэроплан, ракета, телефон, автомобиль, алып кемеге айналып, жүзеге асып отырғанын, сиқырлы айнанын телевизорға айналып отырғанын еске алатын болсақ, ата-бабаларымыздың сол бір арналы қиялында асыл ойдың алтын бөккен түйіндері жатқандығын байқар едік. Сол дәуірдегі батыл болжам, серпінді ұшқыр ойлар, кең өрісті тәтті қиялдар бұл күндерде адам баласының ойына оттық, қиялына қанат болатындығы даусыз. Біз тағы да «Таусоғар», «Көл ұрттар», «Қарға тұмсық», «Қырық аяқ», «Жеті басты жемір» сан-құбылғыш қиял-ғажайыптар, керемет образдар туралы ой жүгіртетін болсақ, бұлар бізді ғылымның асқар шыңы әлі алда дегендей, соңына түсіретін сорап. Біздің төбеміздегілер (ғарыштағылар) белбеуді басынан буынады. Біз, ортадағылар, белбеуді белден буынамыз. Ал, бізден төменгілер, жер астындағылар, белбеуді аяқтан буынады деп межелеген. Бұл неткен тамаша, асқақ қиял, дарынды болжам!

Сонау кездегі асыл қиялдың сорабына адамзат енді ғана түсіп, ғарыш пен жер астының құпиясын білуге енді ғана кірісіп отырғандай. Ендеше, ертедегі мифтерді діни соқыр сенім, бос қиял деп түсінудің өзі – оның қадірін білмегендік. Әл-Фарабидің «Қайырлы кала адамдарының көзқарастары» деп аталатын мақаласы Томас Мурдың қияли социализміне негіз болған. Сондықтан, данышпан Гумбольдт «Білімнің таңы сарқылмас тұспал-жорамал» деп текке айтпаған.

Қазақта болған оқиғаның жүйесі негізінде тарамдалып келіп, одан қиял ұшқындары арқылы байытылған әнгімені аңыз деп атайды. Бұлардың да дінмен бәлендей қатысы жоқ. Мұндай аңыздардан VІІІ ғасырда өткен Қорқыт туралы, XIII ғасырдағы Қожанасыр туралы, XV ғасырда өткен Асан Қайғы туралы, XV ғасырда өткен Жиренше туралы аңыздар, сол сияқты «Алдар Көсе», «Қыл кеңірдек», «Шибұт», «Жарғақбас» сияқты аңыздарға арқау болған кейіпкерлердің бойында сол мифтік ұшқындар жатыр. Бұл ғана емес, тіпті ән мен күй жөніндегі аңыздардан «Дауылпаз», «Шаңдалу», «Шертер», «Даңғара», «Кепшік», «Уілдек», «Желбуаз», «Домбыра», «Қобыз» сияқты қазақтың фольклорлық музыка аспаптарынан да мифтік ұшқындарын табуға болады. «Сайып келгенде, қазақ халқы мифке бай. Оның ежелгі грек, вавилон мифологиясына ұқсамайтын өзіндік ерекшелігі бар. Бірақ, біз бұрын бұл салада реттеу, іріктеу жұмыстарын, сондай-ақ зерттеу жұмыстарын жақсы істей алмадық. Оның үстіне, грек мифтеріне еліктеп, өзіміздің Алтай мифтеріне немқұрайлы қарадық, оның өзіндік қасиетін толық түсіне алмадық», – дейді Зейнолла Сәнік.

P.S: Әдебиет руханияттың аса маңызды бір бөлігі екенін ескерсек, үлкен романдардың авторлары ертегілер мен аңыз-әпсаналардан сусындап жетілгенін ескерсек, ертегілер өз бастауын (қанша жерден абсурд пен парадоксқа толы болса да) мифтерден аларын ескерсек ежелгі Алтай мифтері болашақта терең зерттеуді күтіп тұрған үлкен ғылым саласы болып есептеледі.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button