Министр 10 айда ел экономикасы қалай өскенін айтты
Биыл қаңтар-қазан айларының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,9% болды. Оның ішінде нақты сектор 3,8%, ал қызмет көрсету саласы 5,4% өсті деп хабарлайды Ruh.kz.

Салалар арасында ең жоғары өсуді құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс, сонымен қатар көлік көрсетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 12,6% болды. Инвестициялар ағыны көлік және қоймалауда 58%, денсаулық сақтауда 40%, саудада 38%, білім беруде 18%, ауыл шаруашылығында 8,7%, өнеркәсіпте 8,3% өсті.
Өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Маңғыстау, Абай, Түркістан және Павлодар облыстарында байқалды. Алдын ала қорытынды бойынша 2023 жылғы қаңтар-қыркүйекте сыртқы сауда тауар айналымы 2,4% өсіп, 102 млрд доллар болды.
“Экспорт 57 млрд-тан астам доллар болып, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты 18 млрд долларға жетті. Тауарлар импорты 44 млрд-тан астам доллар болды. Жалпы оң сауда балансы 13 млрд долларға тең. Өңдеу өнеркәсібінде оң өсу сақталып отыр. Өндіріс көлемі 3,2% өсті. Көрсеткіштің өсуі 12 өңірде тіркелді. Соның ішінде ең жоғарғы өсуді Қызылорда, Қостанай, Абай облыстары және Алматы қаласы көрсетті. Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісінің 27%, оның ішінде автомобиль жасаудың 42% және электр жабдықтарын жасаудың 31% өсуі қамтамасыз етілді”.Ұлттық экономика министрі
“18 өңірде оң өсу тіркелді. Әсіресе құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең көп өсуі Маңғыстау, Жетісу, Батыс Қазақстан және Абай облыстарында байқалды. Биыл қаңтар-қазанда 13,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 14% жуық жоғары. Ең жоғары көрсеткіш Ұлытау және Жетісу облыстарында, Астана және Алматы қалаларында тіркелді. Ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 8,6% төмендеді. Көрсеткіштің төмендеуі дәнді дақылдарды жинау көлемінің азаюынан болды. Барлық 7 экономикалық көрсеткіш бойынша оң өсу 5 өңірде – Абай, Батыс Қазақстан, Жетісу және Қызылорда облыстарында, Алматы қаласында байқалды”.ҚР ҰЭМ Әлібек Қуантыров
Экономикалық өсуді қамтамасыз ету мақсатында мына шаралар ұсынылды.
- Экономика салаларында өсудің оң қарқынын сақтау жөніндегі шараларды іске асыру, егінді тасымалдау және сақтаудағы ықтимал проблемаларды шешуде жедел көмек көрсету;
- Экспорттаушыларды қолдау шараларын іске асыру арқылы отандық өнім экспортын белсенді ілгерілету;
- Биылға белгіленген инвестициялық жобаларды тиісті мерзімдерде аяқтау, жаңа инвесторлар тарту және оларды сүйемелдеу бойынша жұмысты жандандыру;
- Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының маусымдық өсуіне жол бермеу және инфляция деңгейін бақылау және төмендету бойынша шараларды іске асырудың тиімділігін бақылау;
- Бизнес өкілдерін кешенді қолдау және олар үшін қолайлы жағдайлар жасауды қамтамасыз ету.