«Монодрама» байқауына пьесалар қабылдау жалғасуда
М. Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театры Республикалық «Монодрама» байқауына пьесалар қабылдауды жалғастыруда. Бұл туралы театрдың баспасөз қызметі хабарлайды.
1. Байқаудың мақсаты мен міндеттері:
– қазақстандық авторларды қолдау;
– театр репертуарын жаңа туындылармен толықтыру;
– жаңа көркемдік кеңістіктердің игерілуіне жол ашып, драматургияда жаңа есімдердің пайда болуына және олардың кәсіби өсуіне мүмкіндік тудыру.
2. Байқауды өткізу мерзімі:
– пьесалар 2020 жылдың 1 қыркүйегінен 2021 жылдың 15 наурызына дейін қабылданады;
– байқау нәтижесі 2021 жылдың 27 наурыз – Халықаралық театр күніне орай жарияланады.
3. Байқаудың өткізілу тәртібі:
Байқау келесі номинациялар бойынша өткізіледі:
– үздік тарихи монодрама;
– үздік заманауи монодрама;
– үздік инсценировкалық монодрама.
– байқауға республика азаматтары және шетелдегі қандастарымыз қатыса алады;
– байқауға қазіргі театр талабына сай жазылған, бұрын қойылмаған, жарияланбаған, өзге байқауларға қатыспаған жаңа монодрамалар, моноинсценировкалар (автор туралы мәліметтермен және автор суретімен қоса) жолдануы шарт;
– авторлар бірнеше номинацияға қатыса алады, номинацияда көрсетілген әрбір жанрға бір шығарма ғана ұсынылады;
– байқауға ұсынылатын пьесалар компьютерлік 20 беттен аспауы тиіс (шрифт Times NewRoman-14);
– монодрама, моноинсценировкалар teatr_auezov@bk.ru электронды поштасына МОНОДРАМА БАЙҚАУЫНА деген тақырыппен жолдануы шарт;
– байқауға түскен шығармаларды кәсіби мамандардан тұратын Сарапшылар кеңесі сараптайды.
4. Байқау қорытындылары бойынша:
– үздік деп танылған бір монопьеса не моноинсценировка театр репертуарына алынып, сахналанады;
– көркемдік тұрғыдан сараптан өткен бірнеше туынды көрермендер назарына телеспектакль түрінде ұсынылады;
– сонымен қатар сәтті деп танылған кей монопьесаларды режиссерлік, актерлік лабораторияларда оқу, сондай-ақ жеке жұмыстар түрінде қою ұйымдастырылады.
Ескерту:
Театрдың пьесаны сахналау (түсірім жасау) барысында редакциялау, өзгеріске ұшырату (автор келісімімен) құқығы бар.
Анықтама үшін: 8 (7273) 78-54-00 Қабылдау бөлмесі.