Жаңалық Редакция таңдауы

Мороккодан қай жеріміз кем?

Қазір футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатының қызған шағы.

Мұндай деңгейдегі жарысқа біздің елдің құрама командасы қашан қатысатыны белгісіз. Дегенмен, елінің экономикалық даму көрсеткіштері жағынан біздің елден анағұрлым артта тұрған Морокко қалай әлемдік доданың жартылай финалына шыға алды деген сұрақты көпшілік өзіне қойып жатқан болар.

Ішкі жалпы өнім бізде 574 млрд (жан басына шаққанда 30,9 мың) доллар болса, Морокконікі – 290 млрд (8,1 мың) доллар екен. Сонда бұл Африка елінің бізден қандай артықшылығы бар? Чемпионат басталғалы бері өз қақпасына бір ғана гол жіберген морокколықтар Испания сияқты әлем чемпионын және көзіне намыстан жас алатын Криштиану Роналду сияқты серкесі бар Португалия деген Еуропа чемпионын жеңіп, үйлеріне қайтарды. Арыны тым қатты. Жартылай финалда даңқты чемпиондар елі Францияны жеңіп кетсе, таң қалмайтын жағдайға жетіп отырмыз.

Біздің елдегі ішкі чемпионат, біраз жыл болды, мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылып, аяғынан тұратын халге жетті. Ондағы легионерлердің айлығы туралы былық-шылықтар талай жазылды. Айтпағымыз ол емес. Айтпағымыз, аяқдоп спортына жеткілікті түрде қаржы бөлінетіндігінде. Легионерлерді жалдағанды тоқтатып, жергілікті жас жеткіншектерді тәрбиелеп, өз клубтарымызда ойната білсек қалай болар екен? Өзіміздің баламыз доп теуіп, жетістікке жететін күнін аңсаумен өміріміз өтіп жатыр. Ана бір жылдары Бразилиядағы футбол академиясына жіберіп, оқытқан жастар қайда?..

Ұлттық құрама жайы айтпаса да белгілі. Ұлттар лигасында өнер көрсеткен командамызға қарап, өз тобында Әзірбайжан, Словакия және Беларусьті артта қалдырып, В лигасына өткеніне қуанған едік. Жалпы, A, B, C және D топтарына бөлінген Ұлттар лигасында А тобында, әлбетте, ең мықтылар өнер көрсетеді. Қуанышымыз ұзақа созылмай, жақында ғана Қазақ елінің футбол командасы жолдастық кездесуде Өзбекстаннан жеңіліп қалды. Өзімізбен деңгейлес елден жеңіле беру де ұят екен…

Қазақстан футбол федерациясындағы атқамінерлер оған қандай жауап айтатынын білмедік. Жүз жылдың үстінде Семейде доп тепкен Мұхтар Әуезов ұрпағының футболдан көктей алмай келе жатқандығын кімнен көреміз?

Ұлттық құрама команданың сапында бірталай қазақтың қара домалағы доп теуіп жүр. Бұрындары қазақ баласы футбол ойнай алмайды деген желеумен қазақтар еліміздің бас командасына алынбай қалып жататын. Бас бапкер Магомед Адиевтің сөзіне сенсек, қазіргі таңдағы команданың құлшынысы жаман емес сияқты.

2024 жылы өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу ойындарында Дания, Финляндия, Словения, Солтүстік Ирландия және Сан-Марино сияқты елдермен бірге ойнайды екенбіз. Атынан ат үркетін сондай керемет ел біздің топта жоқ сияқты. Дегенмен, сенсация жасайтын елдер де аяқ астынан шығып қалып жатады. Сонда да бұл топта ойнау біз үшін ақтық сынға жолдама алуға үлкен мүмкіндік береді.

Абат Айымбетов, Аслан Дарабаев, Ян Вороговский, Михаил Габышев және Бактиер Зайнутдинов сияқты гол соға алатын, гол соққанда мол соға алатын жастарымыз барда әлі де үміт отын сөндірмейміз. Үлкен додаларда намысты қолдан бермей ойнайтын рухты жастарымыз әлі де өзін көрсетеді деген ойдамыз. Футболға Роналду сияқты ойнай да, жылай да алатын қазақтың батырлары тезірек келсін деген тілекке көпшіліктің қосылары хақ.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button