МҚІА төрағасы Дархан Жазықбай БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Ларби Джактамен кездесті
«XXI ғасырдағы меритократия негізінде мемлекеттік қызметтің адам ресурстарын басқару» халықаралық семинар аясында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Халықаралық азаматтық қызмет жөніндегі комиссияның төрағасы Ларби Джактамен кездесті, деп хабарлайды Ruh.kz.
Екіжақты кездесу барысында МҚІА төрағасы Мемлекет басшысымен мемлекеттік қызметті түбегейлі жаңғырту мәселесі ел дамуының жаңа кезеңіндегі басым бағыт ретінде айқындалғанын және мұндағы басты мақсат – ашық, клиентке бағдарланған, сервистік мемлекеттік аппаратты қалыптастыру екендігін атап өтті.
Дархан Жазықбай бағытта мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту, мемлекеттік қызметке кіру кезінде артық кедергілерді жою және «шығу» тәртібін жеңілдету, мемлекеттік секторға персоналды іріктеу және басқару процестерін цифрландыру, кадрлық әлеуетті арттыру және таланттарды тарту бойынша іске асырылып жатқан шаралар жайлы хабарлады. Сондай-ақ "Президенттік жастар кадр резерві" жобасының жаңа басқару мәдениетін қалыптастыру жолында мңызды рөл атқарып отырғанын айтты.
Ларби Джакта мырза мемлекеттік қызметті жаңғырту бойынша Қазақстанның тәжірибесін оң бағалап, мемлекеттік қызмет үшін таланттарды белсенді іздеудің және меритократия қағидаттарын сақтаудың перспективаларына тоқталды.
Тараптар сондай-ақ адам ресурстарын басқару саласын дамытудың ағымдағы әлемдік трендтерін және мемлекеттік қызметті жетілдірудің өзекті мәселелері бойынша бірлескен бастамаларды іске асыру үшін күш-жігерді нығайту маңыздылығын талқылады.