Жаңалық

Мұғалімдер мектептердің ашылуына қарсы

АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында мұғалімдер мектептерді ашуға қарсы наразылық шеруіне шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі шаһар билігі биыл күзден бастап оқушыларды аптасына 2-3 рет білім ордасында оқыту жоспарын ұсынып отыр. Ұстаздар болса оқу орындарында балаларды індеттен қорғау мәселесі жеткілікті ойластырылмаған дейді.

Ал Чикагода мұғалімдер биылғы оқу жылының жарты жылын толықтай қашықтан оқу жүйесімен өткізуді талап етуде. Сондықтан биліктен оқушыларды интернетпен қамтамасыз ету мәселесін шешуді сұрауда.

Джесси Шарки, Чикаго мұғалімдер кәсіподағының басшысы:
– Қазіргідей коронавирус өршіп тұрған кезде балаларды мектепте оқыту дұрыс емес. Шаһарда жағажайға барып демалуға және дәмханаға жиналуға тыйым салынған. Ал жергілікті билік болса мыңдаған баланың жабық ғимаратта отырып, оқуын ұсынып отыр. Біз мұндай әрекетке жол бермейміз. Оқушылардың қауіпсіздігі маңызды.

Ал Латын Америкасының кей елінде коронавирусқа байланысты балаларды оқыту әртүрлі әдіспен ұйымдастырылмақ. Мысалы, Боливияда билік індетке байланысты тамыздың 3-інен бастап барлық мектепті жабу туралы шешім қабылдады. Оқушылар келесі сыныпқа еш емтихансыз көшірілді. Мексикада оқушылар биыл індетпен жағдай оңалғанша қашықтан оқитын болады. Сабақ теледидар арқылы жүргізілмек.

Эстебан Моктесума, Мексика білім министрі:
– Біздің барлығымыз мектептердің ашылғанын қалар едік. Алайда қазір балалардың денсаулығына қауіп жоғары. Сондықтан қашықтан оқу қазіргідей жағдайда ең тиімді тәсіл деп санаймын.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button