Жаңалық Редакция таңдауы

Мұхтар Әуезовтың туғанына – 125 жыл

Әр ұлттың ұлы тұлғалары болады. Олар қаншама ғасырлар өтсе де сол ұлттың мөрі секілді санаға соғылып, адамзаттың ортақ құндылығына айналады. Ағылшындар үшін – Шекспир, француздар үшін – Бальзак, орыстар үшін – Пушкин, үнділер үшін – Тагор, өзбектер үшін – Науаи, түркімендер үшін – Мақтымқұлы, әзербайжандар үшін – Низами, қазақтар үшін әрине – Абай. Сол Абайдың ұлылығы мен данагөйлігін ашқан Мұхтар Әуезов те өткен ғасырдағы қазақ әдебиетінің алыбы.

Мұхтар Омарханұлы Әуезов – көрнекті қазақ жазушысы, драматург және ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР-нің Ғылым Академиясының академигі (1946), еңбек сіңірген ғылым қайраткері. 1897 жылы 28 қыркүйекте бұрынғы Семей уезі, Шыңғыс болысындағы Қасқабұлақ деген жерде туып, балалық шағы көшпенді ауылда өтті.

Мұхтар Әуезовтің шығармашылық жолы 1917 жылы екі ғашықтың трагедиялық тағдырын жыр еткен «Еңлік-Кебек» атты пьесаны жазудан басталды.

Ол «Кінәмшіл бойжеткен», «Жетім», «Кім кінәлі?», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Көксерек» атты әңгіме-повестері, «Қилы заман» романы, «Тас қауырсыны», «Алма бағында» сынды қазақ феодалдық қоғамының өткір мәселелерін ашатын пьесаларының, қазақ және қырғыз әдебиеті мен фольклорының тарихы бойынша монографиялық зерттеулердің авторы.

Жазушының бүкіл шығармашылық жолының шарықтау шегі болып табылатын «Абай жолы» атты төрт томдық романы оның әлемдік деңгейде танылуына зор септігін тигізді. Бұл шығарма әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, «Әлем әдебиеті кітапханасына» енді.

1945 жылы, Абайдың 100 жылдығы аясында М.Әуезов «Абай» операсының либреттосын, «Абай әндері» көркем фильмінің сценарийін жазды. 1949 жылы эпопеяның алғашқы кітабы – «Абай» романы КСРО Мемлекеттік сыйлығымен марапатталып, 1959 жылы «Абай жолы» кітабы Лениндік сыйлыққа ие болды.

Сонымен қатар, М.Әуезовтің әңгімесі негізінде 1973 жылы Т.Океев режиссері түсірген «Көксерек» фильмі КСРО-дан «Оскар» сыйлығына ұсынылды.

Мұхтар Әуезов өзінің шығармашылық еңбектерімен қазақ стилін қалыптастырған өзіндік мектептің қалыптасуы мен дамуына ықпал еткен алғашқы әдебиетші болды. Оның арқасында Н. Гогольдің «Ревизор», У.Шекспирдің «Асауға тұсау», К.Треневтің «Любовь Яровая» пьесалары сияқты классикалық әлемдік әдебиеттің жауһарлары қазақ тіліне аударылып, жұртшылыққа қолжетімді болды. М. Әуезовтің шығармалары бірнеше рет қайта басылып, әлемнің көптеген тілдеріне аударылды.

Мұхтар Әуезовтің есімімен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің әдебиет және өнер институты, Қазақ академиялық драма театры, Алматы, Нұр-Сұлтан, Семей қалаларындағы көшелер мен мектептер аталды.

Жазушыға республиканың барлық өңірлерінде ескерткіштер орнатылған. Қазақ телевизиясы ұлы жазушы туралы 12 сериялы деректі фильм түсірді (авторы Ә.Тойбаева).

М.Әуезовтің туғанына 100 жыл толуы ЮНЕСКО шешімімен 1997 жылы дүние жүзінде аталып өтті.

Мұхтар Әуезов әлемі-өткені мен болашағын, тарихын қазіргі заманмен байланыстыратын алтын көпір. Әуезовтің арқасында әлем тек Абай туралы ғана емес, қазақ тілінің шұрайы, халқымыздың бай тарихы, ұлттық құндылықтары, сан ғасырлық сын-тегеуріндердің өшпес рухы туралы да білді. «Абай жолы» біздің бағыттаушы жұлдызымызға айналғандай, біз де Мұхтар жолын өскелең ұрпақ үшін даналықтың үлгісі етуіміз керек.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button