Жаңалық

Мультфильм – үлкен идеологиялық құрал

Жақында Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Ұлттық рухани жаңғыру» Ұлттық жобасының негізгі бағыттары таныстырылды. Брифингке қатысқан Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов жобаның екінші бағыты бойынша «Қазақфильм» жанынан Қазақ анимация бірлестігі құрылып, 40-тан астам мультфильм мен қазақша компьютерлік ойындар жасау жоспарланып отырғанын, анимациялық мектептердің ашылатынын айтқан болатын. Осы орайда біз қазақстандық мультипликаторлардың пікірін сұрап білдік.

Жеке шаңырақ керек

Қазақстан анимациялық киностудиялар қауымдастығының жетекшісі, Astana film жастар киностудиясының директоры Жәнібек Нұрбекұлы ұлттық жоба аясында қазақ анимациясын дамыту ісі қолға алынатынын естіп қуанды. Оның айтуынша, бұл мультипликаторлардың көптен бері көтеріп келе жатқан мәселесі. Сондықтан да бірнеше талаптар ескерусіз қалмағанын қалайды.

«Ең алдымен, бұл орталықтың даму бағдарламасы дұрыс жасалса екен деп тілейміз. Орын мен техникалық мүмкіндіктерді ескерсек әзірге «Қазақфильмнің» жанынан ашылғаны дұрыс. Бірақ түбі бөлек шаңырақ болып шығуы керек. Сонда ғана дербес шығармашылық орталық ретінде дамуға мүмкіндік туады. Жылына шығарылатын мультфильмдерге ашық конкурстар жарияланып, конкурсқа қатысқан сценарийлерді қарауға, қадағалауға білікті мамандардан құрылған комиссия жұмыс істегені жөн», дейді Жәнібек Нұрбекұлы.

Бүгінде 11 анимациялық киностудияның басын қосқан қауымдастықтың нәтижелі жұмыстары да жоқ емес. «Қазақстанда анимация өнері дамып, халықаралық деңгейге талпынып келеді. Оған дәлел – біздің қауымдастықтағы киностудиялар мен жекелеген мамандар Америкаға, Белоруссияға, Еуропа елдеріне арнайы тапсырыстармен жұмыс істеп жатыр. Халықаралық конкурстардан, кинофестивальдардан жүлде алып жатқан фильмдеріміз біздегі анимациялық фильм сапасының көтерлгенін көрсетсе керек», дейді ол.

Жүйелі өндіріс болғанда ғана қазақ мультипликациясын дамытуға болатынын айтқан Ańyz film киностудиясының директоры, режиссер Тұрдыбек Майдан: «Анимация өз алдына бөлек шаңырақ болуы керектігі кешелі-бүгін ғана айтылған жоқ, бұны біз біраз жылдардан бері көтеріп келеміз. Бізде, көбінесе, «Қазақфильмге» қаржы бөлініп, одан асқан бюджетке ғана мультфильмдер жасалатын. Кей жылдары анимацияда өндіріссіз отырып қалған кездер болды. Мұндай жағдайда қалыптасып келе жатқан мамандардан айырылып қаласың. Яғни олар басқа салаға кетеді, санасында «анимация – тұрақсыз жұмыс» деген түсінік қалыптасады. Тоқтаусыз өндіріс, тұрақты жұмыс мамандарды шынықтырады, осы салаға қызығып келген мамандарға үлкен үміт сыйлайды. Мысалы, көрші елдердің тәжірибесін қарайтын болсақ, бір елде осындай бірлестіктен бірнешеуі бар. Көрші Қытай жылына 3 мың сағаттық анимациялық фильм өндіреді екен. Жапонияда мультипликациядан мемлекетке түсетін кіріс Германияның машинадан түсетін кірісінен жоғары деп айтылады. Оларда әлемге шығып жатқан 800 сериаға дейін баратын мультфильмдер бар. Мұның барлығы осындай жүйелі өндірістің жолға қойылуынан болып отыр. Бізде де осындай жүйелі, бір неше жылға бағдарламасы жасалған, нағыз мамандардан құралған жеке ұйымның болғаны өте маңызды», деді.

ARA studios анимациялық студиясының режиссері Мейіржан Сандыбайдың ойынша, бүгінгі технологияның талабы мүлде басқа болғандықтан бірлестіктің «Қазақфильмнің» жанынан құрылғанын дұрыс деп есептемейді. «Бұл салаға жаңа, заманауи, қазіргі технологияның тілін жақсы білетін, өндіріске керек құралдарды игерген мамандар жұмылдырылуы тиіс», дейді ол.

Сапалы білім берілуі тиіс

Бұл салада ең алдымен білім беруге өте көп көңіл бөлінуі керек екенін айтқан режиссер Мейіржан Сандыбай: «Оқу орындарындағы ұстаздардың біліктілігін жоғарылату немесе сабақты осы саланың қайнаған ошағында жүрген кәсіби мамандар беруі керек. Сонда ғана елімізде сапалы өнім ұсына алатын мамандар көбейеді, балаларымыз өзге ұлттың мәдениетіне жалтақтамай өседі», дейді.

Бұл салада маман тапшылығы әлі де бар екенін айтқан Тұрдыбек Майдан: «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас» дейді ғой. Осы саладағы мамандардың аздығы өндіріске және оның сапасына әсер етіп отыр. Сондықтан маман тәрбиелеу, оларды жұмыспен қамту өте маңызды мәселе. Біздің студиямыздың өзінде қаншама оқушыны тәрбиелеп, жұмыспен қамтуға тырыстық. Қазір Balapan арнасында да осы анимация саласына көбірек мән беріліп, өндіріс болып жатыр. Бірақ ол жақтағы берілетін уақыт пен қаржы анимацияның сапасын көтеруге жетіңкіремейді. Бүгінде қазақ балаларының талғамы өте жоғары. Өйткені олар интернеттен әлемнің фильмін көріп отыр. Walt Disney-дің, Жапонияның фильмдерін көріп отырған балалардың талғамынан шығу үшін бізге жақсы мамандар керек. Біз, әрине, әлемді таң қалдыратын, түрік әлеміне шығатын, қазақ көрерменінің көзайымына айналатын дүние жасау үшін оқу мен өндіріс қатар жүруі тиіс», дейді.

Режиссердың айтуынша, анимацияның ұлтқа, ұрпақ тәрбиесіне берері мол.  «Біріншіден, мультипликация – балаларды патриоттық бағытта тәрбиелейтін үлкен идеологиялық құрал.  Атам қазақ «ел болам десең бесігіңді түзе» десе, бүгінде ол «ел болам десең экраныңды түзе» дейтін заманға ауысқан. Анимациялық фильм балалардың ермегі деп қарайтын кезден өттік», деген Тұрдыбек Майдан қазақша компьютерлік ойындарды дайындаудың маңыздылығын да атап өтті.

«Бүгінде біздің балаларымыз шетелдің идеологиясына құрылған қаншама ойындарды ойнап жатыр. Мысалы, «мен Макс деген персонаж кейіпкер сатып алдым, ойында өйттім, бөйттім» дегенді өз балаларымыздың аузынан естіп қаламыз. Осы негізде біз неге хандық жүйедегі ойындарды жасамасқа?! «Мен Қабанбай, Раймыбек, Ер Жәнібек деген батырды сатып алып ойнап жатырмын» деген кезге жеткенде ғана біз генетикамызға толыққанды рухани жаңғыруды енгізе аламыз», дейді ол.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button