Жаңалық Редакция таңдауы

Бүгін - Мұқағали Мақатаевтың туғанына 93 жыл

Фото: ашық дереккөзден алынды

Бүгін қазақ поэзиясына ерекше серпін әкелген ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 93 жыл толды. Осы орайда Ruh.kz қазақ халқының ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың өмірбаянын ұсынады.

Мұқағали Мақатаев есімі бүгінде бар қазаққа мәшһүр. Заман өзгерсе де, оның өлеңдеріне халқымыздың көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын көркемділігімен, бейнелілігімен, мағына дәлдігімен және эстетикалық жағынан әсерлілігімен ерекшеленетін өлеңдері бұрынғыдан да ауқымы кеңейе, жанына поэзияны, прозаны серік еткен жас таланттардың жүрегінен орын ала білді.

Кей адамдарды оның шын шабыттан, қиын күйзеліс пен шын қуаныштан, шын сағыныштан туған поэзиясы баураса, өзгелерін кішкентай бала кезінен бастап қаншама қиыншылық көрсе де, мойымай өлең –жырға әуес болғаны шабыттай тамсандырады. Алғашқы өлеңдерін он-он бір жасынан бастап жаза бастаған Мұқағали атамыз көптеген тақырыптарға қалам сермеген ақиық ақындардың біріне айналды.

Қазақ поэзиясының мұзбалағы Мұқағали Мақатаев 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысының қазіргі Райымбек ауданындағы Қарасаз ауылында дүниеге келді. Қарасаздың сұлулығы Мұқағалидың ақындық талантының қайнар көзі болды.

Ақынның туған күні жөнінде екі түрлі ақпарат бар. Алайда құжат бойынша ақынның туған күні 9 ақпанда тойланады. Ал ақынның анасы Нағиман апа ол туралы былай деген:

«Мұқағалиым 1931 жылы 8 наурызда дүниеге келген болатын. Жаңылысуым мүмкін емес. Себебі балам мынау фәнидің есігін ашқаннан біраз уақыт кейін Наурыз тойы болады, наурыз көже жасаймыз деп күтіп отырғанбыз».

Ақынның азан шақырып қойылған есімі – Мұхаммедқали.

Ол – үйдің тұңғышы, артынан бір қарындасы мен үш інісі туған.

Ақынның балалық шағы соғыспен қатар өткендіктен, ақын тағдырдың ащы дәмін ерте татады. Оның әкесі Сүлеймен 1941ж Калиниград майданында қаза табады.

Мұқағали Мақатаев үш жоғары оқу орнына қабылданады. Алғашында ҚазМУ-дің филология факультетіне, содан кейін шет тілдер институтына, артынша ҚазМУ-дің заң факультетіне оқуға түседі. Ал Жазушылар одағының жолдамасымен 1973 жылы Мәскеудің М.Горкий атындағы Әдебиет институтының студенті атанады.

Өзінің өмірлік жары Лашынға ақын 18 жасында үйленеді. Алғашқы лирикалық өлеңдері осы кезде жазыла бастаса керек.

Ақынның тағдыры оңай болмаған. Оның тұңғыш қызы Ләззат өмірден озады, кейіннен сүйікті қызы Майгүл де көлік апатынан қаза табады. Мұзбалақ ақынның қыздарына арнаған өлеңдері қазақ әдебиетінің классикалық туындыларының қатарында.

Ақиық ақын «Социалистік Қазақстан» газетінің, «Мәдениет және тұрмыс», «Жұлдыз» журналдарының редакциясында, Қазақстан Жазушылар одағында қызмет атқарды.

Ақын поэзиясының қайнар көзі, шабыт тұғыры – туған елі, өскен жері, замана тынысы. Оның «Қарлығашым, келдің бе?», «Дариға жүрек», «Аққулар ұйықтағанда», «Шуағым менің», «Соғады жүрек», «Шолпан» және т.б. жыр жинақтары, сондай-ақ, «Қош, махаббат!» атты прозалық кітаптары бар.

Ақын өлең жолдарының мағыналары, оның қызметтері бір-бірімен жымдасып, біртұтас күйге енуі бүгінгінің де жастарын ерекше тербеліске бөлейтіні хақ. Себебі ақынның әр өлеңінде,әр шумағында бүкпесіз, ақжарқын көңілмен сазды сыр бейнеленген.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button