МҰРАТ МӨҢКЕҰЛЫ КЕСЕНЕСІ
Ақын Мұрат Мөңкеұлының жерленген жері Атырау облысы Индер ауданы Жарсуат ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 3 шақырым жерде орналасқан. Қазіргі таңда жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің бірі болып табылады. 1993 жылы қабір үстіне күмбезді мазар тұрғызылған. Кесененің іргетасы – біртұтас бетон. Қабырғасы ақ ұлутаспен қапталған. Мұнда 2005 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Мұрат Мөңкеұлы (1843-1906) – айтыскер ақын, жырау. Қазақ әдебиеті тарихындағы айтулы тұлғалардың бірі, «Зар заман» ақындарының ішіндегі аса белді өкілі. Жас шағында белгілі Есет шешеннен өнеге алады, батырлар жырын жатқа біліп өседі. Қазақ поэзиясындағы аса құнды «Үш қиян», «Өлім», «Сарыарқа», «Қыз», «Арғымақ сыйлап не керек?», «Аттан сұлу болар ма?», «Жалғаншы фәни жалғанда», т.б. көлемді шығармалардың авторы.
Мұрат Мөңкеұлы есімі әдебиет тарихында айтыс өнерінің асқан шебері ретінде ғана емес, сондай-ақ үлкен эпик ақын ретінде де қалды. Ол 17 жасында Жылқышы ақынмен, 20 жасында Бала Оразбен жиырма бесінде Жаскелең, Жантолы, Шолпан, Тыныштық сынды ақындармен айтысып, шаң қаптырған жеңімпаз атанады. Өжет мінезі, қағытпаға жүйріктігі, тапқырлығымен ерекшеленген Мөңкеұлы әрдайым биіктерден көрінді.
Мұрат Мөңкеұлы елінің тәуелсіздігін аңсап, бодандыққа қарсы жыр толғады. Ата қонысының отарлаушы талауына түскеніне налыған ақын өзі туып өскен даланың кешегі күнін сағынышпен еске алған. Оның «Әуелі жеңіп орыс Еділді алды, Сарытау, Аштарханның жерін алды. Тәмамы су мен нуды орыс ұстап, Қазақтың мұнан жұтап шалынғаны», «Қазақтың жер-мұрасы», «Кең қоныс қайдан іздеп таптырады?» деген жыр жолдары ақынның отаншылдық рухына дәлел болады.
Сыпыра жырау, Асан қайғы, Қазтуған, Жиембет, Шалкиіз және тағы басқа да тарихи тұлғалардың шығармалары бізге Мұрат ақынның айтуымен жетті. Әсіресе Махамбет өлеңдерін жеткізудегі еңбегі ерекше.
Сілтеме: http://www.kieliqazaqstan.kz/ru/attraction/view?id=28