Жаңалық Редакция таңдауы

Мусин: 2023 жылы онлайн режимінде 50 млн қызмет көрсетілді

Фото: Цифрлық даму министрлігі

Digital Almaty 2024 форумы аясында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің қатысуымен «GovTech X: мемлекеттік басқаруды жаңғыртуға арналған цифрлық құралдар» тақырыбында панельдік сессия өтті. 

Панельдік сессияға спикерлер ретінде Ресей Федерациясының Цифрлық даму, байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрі Мақсұт Шадаев, Қырғыз Республикасының Цифрлық даму министрі Нұрия Кутнаева және Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов қатысты.

Министр Бағдат Мусин электронды үкіметті енгізу көрсеткіштері жылдан жылға артып келе жатқанын, осылайша 2023 жылы онлайн режимінде 50 млн қызмет көрсетіліп, қызметтердің 92%-ы азаматтарға үйден шықпай-ақ қолжетімді болғанын мәлімдеді. Еліміз БҰҰ рейтингінде онлайн қызмет көрсету бойынша 8-орынды, ал «электронды үкіметті» дамыту бойынша 28-орынды иемдегенін атап өтті.

Қазір бізде электрондық үкіметтің орасан зор экожүйесі қалыптасты, оған мемлекеттік порталдармен қатар, банктік қосымшалар еніп, басқа да сервистер мен стартаптар кіре бастады. Біз мемлекет ретінде өнімдер мен қызметтерді құруға арналған көптеген құрал түрін ұсынамыз. Govtech бойынша көшбасшылардың бірі ретінде өз құзыреттерімізбен, тіпті дайын өнімдерімізбен бөлісу жауапкершілігіне иеміз. Мәселен, 2023 жылы Тәжікстан Республикасына 3 жүйе берілді. Олар: CPU, Smart Bridge, GOV.kz. Біз табысты және дәлелденген өнімдерді серіктес елдерімізге қайтарымсыз ұсынамыз, – деді Бағдат Мусин.

Сондай-ақ Цифрлық даму министрі өз сөзінде ең танымал 45 сервис пен мемлекеттік қызмет қазақстандықтарға екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы қолжетімді екенін атап өтті. Мәселен, олардың ішіндегі ең танымалдары – автокөлікті онлайн сату. Оның айтуынша, егер бұрын мәмілелердің шамамен 10%-ы ғана онлайн өтсе, мемлекеттік қызметке реинжиниринг жүргізіліп, оны банктердің қосымшаларына шығарғаннан кейін онлайн сатылымдардың үлесі 75%-ға дейін өскен.

Ол мұндай жетістіктерге Қазақстанның электрондық үкіметінің негізгі компоненттері нәтижесінде қол жеткізілгенін айтты. Олар: Smart Bridge интеграциялық платформасы (бизнеске жаңа өнімдер мен сервистер құруға мүмкіндік беретін мемлекеттік сервистерге бизнесті 1700-ден астам қосу), Smart Data Ukimet (деректерді айқас талдау және басқару шешімдерін қабылдауды қолдауға арналған кеңістік), GOV.kz (еліміздің бірегейленген стандарт бойынша жұмыс істейтін барлық мемлекеттік органдары сайттарының бірыңғай платформасы), Е-нотариат (цифрлық нотариат), Е-өтініш (халық үніне құлақ асатын мемлекеттің қағидаттары), Е-денсаулық (өз медициналық деректеріңе қол жеткізу) және Е-салық (салық әмияны).

Бұл қызметтердің барлығы Egov superapp-та қолжетімді. Олар – 850 сервис, қағаз нұсқаны алмастыратын 31 цифрлық құжат, мемлекеттік сервистердің маркетплейсі. 

Енді біз қолданыстағы барлық компонентті бірыңғай GovTech платформасы KazTech-ке біріктіреміз. Онда ашық регламенттер мен ережелер болады,– деп қорытындылады сөзін Бағдат Мусин.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button