Жаңалық

Музыкаға қаншалықты жақынсыз?

Музыка қай заманда болмасын адам өмірінде маңызды рөл ойнайтыны белгілі. Оның үстіне қай қазақтың болмасын ұлттық ән мен күйге келгенде арқасы қозып та тұратыны бар. Мысалы, Құрманғазының денені шымырлатып, жігерлендіретін күйлерін тыңдағанда ерекше бір сезімге бөленетініңіз рас емес пе? Кеңестік кезеңде шықса да Шәмші әндері әр қазақты осы күнге дейін әуенімен әлдилеп жүр ғой.

Қазақтың атақты композиторы Ахмет Жұбанов «Мәдениет және тұрмыс» журналының 1959 жылғы тамыз айындағы 8-ші нөміріне шыққан «Жақсы ән мен тәтті күй» атты мақаласында музыкалық білімі жоқ адам да оны меңгеріп кететінін айтқан екен.

«Тек домбыра, қобызда ойналатын музыка ғана емес, басқа европалық аспаптарда ойналатын музыкаларды түсінетін болу керек. Ол қиынға да соқпайды. «Оқу ойдан артық па?» деген нақыл босқа айтылмаған. Бұл жөнінде біздің бірінші беретін кеңесіміз – нота сабағын үйрену. Ол жалпы хат танудан қиын емес. Қазақтың әліппесінде қырықтан аса әріп болса, нотада не бары жеті ғана таңба бар. Оларды пианино, баян, домбыра, қобыз, скрипка арқылы үйренуге болады. Осы кезде бұл саналған аспаптарда ойнамайтын адам ауылда сирек кездеседі» деген жолдарды осы мақаладан оқыған кезде бұрындары халық музыкаға керемет жақын болған екен деген ойда қаласыз.

«Біреулер «мен музыканы жақсы естімеймін, менің слухым нашар» деп өздерін өздері кемітеді. Тіпті музыка есітпейтін кісі болмайды. Біреулерде слух әуелден жақсы дамыған болып келеді. Біреулерде алғашқыда нашар болады, көмескі болып келеді. Бірақ оны дамытуға болады. Ол үшін музыканы көп тыңдау керек және сол тыңдаған музыканы қайтадан айтып дағдылану керек. Түгел айту  қиын болса, бөлшектеп қайталап үйрену керек. Бұл слухтың дамуына үлкен жәрдем етеді. Кейбір қиын болған кезеңдерде аспаптың жәрдемі де тиеді. Қандай аспапта ойнай алатын болсаңыз, сол аспапта есіткен музыканы тартып көру керек. Бірақ соның өзінде де үнемі дауысты қосып отыру қажет» деген ұлы композитордың пікірін оқыған адамда әнші немесе күйші болмаса да музыкаға деген құлшыныс пайда болатын сияқты.

Әнмен қатар күй турасында да Ахмет Жұбанов мынадай тартымды ой айтады. «Күйлерде жаратылыс, адам, жануар дыбыстарына еліктеу, бейнелеу кезеңдері болады. Ондай күйлерді орындағанда күйші өзі түсіндіреді. Мысалы, «Бұлбұл», «Аққу», «Қасқырдың ұлығаны», «Бөгелек», «Алты қаз» және тағы басқа. Кей күйлерде легендалық, тарихи желілер болады («Ақсақ құлан», «Балжыңкер», «Шыңырау күй», «Жетім бала», «Он алтыншы жыл», «Еркіндік» т. т.). Кей күйлерде адам сөйлегендсй «сөздер» естіліп отырады («Аман бол шешем, аман бол», «Құй молдаң бол, қожаң бол, бәріңе де бір өлім», «Бекер келдім», «Тоғыз тарау Кертолғау» т. т.)

Би күйлерінде аяқтың басу ырғағы анық беріліп отырады. Бұл айтылып отырған күйлердің сыртқы жақтары. Ал кең сюжетті күйлердің мазмұндарын тыңдап немесе оқып алып тыңдағанда, олар Абай айтқандай «Ақылдының сөзіндей ойлы күйді, Тыңдағанда көңілдің өсері бар» дегендей болып шығады. Әрине, жеке ән мен күйді тыңдау, түсіну аса қиынға соқпайды».

Осылайша музыка әлемінің білгірі қоғамдағы әрбір қарапайым адамды өнерге тарта сөйлейді. Қандай коммунистік идеология болып тұрса да, ұлттық өнерді өз кезегінде жарнамалап, барынша насихаттауға тырысқан. «Қысқасы, бос уақытты музыка өнеріне беремін дегендер халық университеттері, радио арқылы өэ беттерімен музыка білімін алуына болады. Музыкадан сауаттанған адам тек құлағымен есіткенді ғана үйренбей, қағазға түскен музыка шығармаларының бәрін де өзі үйіне алып келіп, ойнап кете беруіне болады» деген ой тастайды. Ал, бұған қазіргі кездегі интернеттің мүмкіндіктерін қоссаңыз, тіптен оңай болады. Кез келген кәсіпті немесе өнерді үйренемін деушілерге қазір алуан түрлі бейнесабақтарды пайдалануға болады.

Ахмет Жұбанов журналдағы мақаласын «Бұрын көркемөнер шеберлері бір топ қана болып, халық тек тыңдаушы бағалаушы болушы еді. Енді «Искусство бүкіл халық мүлкі» болуға айналды. Музыка, театр, бейнелеу өнерлері бүкіл халық арасына жайылып, халық мүлкіне айналып кететін күн алыс та емес. Сол күнді жақындату  талпыну, талаптану арқылы болады» деп түйіндейді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button