Мысырда әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған конференция өтті
Қазақстан Елшілігі Әл-Азхар аш-Шарифтің Ислам ғылым Академиясымен бірлесе отырып, «Екінші Ұстаз Әбу Насыр әл-Фарабидің Ислам өркениетін дамытуға қосқан үлесі» атты халықаралық конференциясын өткізді деп хабарлайды Ruh.kz порталы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Конференцияның ашылу салтанатында мысыр тарапынан Әл-Әзхар шейхінің орынбасары доктор Мұхаммед әд-Дуини, Ислам ғылым Академиясының Бас хатшысы доктор Назыр Мұхаммед Ғияд Әмір және Әл-Әзхар университетінің ректоры Мұхаммед Хусейн әл-Махрасауи баяндамалар жасаса, қазақ тарапынан белгілі фарабитанушы-ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлі, Қазақстан мұсылмандары діни басқарманың Төрағасы – Мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Елші Қайрат Лама Шариф сөз сөйледі. Сондай-ақ әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеттің ректоры Жансейіт Түймебаев конференция қатысушыларға алғы сөзін онлайн түрінде жолдады.
Екі күнге созылған конференцияда қазақ және мысырлық зерттеуші ғалымдар Әбу Насыр әл-Фарабидің философия, саяси ғылымдар, метафизика, тілтану, психология, медицина, музыка ілімдерге қосқан үлесі туралы жан-жақты талдау жасады. Жақын арада Әбу Насыр әл-Фарабиді ұлықтауға арналған ғылыми конференцияның материалдары арнайы кітап болып жарыққа шығады.
Сонымен қатар Қазақстанның Египеттегі Елшілігінде «Әл-Фараби ізімен» атты сурет көрмесі өтті. Мысырлық зиялы қауым өкілдері Отырарлық суретші Әділхан Мәлік пен Қазақстан суретшілер Одағының мүшесі, Көркемсурет Академиясының академигі Мүсәпір Жанұзақтың Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірін баяндайтын туындыларын тамашалады.