Н. Жолдыбалинов: Әдеби туынды үзіндісін шығарып беретін терминал іске қосылады
«Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының «100 жаңа есім» жобасы қаншама азаматты көпке танытты. Жастарға да, жасамысқа да мотивация берді. Енді, міне жыл сайын еліне еңбек сіңірген жастарды насихаттау ісі басталды.
Өткен жылы осы жоба аясында жеңімпаз атанып, Мемлекет басшысымен кездескен «жаңа есімдер» қатарында Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапхана басшысының ақпараттық ресурстар жөніндегі орынбасары, Қазақстандық Ұлттық электронды кітапханасы жобасын әзірлеуге қатысқан жас IT мамандардың бірі – Нұржан Жолдыбалинов еді. Ақпараттану және кітапхана саласын біріктіріп, өзінің талабына сай үйлестіре білген Нұржан Нұрланұлымен кездесіп, кітапхана, қазіргі кітапхананың цифрлық жүйеге көшу барысы хақында әңгімелесіп едік.
ІТ маман әрі кітапханашы Нұржан Жолдыбалинов
Ruh.kz: Нұржан Нұрланұлы, қайырлы күн! Республикамыздың Ұлттық кітапханасының қызметкері болғаннан соң, заңды сұрақ туындайды: сіз кітап оқисыз ба?
Нұржан Нұрланұлы: Қайырлы күн! Кітапхана қызметкері бола тұра әдеби кітаптарды, классиктердің шығармаларын, соңғы уақытта оқуға қолым тимей жүр. Орны толмас олқылықты толтыру үшін IT саласында жарық көрген әдебиеттерді оқимын. Сонымен қатар, үйімде ұлттық кітапхананың шағын үлгісі бар.
Ruh.kz: Қазіргі заман жастары кітап оқымайды деген пікірлер қоғамда жиі айтылады. Осы пікірлермен келісесіз бе?
Нұржан Нұрланұлы: Келісемін. Өйткені, кітап пен газет-журналдар оқу тенденциясы біртіндеп қалып барады. Оның орнын жаңа технологиялар эрасы жайғасты. Электронды қондырғыларға әдеби туындыларды, классикалық шығармаларды, ертегілерді және тағысын тағы кітаптар көшті. Гаджеттердің қолжетімді болуы оқырмандарды классикалық үлгідегі кітаптардан алшақтатты деуге де болады. Екі дәуірдің кітаптары кітапхана әлеміне сыя алады ма? Әлде, бірін бірі ығыстырады ма? Ол – уақыт еншісінде.
Ruh.kz: Аудиокітаптар туралы не айтар едіңіз?
Нұржан Нұрланұлы: Аудиокітаптар жаңа заманның тенденциясына айналып келеді. Үлкен қалаларда уақыт зымырап өтеді. Уақыттың ұшынан ұстап алып, оны тиімді пайдалану үшін кітаптардың цифрланған форматы біздің қоғамға енді. Біздің кітапхана да бұл жаңашылдықтан сырт кетпей, қорымызда бар халық ертегілерін, поэзия мен әңгімелерді аудиоформатқа түсірді. Бұл жоба еліміздің тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жасалды. Әрине, аудио форматта кітап-журналдарды шығарып жатқан мекемелердің саны көп, алайда олардың сапасы сын көтермейді. Ал біздің мақсат, әлемнің ең танымал кітапханаларының тәжірибесін негізге ала отырып, өзіміздің аудиоқорымызды жасақтау еді. Аудиоқор құралып, жасалуда. Уақыт өткен сайын жаңа аудиокітаптарға толығуда. Қазіргі күні аудиокітаптарды жай ғана оқып беру емес, визуальды 3D форматта дыбыстау жоспары бар. Кітаптарды дыбыстау арқылы жеткіншек бала ертегіні тыңдап, көз алдына тұлпардың шабысын, қыран құстың қанат қағуын, судың сылдырын елестете алатын болады. Алғашқы болып, Дария Жұмагелдиновамен және Баянғали Әлімжановтың кітаптарын дыбыстау бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Екеудің қызыққа толы әңгімесі.
Ел үміті Н. Жолдыбалинов пен журналист Бибігүл Бөкенбайқызы
Ruh.kz: Кітаптарды дыбыстау жұмыстарына тек кәсіби мамандарды шақырасыз ба немесе қарапайым оқырмандармен де жұмыс жасайсыз ба?
Нұржан Нұрланұлы: Кәсіби мамандармен қатар, барлық қызығушылық танытқан азаматтарды бізбен жұмыс істеуге шақырамыз. Ең басты критерий – дикцияның болуы. Жануарлардың, табиғат құбылыстарының және бірнеше кейіпкердің дауысын келтіре алуы міндет.
Ruh.kz: Ұлттық кітапхананың аудиокітаптар жобасы жақсы бастама. Алайда, жобаны халыққа қолжетімді ету керек сияқты…
Нұржан Нұрланұлы: Дұрыс айтасыз. Аудио кітаптарды кітапханамыздың интернет сайтына біртіндеп орналастырып жатырмыз. Яғни, тыңдармандар аудиоларды сайттан тегін жүктей алатын болады. Кітап авторлары көп жағдайда өзінің шығармасын сайттан толық жүктеп алуына қарсы. Себебі, авторлық құқық бар. Кітапхана ұжымы авторлармен келіссөздер жүргізуде. Әлемдік практика көрсеткендей, халық арасында жүктелімі көп авторлардың танымалдылығы да жоғары болады. Бастамамыз ақырындап алға жылжып келеді. Ашық жариялауға рұқсат етілген кітаптар аудио және epub форматта болады. Бұл дегеніміз – цифрланған кітаптар болашақта латын қаріпіне бағдарламаның көмегімен оңай аударылатын болады. Жалпы, электронды форматтағы кітаптармен қатар электронды оқулықтар ұғымы қатар жүруі қажет сияқты. Жақын болашақта бұндай оқулықтар мектеп қабырғаларына еніп, оқушылар мен мұғалімдердің өмірлерін айтарлықтай жеңілдететіні рас. Оқушылар сөмкесінің салмағы да айтарлықтай жеңілдейді.
Ruh.kz: Жақын болашақтан бүгінгі күнге келсек, қазіргі күні кітап әлемінің бір проблемасы, қалтасы көтеретін адам жазушы болмаса да, өз өмірбаянын немесе ақыл-кеңестерін кітап етіп басып шығарып жатады. Ал, бұл кітаптар оқылмайды, сатып алынбайды. Сонда кітаптың шығарылуына кеткен табиғи материал рәсуа болады.
Нұржан Нұрланұлы: Қоғамда бұл проблема бар. Келісемін. Менің айтарым, бұндай «жазушылар» өз кітаптарын электронды түрде шығарып, өз интернет сайттарына немесе электронды кітапханаларға өткізссе дұрыс болар еді. Сонда табиғат та зардап шекпейді, «жазушының» да көңілі тоқ.
Ruh.kz:Нұржан Нұрланұлы, өзіңіздің жоспарларыңызбен бөліссеңіз.
Идея деген бір қызық
Нұржан Нұрланұлы: Менің көп жоспарларымның бірі – шығармалардың үзіндісін оқырманға шығарып бере алатын терминалды жасау. Бұл терминал пилоттық жоба ретінде жасалды. Бір-екі айдың көлемінде алғашқы нұсқасы халыққа ұсынылатын болады. Терминалдың негізгі қызметі: халық көп шоғырланатын жерлерде (теміржол вокзалы, әуежай, халыққа қызмет көрсету орталықтары, т.б.) адамдар телефондарға телміріп отырғаннан гөрі, біздің терминалдың кнопкасын басу арқылы белгілі бір шығармалардың үзінділерін ала алады. Оқырман қолға алған шығарманың үзіндісін оқи отырып, мысалы ауруханадағы кезегі келгенше дейін уақытын тиімді өткізе алады. Бұл терминал екінші деңгейлі банктердің терминалдары іспеттес. Тек, чектің орнына қолыңызға әдеби туындының үзіндісін ала алады. Халықты кітап оқуға насихаттау игі існе байланысты жобамыз қолдау табады деген ойдамыз.
Ruh.kz: Бұл идея ойыңызға қалай келді?
Нұржан Нұрланұлы: Қызмет бабымен шет елге іссапарға аттанғанмын. Сапарым аяқталып, әуежайда ұшағымды бірнеше сағат күткен кезімде осындай бір қызық идея келе қалды. Сол сәтте кітап оқығым келіп кетті. Өкінішке қарай, жүгімді тапсырып тастадым, ал телефонымның қуаты таусылып қалған еді. Әттеген-ай, сүйікті әңгімемді басып шығара алатын терминал болса ғой, деген ой келді. Әуежайдың күту залында бастау алған креативті идея елге оралған соң, осылай дүниеге келді.
Ruh.kz: Нұржан Нұрланұлы, идеядан бастау алған ерекше жобаңызға сәттілік тілейміз!
Нұржан Нұрланұлы: Рақмет сізге!
Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ,
Ruh.kz