Жаңалық

Нарықты таргеттеу. McLaren мысалы

ruh.kz

Нарықты таргеттеу. McLaren мысалы


  • Автор: Ruh.kz
  • Фото: Фото: ашық дереккөздерден

Компания нарықтағы сегменттерін анықтаған соң олардың біріне не бірнешеуіне ене алады.

Нарықты таргеттеуге әр нарық сегментінің тартымдылығын бағалап кіретін бір не бірнеше сегментті таңдау жатады. Компания тұтынушыларға ең үлкен құндылықты ұсынып, ұзақ уақыт тиімді жұмыс істей алатын сегменттерді таргеттеуі керек.

Компания шектеулі ресурстары аясында бір не бірнеше нақты сегментті не нарық нишаларына қызмет көрсетуді ұйғаруы мүмкін. Мұндай нишалар ірі бәсекелестерді байқамай не елемей кететін тұтынушылар сегментіне қызмет көрсетуге маманданады. Мысалы, өткен жылы McLaren өнімділігі жоғары автокөліктерінің тек 1 653 данасын ғана сатты, бірақ бағасына келсек, 570S моделі 180 000$ тұрады немесе тапсырыспен жасалатын FI моделінің бағасы тіпті ақылға сыймайтын 980 000 доллардан басталады. Нишалардың көбі ерекше емес. Allegiant Air лоукостер әуе компаниясы шағын, еленбейтін нарықтарға және жаңа жолаушыларды таргеттеп, ірі негізгі авиакомпаниялармен тікелей бәсекеге түспейді. Allegiant компаниясы ниша ретінде «басқалар бармайтын бағытта ұшады». Ал шағын стартап DuckDuckGo онлайн іздеу жүйесі алпауыт Google және Microsoft компаниясының Bing іздеу жүйелерінің қасында құпиялықты сақтағысы келетін тұтынушылар арасында танымал болып отыр.

L’Oréal компаниясы сұлулық нарығының басым сегменттеріне және әр сегмент ішіндегі көптеген қосалқы сегментке де қызмет көрсетеді. L’Oréal өзінің негізгі бөлімшелері – L’Oreal Luxe, Consumer Products, Professional Products, Active Cosmetics және Body Shop арқылы ірі сегменттерді таргеттейді. Осы негізгі бөлімшелер аясында L’Oréal жасы, табыс деңгейі мен өмір сүру стилі әртүрлі тұтынушыларға қызмет көрсететін алуан түрлі брендтерді сатады. Мысалы, оның Тұтынушы өнімдері бөлімшесі Garnier, L’Oréal Paris, Maybelline New York, African Beauty Brand, Essie және NYX Professional Make Up сияқты брендтерді сатады. Дәл осылай L’Oreal Luxe (L’Oreal люкс өнімдер) бөлімшесі Lancôme, Giorgio Armani, Urban Decay, Diesel және Ralph Lauren сынды 15 брендті ұсынады.

Көп компания нарыққа бір сегментке қызмет көрсету арқылы енеді, ол сәтті жүрсе, өзге сегменттерді де қосады. Мысалы, Nike компаниясы нағыз желаяқтар үшін жарысқа арналған инновациялық аяқкиімнен бастаған. Сайып келгенде, ірі компаниялар нарықты толық жаулап алуға ұмтылады. Nike компаниясы қазір кез келген және барлық спорт түрлеріне арналған спорт киімдері мен жабдықтарының ауқымды ассортиментін сатады. Ол қызмет көрсететін әр сегменттің қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында әртүрлі өнімдерді жобалайды.

Котлер Филип, Армстронг Гари

«Маркетинг негіздері»,

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған кітап

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button