Жаңалық

#НАУРЫЗ – 2019: АМАЛ КЕЛДІ, АМАН КЕЛДІ!

Бүгін еліміз  Наурыз мейрамын қарсы алып отырған жайы бар. Нақтырақ айтсақ, Наурыздың 14-і Көрісу күні, Амал мереке. Бұл күні қыстан аман-есен шыққан халық бір-бірімен көрісіп, «Жылдан аман шықтың ба?», «Жасың құтты болсын!!!» деген тілектерді шын көңілмен айтады. Амал мерекесі туралы, оның әр отбасында қалай тойланатыны және бұл күннің ерекшелігі туралы ел азаматтарынан сұраған болатынбыз.

 Миров Мұхтар, «Рухани жаңғыру» орталығының директоры (Ақтөбе қ.):

Бұл күн еліміз үшін ерекше мейрам болып саналады. Жыл басы жаңару мезгілі. Ескі тарихқа сүйенетін болсақ, бұл күн мен түннің теңескен күні. Ата-бабамыз ертеде жыл төрт мезгілді тоқсанға бөліп, яғни 90 күннен тұратын жыл мезгілдерін “тоқсан”деп атаған. Соның ішінде  жылдың соңғы мезгілі – қыс  14 – желтоқсанда бастау алса, 13 – наурызда  аяқталған екен. Сондықтан да күнтізбедегі бұл күндер тоқсанның кіруі мен шығуы деп саналған.  Көрісу – өте ерте заманнан бастау алған, бүгінгі күнге дейін жеткен дәстүр. Бала кезімізде ауыл-ауыл болып отырған жұрт жер шалғайлығымен, мал- шаруа жайымен қыс бойы хабарласа алмай,күн қабағын ашқан кезде ағайын-туыстың амандығын білуге асығады. Сонда, амал кірген кезде таңмен таласып тұрып, ас үйге қарай жүгіретін едік. Ас үйде әжеміз үлкен қазанда пісіріп жатқан наурыз көженің иісі мұрын жаратын еді. Әжеміз ақ жаулығын киіп, қолына ағаш ожауын алып, наурыз көжеге дайындалған тағамдарды салып, қыстан қалған сүр етті қосып жіберіп, көжені асатын еді. Біздің үйдің көжесі ауылдағы ең дәмдісі еді. Туған-туыстар, көршілер ең алдымен біздің үйге келетін еді. Үйдің үлкендері төргі бөлмеде, жайылған дастарханның басында құтты қонақтарды қарсы алатын. Ал, біз қашан көрші үйлерге кіргенше асығатын едік. Сондағы бала мақсат, көршінің қазанындағы наурыз көжені кеселерге құйып алып, ішу еді. Солай ауылдағы үйлерді жағалап, наурыздың дәмді тағамдарына тойып алып, үйге қайтушы едік.

Негізі, Батыс өңірінде, соның ішінде киелі Маңғыстау жұрты осы амал мерекесін кеңінен атап өтеді. Сонымен қатар, Ақтөбе мен Атырау облыстарында, іргеде жатқан Астрахань жерінде де аталып өтеді.  Бұл күні ел арасында ерекше бір атмосфера орнайды. Үлкендер шаңыраққа жастарымыз сәлем беруге келеді, көрісу салтын одан әрі жалғастырушы немере-шеберелерін күтеді. Ең алғашқы болып «Құдайы көршімен» көрісу қажет, содан соң кемінде үш үйге кіріп, шаңырақтың үлкендерімен көрісесіз. Өкпе-ренішті ұмыту, егер жақындарыңызды ренжіткен болсаңыз, өткен жылда қалсын қайғы деп көрісу керек. Наурыз көженің иісі үйде бұрқырап, қонақ күтілу керек. Аталар мен ақсақалдар, әкелер мен ағалар, іні-бауырлар, әжелер мен аналар,абысындар мен келіндер, қыз-келіншектер өзара төс қағыстырып, бір-бірлеріне жылы лебіздерін білдіріп, дәстүрдің ұмыт қалмауына зор үлестерін қосады. Соңғы жылдары бұл ерекше күнді еліміздің барлық аймақтарына насихаттау жүргізілуде. Игі іс. Мағынасы терең, берер тәлімі мен тәрбиесі бар. Амал әр жылдары әртүрлі өтеді. Кейбір жылдары қар аралас жаңбыр жауып, оның артынан күн суытқанда, жер бетін көк  мұз басып,көктайғаққа айналады. Күн жарқырап тұрса да, сол мезетте күн райы бұзылып, боран тұрып, төңіректің барлығы көрінбей кетеді. Табиғаттың осындай мінезі әр жолаушыны бағытынан тайдырады, далаға шығарған малы адасуы мүмкін. Сол себепті қазағым “Амалды  амалдап өткіз”” деген. Ежелгі заманнан атажұрттан ажырамай келе жатқан халқымызды ынтымақ пен бірлікке, ізгілік пен қайырымдылыққа үндейтін Әз Наурыз елімізге құт-береке әкелсін деп тілеймін!!!

Ақтөбе қаласының тұрғыны – Жомарт келіні Ардақ:

Біздің батыс өңірінде көрісу Амал мерекесі 14 – наурызда басталады. Бұл күні жасы кішілер таңнан бастап үй аралап үлкендерге сәлем беріп көрісіп, бір-біріне «жасың құтты болсын» деп амал мерекесімен құттықтайды. Амал мерекесі өкпе ренішті ұмытып, төс түйістіріп, қол алысып көрісетін күн. Бала кезімде 14 – наурыз мен үшін ерекше күн болатын.Сол күні ауыл балаларымен үй-үйді аралап, «Жасың құтты болсын» деп, үлкендер берген тәттілерін қалтамызға сыйғыза алмайтынбыз. Әрбір үй наурыз көже асып, дастархан жаятын. Мен үшін бұл күннің ерекшелігі салт-дәстүріміздің сақталуында. Дәл осы күні әр адам өзінен жасы үлкен кісілердің үйіне кіріп амандасып көріседі, барған үйге «бір жасыңызбен» деп жаңа жылға аман-есен аяқ басуымен құттықтайды Мен ес білгелі Амал мейрамы тек батыс өңірі тойлайтынын білдім. Басқа өңілер 22 – наурызда атап өтеді. Мен, әулетке келін болып түскен уақыттан бастап Наурыз мейрамын отбасыммен, ағайын-туыс, бауырларыммен атап өтемін Үйде наурыз көже асып, дастархан жайамын. Бала кезіміде ата-әжемнен естігенім 14 – наурыз «жаңа күн» дегенді білдіреді. Сол күні күн мен түн теңеліп, жыл басы басталады деп отыратын.

Баршаңызға ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Елдің болашағы, кішкентай балапандарымызға бұл күн мұра болып қалу керек. Ол үшін біз, үлкендер аянбай еңбек етуіміз керекпіз. Бабаларымыздан аманат болып қалған күнге, қиянат жасамай келер ұрпаққа жеткізу біздің міндет.

Елімізде бейбітшілік болсын! Қазақ еліне бақыт тілеймін!

Ғалымбек Басшиев, Маңғыстау жерінің тумасы, Астана қаласының тұрғыны: 

Бізде ең бірінші Отпан тауда амал мерекесіне орай  “Бірлік оты” тұтанады.  Үлкендердің, ағайындардың үйлеріне  көрісіуден бастаймыз. Сондай-ақ, әр отбасы көршілерімен көріседі. Бұл күні әр адам міндетті түрде үш үйдің есігін ашуы керек, яғни түске дейін үш үйге кіріп, көрісіп үлгеруі тиіс. «Амал келді, жыл келді!» деп адамдар қол алысып, көріседі.

Үйді-үйді қыдырып жүргенде кішкентай балаларға аналары шағын дорба ұстатып қояды. Балақай қай үйге көрісуге кірсе, сол үйдің дастарханынан ауыз тиіп, бауырсақ, тәттілерден салып алады. Бұл жоралғы жыл бойы балаларымыз тоқ жүрсін, дастарханымыз аралас болсын, қарым-қатынасымызға сызат түспесін деген ниеттен туған. Күн мен түннің теңесетін күні, адамдардың мансабына қарамай кішірейетін, өкпе ренішті кешіретін,бір-біріне жақсылық тілейтін күн.

Тағы да айтатын жайт, Амал мерекесінің ерекшелігі «Көрісу» бір күнмен шектелетін мереке емес, ол наурыздың 14-нен басталып, айдың соңына дейін жалғаса береді. Осы күндері басқа аймақтардағы және шет елдердегі қандастарымыз көп қатысып тұрады. Бала кезімде осы мерекені асыға күтуші едік. Достарымызбен жиналып үй-үйді аралап көрісіп, наурыз көжеден ауыз тиіп шығамыз. Үлкендер батасын беріп, дорбаларымыз тәттілерге толатын еді. Ұлыстың Ұлы күні – Наурызымыз жақсылығымен келсін! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! Еліміздің ауыз біршілігі мол болып, өркендей берсін!

P.S. Қыстан аман шыққан ата-бабамыз бір-бірінің амандығын білу үшін ауыл ауылды аралап, туыстарының, жекжаттарының амандығын біліп, қайта қауышқан. Ал, біріне бірі ренжулі азаматтар төс қағыстырып, бір-бірінен кешірім сұраған. Мәні мен мағынасы терең Амал мерекесі осы күнге жеткені қуантатын жағдай. Көрісумен күнін бастаған ағайынға тек береке мен бірлік тілейміз!

Бибігүл Бөкенбайқызы,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button