#Наурыз- сұхбат: Серік Ерғали: Идеяны Алла Тағала береді
Этнолог, мәдениеттанушы Серік Ерғалимен сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.
Ruh.kz: Серік аға, ұлт тәрбиесіне наурыз мейрамының әсері қандай?
Серік Ерғали: Ұлт тәрбиесі деген сөз тіркесінің қаншалықты дұрыс-бұрыстығын білмеймін. Наурыз – бұл біздің болмыс! Бұның негізінде таным жатыр. Бұны тек қана ұлттың тәрбиесімен шектеуге болмайды. Үлкен, кең нәрсе. Наурыз кемінде 5000-7000 жылдық тарихы бар. Қазіргі танымымыз сол наурызда жатыр. Біздің айтысымыз наурыздан шыққан. Өлі мен тірінің айтысы. Жаз бен қыстың айтысы. Күн мен түннің айтысы деген сияқты айтыстар болған ежелде. Сол рәсімнен қазіргі өнер шығып отыр. Көкпарда содан шығады. Алтыбақан деген ұлттық ойын емес, наурыздың рәсімі. Бір жағына жігіт отырады, бір жағына қыз отырады. Біреуі – күн, біреуі – ай. Соның үйлесімділігі, тербелісі. Оның барлығы наурызға келіп тіреледі. Өйткені, наурызда біздің бүкіл танымның түйіткілі жатыр. Он жылдан астам шапқылап жүруімнің себебі осында жатыр. Сондықтан, наурызды қалпына келтірсек, зерттесек, онда ұлттық келбетіміз түлеп, қайтадан өзімізге-өзіміздің сеніміміз, күш-қайратымыз, қуатымыз нығайып, үлкен мемлекет болуға рухани алғышарт қалыптасады. Рухани жаңғыру дегеніміз осы! Осыдан бастау керек. Мен 2001 жыл – Мәдениет жылынан бастадым биыл 18 жыл болады. Он төртінен бастап халық болып тойлауды қолға алып жатыр. Негізінде мен туған жерде ешқашан 21 – 22 күні күн мен түннің теңелуі дегенді күткен емес. Бізде 14 басталды. Он төрті дегеніңіз – Григориан күнтізбесі бойынша 14 наурыз, Юлиан күнтізбесі бойынша 1 наурыз. Бұл – көктемнің бірінші күні. Мүшелдік жылдың бірінші күні. Доңыз жылының бірінші күні бүгін, бірінші қаңтар емес ешқалай кіреді. Көктемнің бірінші күні. Халық 14-нен бастап мерекелеп, тойлап келді. Ресми түрде Кеңес үкіметінің құрамында болған кезде идеологиялық негіз керек болып күн мен түннің теңесуі деп 21-22-сі қылып жіберді. Соның кесірінен амал күні, көрісу күні деп шатастырып жүрміз. Ал енді мен сізге айтайын бұл күннің теориясы – шығыста, практикасы – батыста. Неге теориясы? Абайдың «Жазғытұры» деген өлеңі бар:
Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,
Көрісіп, күлімдесіп, құшақтасып.
Осында көрісу бар. Шоқан Уалиханов астраномиялық күнтізбені өзінің қолымен сызып кеткен. Сонда жылдың бірінші айы арабша, латынша, орысша жазып кеткен. Март – наурыз деп кетеді. Сосын XVII – ғасырға дейін бүкіл империялар, бүкіл батыс мемлекеттерінің барлығы жаға жылын, жыл басы 1-ші наурыздан басталады. Ол Юлиан күнтізбесі біздің арғы ежелгі мүшелдік күнтізбеден бастау алады. Ол күндік күнтізбеге негізделген. Дүниежүзінде жылдық, айлық, күндік күнтізбе бар. Сондықтан бұл жерде үлкен саясат, тарих, таным жатыр.
Ruh.kz: Енді наурызды 14 күнінен бастап ресми тойлауға бізге не кедергі?
Серік Ерғали: Ресми түрде 14 наурыздың басы деп атау керек. Енді басы ғой, наурыздың басы, бірінші күні ғой. Көрісу деген наурыздың рәсімі, ғұрпы, жоралғысы. Амал деген бүгін міне күн жыл бойына он екі шоқ жұлдызды аралап өтеді. Осы күні тоқты шоқжұлдызындағы амал, хамал деген жарық жұлдызға келіп жақындайды. Сонда жерден қараған жұлдызшаға күн мен амал жұлдызы беттесіп кеткендей көрінеді. Былай айтқанда олар астрономиялық жағдайда көріседі. Міне, осы күні көктем басталады. Күн жылынады. Байқап отырсыз ғой қазір күн қандай шуақты! Қар ериді. Қазір климат өзгерді. Оған көп бағынбайды. Бірақ, бала кезде дәл сондай болатын.
Ruh.kz: Неге қазақ халқы бөрік, тақияны тек наурызда ғана киеді? Әр өзбек тақиясын, әр қырғыз қалпағын күнде киеді. Неге олай?
Серік Ерғали: Бұл – үлкен сұрақ! Себебі, бұл біздің мемлекеттің рухани-мәдени ахуалына байланысты. Өзімізді насихаттай алмай жүрміз. Кері идеология осыдан бір ғасырдан бұрын басталған содан түсіп кеткенбіз, өзімізден-өзіміз ұялып, рухани жағынан қашып жүрміз. Қарапайым ғана мысал, мен жақында шапанның, жадағайдың бір түрін көрдім. Соны қызығып көшеге киіп шыққым келді. Бірақ, бізде текеметтің оюын басады. Айыр қалпақты қырғызға беріп қойды. Ол қазақта да бар еді, екі жағы айыр қалпақ. Сөйтіп біз ненің барын, ненің жоғын білмейміз, өзімізді-өзіміз танымаймыз. Оны қазіргі мірге енгізе алмаймыз. Яғни біздің орашалақтықтан. Оның барлығы ғылым мен өмірдің біте қайнаспауынан. Жергілікті мекемелердің өз қызметтерін орындай алмауынан. Мысалға, менің наурызды он төртінен бастау керек деп айтқаныма кемінде 10 жыл болды. Осыдан 2013 жылы Шымкентте бастадық, әкім алмасқан соң ол қайтадан қалды. Тоғыз күн наурыз фестивалін өткізу туралы енді биыл ғана шамалы-шамалы басталып жатыр. Сегіз-тоғыз күн мерекелеуді мен ойлап тапқан жоқпын. Ол тарихта бар. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының қателеспесем 8-ші томында жазады “Мен әкеммен еріп Бұқараға бардым. Бұқарада Абдолла деген қазақ ханы болған. Сонда бірінен сегізіне дейін мерекеге куә болдым.“ дейді. Бірі деген – он төрті, сегізі деген – жиырма бірі. Дәлел тұр. Одан кейін Ахат Шәкәрімұлы күнделігінде жазады: “Менің әкем наурыз деп бірі мен сегізін айтушы еді. Сонда қазақтар ерекше мерекелейтін еді.” Мен тағы айтамын, шығыста – теориясы, батыста – практикасы. Ол ешқашан үзілген емес. Кеңес үкіметі кезінде наурыз он төрті басталады, жер беті ериді. Біз таңертең шығамыз, үлкен кісілерге сәлем береміз, қарнымыз қампайғанша әр үйден бір-бір кеседен көже ішеміз. Сөйтіп мәз боламыз!
Ruh.kz: Наурызды біз қалай тойлап жүрміз, әншейін мерекелердің бірі ретінде ме, әлде басты мерекелердің бірі ретінде ме? Қадірі, маңызы жағынан тәуелсіздік мейрамы іспеттес көре аламыз ба?
Серік Ерғали: Біріншіден, наурыз түркілік біздің қазақы уақыттың басы. Уақыттың басталу нүктесі. Біз осыны түсіне, түйсіне алмай отырмыз. Осы күнді бүкіл дүниежүзі мойындап, күні кешеге дейін жаңа жылдарын тойлап келді. Қазір біз наурызды мереке ретінде емес, бұны бір еріккен көрініс ретінде ғана, оны фольклорлық, этнографиялық құндылықтармен толтырамыз. Негізінде наурыздың өзінің ғұрыптары, салттары өте-өте көп. Мысалға, бүгін күн мен түннің айтысын, өлі мен тірінің, жаз бен қыстың айтысын жасауға болады. Сол образға кіріп, екі айтыскер мықты айтысуы керек. Бейнелей алуы қажет.
Ruh.kz: Онда неге сол ғұрыптарды тірілте алмай жатырмыз?
Серік Ерғали: Егер маған айтысты берсе, тірілтер едім. Менің қолымда тұрған ештеңе жоқ. Қолында барларының басында ештеңе жоқ. Олар білмейді бұның не екенін. Білмесе де білгендерді шақырып, білуге тырыспайды.
Ruh.kz: Неге Әл-Фараби мен Қаныш Сәтпаевтің арасы 1000 жыл болса да, сола аралықта қазақтан шыққан аты әлемге әйгілі өнертапқыштар, математиктер, техникалық ғалымдар мүлде пайда болған жоқ?
Серік Ерғали: Ол өтірік. Мысалға, Отырардың өзінде 30-дан аса Фараби болған. Фараби деген Отырардың арабша аты ғой. Сода туғандардың барлығы Фараби болған. Олардың бәрі шетінен Ибн Синаның өзі біздің прототүркілік атамыз соның өзі медицинада (медицина – медет + сина) Ибн Синаның медеті, соның беріп кеткен үлгісі дегенді білдіреді. Бүкіл сала бойынша өте көп. Сосын көп нәрсені әлі зертей алмай жатырмыз. Кешегі Ислам ғылымының дамуына түркі ғалымдарының қаншалықты үлесі деген үлкен тақырып бар. Ол жер әлі зерттелген жоқ. Біз оны білмейміз, зерттемеген соң екеуінің арасында дым жоқ дейміз.
Ruh.kz: Неліктен ғасырлар бойы әдетте қазақтар тек қана көбінесе гумантитарлы білімде, өнерде ғана танылды. Жыраулар, жыршылар, ақындар, күйшілер, әншілер, термешілер, әрі кетсе педагог-ұстаздар?
Серік Ерғали: Ол біздің өмір үлгісіне байланысты. Біздің негізгі өмір үлгіміз – көшпелі өмір үлгісі. Көшпелі өмір үлгісі дегеніңіз Тәңірлік танымға негізделген. Тәңір деген аса дін емес, ол мына адам мен табиғаттың, адам мен космостың арасына үйлесімділік өмір салтын жасаған. Табиғатты бұзбаудың жолын. Отырықшы өмір керсінше табиғатты бұзып-жарып, бағындыруға арналған өмір. Ол үшін иновация, техника керек. Бізге керек болмаған. Білесіз бе? Ал бізге бір-ақ иновацияның өзі бүкіл мыңдаған ғасырға жетеді. Тек киіз үйдің өзі. Бізге бір ғана иновацияның өзі жүген, үзеңгінің өзі мыңдаған ғасырларға жетті. Қазіргі қазақ жастары көресіз неше түрліні ойлап шығарады. Потенциалдары өте жоғары. Аса қабілетті. Біздің миымыз мыңдаған жыл бойы пайдаланылмаған, сол күйінде таза тұр. Егер іске қоссақ ертең ол талай дүние жасайды.
Ruh.kz: Іске қоссақ, сонда бізде физик, химик, математиктер көбейе түсе ме?
Серік Ерғали: Ол деген екінің бірі сондай болады! Ғылым дегеніңіз ол адамның ойлап шығаруы емес. Ғарыштан келетін идеяны алу керек. Білесіз бе? Адамның өзі ғылымды ойлап шығара алмайды. Алла Тағала береді идеяны. Түсінесіз бе? Идеяны келеді дейді, мен ойлап шығардым демейді. Екі-үш адамға бірден келеді. Қайсы бұрын жүзеге асырады, сол енгізеді. Менделлев солай түсінде алды. Оған бірден-бір қабілетті халық – біздің халық! Біздің чакра төбені енбек деп атайды, жүрек чакрасын – көкірек деп атайды. Көкірек дегеніміз – “небесный люк” деген сөз. Яғни аспаннан, көктен, Алла Тағаладан келетін ақпаратты, энергияны қабылдаушы.
Ruh.kz: Жастар жылында жастарға не айтасыз, қандай тілегіңіз бар? Не нәрсеге көбірек мән берсін?
Серік Ерғали: Мен қазір жас болсам, өзімнің бір бағытымды аламын да, сол жолға түсіп, содан бір нәтиже шығарамын. Ғылым ба, мәдениет пе, спорт па? Ештеңеге алаңдамай, солай жасау керек. Қазір көптеген жастар түк пайдасы жоқ жоғарғы оқу орындарына түседі. Керегі жоқ. Колледжге түсе берсін. Қалған 10-15 % түсіп оқи берсін. 80 % жастар қалғандары оқымаңдар. Өмірдегі керек іспен, кәсіппен айналыссын. Бір жыл алыңдар. Әрі қарай ұштастырып, дамытасыңдар!
Айнұр Нұрманғалиева,
Ruh.kz