Мақала Редакция таңдауы

Наурыз жаңару символы ретінде

Қазақ үшін әр көктем жаңарудың, жаңа заманның бастауы. Көктемгі күн мен түннің теңелу мейрамы қазақ даласына «Наурыз» сөзі енгенше, «Ұлыс» (үлкен бастама, іс, жыл бойына жол сілтейтін күн) деп аталған.

Ұлы Абайдың «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» деген қара сөзінде  қазақтардың бұл күнді «Ұлыстың ұлы күні» деп атағаны туралы жазғаны күні бүгінге дейін сақталған.

Қазақ тарихын зерттеген Шәкәрім Құдайбердіұлы былай деп жазады: «Ежелден қазақтар жаңа жылдың басын «Ұлыс» деп атаған».

Мұны келесідей ежелгі мақал дәлелдейді:

«Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар,

Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы болар».

 «Наурыз» сөзі ғалымдардың пікірінше, көне парсы тілінде «жаңа күн» дегенді білдіреді. Ол туралы алғашқы адамнан бастап, көптеген патшалар, соның ішінде Тұран патшасы Туреден тарих туралы сыр шертетін «Шах-Наме» («Патшалар кітабы») кітабында баяндалады.  Бұл  көне түркі және парсы мәдениетінің байланысын растайды.

«Ұлыс күні» мейрамы ерте заманда дүниеге келгендігін ұлы ақын Мағжан Жұмабайұлы да растайды. 1927 жылы ол былай деп жазды: «Қазақтың жаңа жылы діни ықпалдан ада. Бұл күні діни рәсімдер орындалмайды. Бар болғаны ел бір-бірімен көрісіп, «Жасың құтты болсын!» дейді». «Жасың құтты болсын!», - деп құттықтау дәстүрлі өңірлерде, осы күнге еш өзгеріссіз жеткен. Аңыз бойынша, Жыл – жаңа туған бала, ол күн санап өсіп, үш айдан соң жігіт болады, күз түскенде қартайып, бурыл бас болады, қыс түсіп қар астында қалғанда кәріліктен өледі. Осылайша он екі ай бітуімен ескі жылдың өмірі де бітеді. Жаңа жыл қайта туылғанда, сол туылған күнді құттықтап, қуанғанды құшағына алып сый-құрмет жасау әр адамның міндеті болған екен. Бұл аңыздан «Жылдың» адам кейпіндегі моделін аңғаруға болады. Қазақы ортада Наурыз мерекесінде бір-біріне «Жасың құтты болсын», - деп айтуының себебін осымен байланыстырады.

Мұхтар Әуезов өз мақаласында ұлы мейрамға қатысты ескі жырдың сөзін келтіреді:

«Есік алды қара су бойлағаным,

Жалғанның қызығына тоймағаным.

Көмілсем де кетер ме көкейімнен,

Қалқаммен Ұлыс күні ойнағаным».

Көктем – рухани бастаулардың да нышаны. Сондықтан «Ұлыс күні» немесе «Наурыз» мейрамы тек қуаныш пен көңіл сыйлайтын мейрам ғана емес, бұл жаңару күні болып саналады. Бұл күні басшылар мен абыз ақсақалдар маңызды мәселелерді шешуге тырысқан. Олар ренжісіп қалғандарды мерекелік дастарханға бас қостырып, татулыққа шақырған. Жетім болса, оны үйлендіріп немесе тұрмысқа беріп, бөлек отау (киіз үй) тұрғызған. Науқастар мен мүгедектерге жан-жақты көмек көрсете отырып, жақындарына қолдау көрсетілген. Адал жолдан тайғандарды бүкіл ел, әулет болып тура жолға түсуіне көмектескен. Осылайша көңілдің жаңаруы деген – осы.

 

  Медеубаев Е. 

  Шоқан Уәлиханов атындағы

                                                      Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының

                                    Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері

                                        (Астана қаласындағы филиалы), тарих ғылымдарының кандидаты.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button