Наурызда ел аумағында өтетін мәдени іс-шаралар белгілі болды
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі наурыз айында республика аумағында өтетін іс-шаралардың кестесін жариялады деп хабарлайды Ruh.kz. порталы.
1 наурызда ел бойынша 250-ге жуық арнайы жоба өтеді. Оның 60-тан астамы республикалық ұйымдардың еншісінде.
Мысалы, «Астана балет» мемлекеттік опера және балет театры дәрігерлерді «Тайны закулисья» жобасына шақырса, «Қазақконцерт» ұжымы мұғалімдер мен дәрігерлерге «Мейірімді болайықшы, бауырлар!» концертін, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры мұғалімдерді «Мұғалім» қойылымын, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры дәрігерлер, мұғалімдер мен экологтарға арналған музыкалық кеш ұсынады.
Осы ретте түрлі этнос өкілдерінің қатысуымен «Алғыс айту – парызым» атты челлендж бен «С благодарностью медработникам и учителям!» акциясы басталғалы тұр.
Сонымен қатар «Сырлы саз – Отанға» атты республикалық өнер керуені, М.Ю. Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры «Верная жена» спектаклін, ҚР Ұлттық кітапханасы № 1 балалар үйін қолдау мақсатында «Аялы алақан» қайырымдылық акциясын, «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерінің қатысуымен «Отаным болған қазақ жеріне алғыс айтамын!» дөңгелек үстелін өткізбек.
Халықаралық әйелдер күніне орай елімізде бірқатар қайырымдылық концерт өтеді. Бұл: «Тәуелсіздік құрдастары», «Ақбілек» қойылымының премьерасы, «Бейнелеу өнері шығармаларында әйел образы» көрмесі, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» қорындағы ұлттық фильмдер көрсетілімі, «Әдебиеттегі әйел жазушылар» дөңгелек үстелі отырысы, сондай-ақ тетрлардағы түрлі қойылымдар.
14 мамыр «Көрісу күні» қарсаңында Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыка драма театры ұжым ардагерлерімен кездесу, «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы «Амал-көрісу мерекесі Қазақстанның ежелгі географиясы мен қазіргі мәдениеті аясында» атты дәріс, М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театры «Жүз жылдық махаббат», «Оң қол» драмасының көрсетілімін, Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облысының филармониясы «Көрісейік ағайын!» концертін, Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облысының қазақ драма театры «Көрісу дәстүрі» спектаклін ұйымдастырады.
Күллі түркі халқы үшін жаңарудың символына айналған Наурыз мерекесі қарсаңында 21 мен 23 наурыз аралығында елімізде 500-дей іс-шара өтеді. Бұл жиындар ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғыртуға, экология мәдениетін қалыптастыруға, халық арасындағы достық байланысты нығайтуға оң ықпал етеді. Осы іс-шараның бәрі «Әз Наурыз – ұлттық сананың, ұлттық бірліктің жарқын көрінісі» деген ұранмен өтеді.
Наурыз айында өткізілетін іс-шаралар жайында толығырақ – ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ресми сайтында.