Неоқазақ асханасы жайлы не білеміз?

Қай заманда, қалай айтылғанына қарамастан, халық асты құрметтеудің жолын, оны әзірлеудің көзін, ретін таба білген. Ел мен елді татуластыруды, жақсылар мен жайсандарды құрметтеуді, өздерінің мырзалық, мәрттік үлгілі, өнегелі қасиеттері мен артықшылықтарын, ел дәулетін қазақ кең дастарқаны арқылы яғни ас, қонақасымен көрсеткен. Қазақтың әрбір дәстүрлі тағамының денсаулыққа пайдасы зор. Бұл ғылыми тұрғыдан да әлдеқашан дәлелденген.
Ұлттық тағамдарымыздың пайдасын одан әрі арттырудың түрлі жолдарын іздеп, жаңа дем беріп жүрген жандардың бірі – Раушан Сейтова.
Раушан Сейтова – мейрамхана бизнесінде 40 жылдай тәжірибесі бар маман, ол неоқазақ асханасы деп аталатын ең құнарлы және пайдалы тағамдарды дайындаумен айналысады. 2005 жылы «РиМ» мейрамхана мектебін ашқан, бұл біздің елдегі мейрамхана индустриясындағы алғашқы менеджмент мектебі болды. «РиМ» мектебінің атауы «Мейрамхана және Менеджмент» бірінші әріптерінің қысқартылған сөздерінен шыққан. Қазіргі уақытта мейрамхана саласының бірнеше бағыты бойынша жұмыс істейді. Мектеп жұмысын бірінші болып зерттеп, жоғары бағалаған Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік резиденциялар дирекциясының қызметкерлері болды. Елімізге мемлекеттік сапармен келген мәртебелі қонақтарды қабылдау жұмысына қатысқан аспаздар, сондай-ақ барлық қызметкерлер РиМ мектебінің дайындығынан өткен.
Раушан ханымның айтуынша, осы істі бастағандағы негізгі ойы қоршаған орта жағдайының өзгеруіне байланысты қазіргі заманғы тағамдардың тағамдық құндылығы бұрынғыдай емес, сондықтан халыққа дұрыс тамақтанудың мүмкіндіктерін көрсете отырып, дәстүрлі тағамдарды толықтыру болған.
Әңгіме барысында Раушан ханым қымыздың қышқылдығын азайту мен кептірілген жаяға қауын қосып ұсынуды көрсетті. Дәстүрлі түрінен өзгеше болса да денсаулыққа пайдалы, әрі ерекше.
Ең алдымен қымызға жүгері, миндаль, қымыздық және самалдық қосып, балмен тәтті дәм берді. Солайша, қымыздың қышқылдығы азайды. «Осындай тәсілдер арқылы ұлттық тағамдарды әлемдік брендке айналдыруға болады», – дейді Раушан Сейтова.
Алдағы уақытта Раушан ханыммен біздің редакция түрлі тағамдардың жасалу жолымен, ұсынылу ретін назарларыңызға ұсынатын болады.