Сұхбат Редакция таңдауы

Несіпбек Айтұлы: Бабаларымыздың рухын жеткізген - ұлттық тәрбие

Қазақтың рухани, әдеби әлемін байытып, өзінің оқырманын қалыптастырған арқалы ақыны Несіпбек Айтұлымен әңгімеміздің екінші бөлімі қаламгердің өмір жолы мен ән мәтіндеріне арналмақ.

-Аға, ата-анаңыз, шыққан ортаңыз жайлы тарқатып айтып берсеңіз?

– Менің әкем Тұрысбек Айтұлы. Оның әкесі – Айт, Айттың әкесі – Бәгей. Ол кісі 1928 жылы Тарбағатайда туған.  Тарбағатай тауында, шекараның ар жағында  Шәуешек деген қала бар. Қаланың солтүстік жағында Тарбағатай ауданы, біздің Шығыс Қазақстан облысының Ақсуат аудандарымен шекараласады. Біздің бабамыз Жоңғарияны жеңгеннен кейін, Абылай заманында барған болуы керек.

Шешемнің аты-жөні көп ауызында – Бәйкен, шын аты Байбосын Пұшбақбайқызы. Шешемнің шешесінің туған жері бұрынғы Семей облысы Ақсуат ауданы. Қазіргі Тарбағатай ауданы. Соның Ойшілік деген жері.

Бүкіл нағашы жұрты, ата-бабасы сол маңайда. Әкей де, шешей де әкесінен 17-18 жастарында жас қалған. Мен тұңғышымын. Әкей бір әкеден жалғыз.  Айт, Қыдыр деген екі кісі болған. Екеуінің ортасында жалғыз ұл. Үш қыз болыпты. Айттан екі қыз болған, үшіншісі менің әкем кенжесі екен. Зағила, Күміс деген әпкелері ертеде 1945 жылдары сүзектен қайтыс болған. Олардан қалған ұрпақтар  Семейде, Алматыда тұрады. Шешемнің бір әке бір шешеден Пұшбақбайдан, шешесі Күріш деген кісі болыпты.  Үш қыз болған, Төлеухан, Ажархан, менің шешем Бәйкен. Шешей 2 жасында жетім қалған. Пұшбақбай ерте қайтыс болыпты. Біздің шешеміздің сол екі жасында қайтқан. Шешесі де ерте қайтыс болған, жаңағы Сәдуақастың қолында өсіп ержетіп, одан біздің әкеміз сол 1948 жылдары үйленіпті. Алып-қашып алыпты. Алдында құда түскен болу керек. Шешем 13 құрсақ көтерген. Қазір тоғызымыз тіріміз. Ең үлкені мен 4 ұл, 5 қыз бармыз. Бес қыздың біреуі осында. Жанат деген мектепте директор. Қалған қыздар Алматыда. Бәрі тұрмыста. Балалы-шағалы. Төрт ұлдан да қазір бала-шаға бар. Менің қазір шөберем бар. Әкей мен шешей сол шөпшегін көріп кеткен адамдар. «Немере, шөберенің қолынан су іштік» – деп қуанып жүретін. Әкейдің 4 кластық ғана білімі болды. Оның өзінде де арабша. Бірақ көкірегі ояу адам. Өлең шығаратын, домбыра тартатын. Қара жаяу емес. Жас кезінде балуандығы бопты. Әкесі Айт балуан болған, аңшы болған адам. Айтта өлең шығарған адам. Ол кездегі той-томалақта қыздар мен жігіттер, жастар мен жастар айтысып өтетін дәстүр болған. Жалпы мынау айтыс өнері жұрт назар аударып кетті ғой. Ол кезде  той-томалақта отырып кез-келген жерде айтыса беретін дәстүр болған.  Ол дәстүр қазір үзіліңкіреп қалды.

Шешем де сол қара танитын ғана сауаты бар. Барлығын сол өмір бойы, егін егу, мал бағумен өткізді. Әкейде өле-өлгенше аттан түскен жоқ. Қой бақты, жылқы бақты, егін салды. Кетпен шапты. Шешейде сол бала-шағасын бағуменен әкейдің қасында жүрді. Үй шаруасымен бүкіл өмірін өткізді. Мен енді тұңғышы болғандықтан ол кісілерді көпке дейін әке-шеше деп таныған жоқпын. Өйткені ата баласы деген ол кезде үлкен дәстүр болды. Қазірде бар енді бірақ атасының баласы. Ата баласы деген басқа балалардан бөлектеу үлкен мәртебе. Ата баласы болғаннан кейін ол мықты болу керек. Ол ешкімге бағынбау керек. Ол атасына тарту керек. Атасы батыр болса батыр болуы керек, ақын болса ақын болу керек. Ата мен әженің мектебі деген – ұлы мектеп. Көбінде мынау өнердегі, өмірдегі атқа мініп жүрген азаматтардың көпшілігі атасымен әжесінің тәрбиесінде болған балалар.  Ертегіні көп біледі, өлең сөз, тәрбие, отырып-тұрыстың бәрі сол атасының балаларының бойынан көп табылады. Сондықтан атасының баласы деген үлкен ұғым болды. Мен атамды есімде ұстай алмадым. Менің екі жасымда қайтыс болып кетіпті.  Фотосын ғана көрдім.  Ол фотоның өзін әке-шешем жоғалтып алыпты. Оның өзі қазір үлкен бір арман.

Көбінде интернатта жүрдік. Ол кісілер қыста малда, жазда жайлауда, біз көп үйде бола бермейміз. Олар бір қыстауда жатады. Мен көбінесе сыртта өстім. Шынын айту керек әке мен шешенің тәрбиесін мен көп көрген жоқпын.  Мені өмір тәрбиеледі. Көше тәрбиеледі. Орта тәрбиеледі десем де болады. Шешей былай көңілі түскенге көл, көңілі түспегенге шөл адам еді. Бала болғаннан кейін тентектік жасамай тұрмайсың.  Әкейдің де қамшысын жедік, шешейдің де талай арқамызға шыбығы тиді. Бала оны кек көрмеу керек. Әке-шеше жаман болсын демейді. Балам жақсы болсын, адам болсын дейді. Кез-келген ата-атаның арманы баласының жақсы болуы, адам болуын аңсайды. Кейде қатты айтады, кейде тәтті айтады. Оны бала кезде көбінде білмейміз. Кейде өкпелеп жүреміз. Бірақ қазір ойласам солардың ұрғанын, әкейдің қамшысын да, шешейдің шапалағын да адам сағынады екен. Шешейдің ыдыс-аяғы таза еді. Үйді таза ұстайтын. Әсіресе қой бағып жүрген кездерде савхоздың, ауыл басшыларының көбі біздің үйге келіп түсуші еді. Өйткені сенің шешеңнің дастарханы таза дейтін. Әкем қонақжай да болу керек.

Ата-ана баласы үшін отқа да, суға да түседі. Кейде ата-ананың қадірін білмей, тілін алмаған кездеріміз болды. Мен соған қатты өкінем. Біздің қазақта, ата-ананы сыйлау ерекше. Үлкеннің алдынан қиып өтпеу, әкенің айтқаны заң, шешенің айтқаны заң. Кейінгі жылдары жастардың көбі, ақпарат құралдарындағы сырттан кеп жатқан түрлі ағымдардың әсері ме, ата-анаға қарсы келу көп болып жүр. Орыстарда атасына, әжесіне, үлкендерге қарсы балалар шапылдап, солармен сөз таластырып, сөз салғыластырып, қарсы келе береді ғой. Өзге халықтың дөрекілеу мінезі, өрескелдеу мінезі, бізге ғасырлар бойы араласып,бірге жүргендіктен бе, біздің ұрпаққа да сіңіп бара жатқан сияқты. Мен осы жағына қатты алаңдаймын. Біздің қазақы тәрбиеге шіркін, тәрбие жетпейді ғой. Үлкеннің алдын қиып өтпейді. Ата-ананың тіпті ақсақалдардың қолынан құлақ жесек, олардың қолынан дәм тартсақ деп аңсайтын. Осының барлығы ізгілікке деген, кісі болса екен, ел басқаратын адам болса екен, елін қорғайтын адам болса екен, жібі түзу адам болса екен деген тәрибеден туған.

Сол замандардағы бір тәрбиені айтайын. Сол 1950-60 жылдары ауылда, көрші-көлемде үйде бір мал сойылса, үйге бір қонақ келсе, ауылдағы ақсақал, үлкен кісілердің бәрі сол үйде отырады. Әңгіме дүкен құрады. Сол келген қонақпен сұқбаттасады. Олармен арғы бергіні айтысып, құрт қосқан сорпасын ішіп, қонағасыны бірге жеп қайтушы еді. Қазір ондай жоқ. Қазір бір үйде тұрамыз, көршілер бірінің үйіне бірі кіріп шықпайды. Көшеде бас изесіп амандасқаның болмаса. Бұрынғыдай қазан-ошақ араласып жатқан дәстүрден қазір қазақ айырылып қалды. Одан кейін бір қазан көже жасайтын да, өзіміз ішкеннен асқанын көршілерге таратып жүруші едік.  Көршілерін дәм татырмаса, тамақтарынан ас өтпейтін. Кімнің сиыры бұрын туса соның уызын жеуші едік. Анау пәленбай апамыздың сиыр туыпты, уызын жейміз деп тамсанып жүруші едік. Айтқанында уыз пісірген күні көрші-қолаң бөлісіп ішуші еді. Ешкімді құр қалтырмайтын. Ауылда әкеміз қалаға базарға барып келсе, қант-кәмпит алып келсе оны да бөлісіп жеуші едік. Міне, қазақтың берекесі осындай ұлы дәстүр, қазақтың дархандығы осыдан басталған.

Кешегі соғыс жылдарында тың игерушілер келді. Соларды ақ боранда алып келіп, Сарыарқаға төккенде, оның бәрінде үй жоқ ол кезде, бүгінгідей қала жоқ қайда төкті дейсіз?! Сонда қазақтар бәрін құшағына сыйдырып әкетті. Осының бәрі ұлы тәрбиеден, біздің қазақтың тәрбиесі, өте ұлы тәрбие. Мына ұлттық тәрбиеден біз қол үзіп бара жатырмыз. Менің әке-шешем ұлттық тәрбиені қатты ұстанған адамдар еді. Гүлді үзбе, құмырысқаны өлтірме, көкті жұлма деген  сияқты табиғатты аялау, тазалықты ұстау қазақтың тәрбиесі.  Табиғатпен біздің халық тұтасып, астасып кеткен. Итті де жеті қазынаның бірі деп қадірлеген. Осындай тәрбиенің барлығын әке-шеше құлағымызға құйып өсірді. Санамызға сіңірді. Әке-шешемнен алшақтау өстім десем де, олардың әр бір қимылынан, әр бір ісінен үлгі алдық. Байқамай қабылдайсың. Қазір баланы оқытып отырып, сен былай бол, сен былай бол деп, кітап оқытып, желкелеп отырып, үйреткенмен баланың ол бойына сіңе бермейді.

Ата–ана өзінің жүріс-тұрысыменен, ісіменен, мінезіменен, қылығыменен тәрбиені өзінің баласының бойына сіңіреді. Тәбрие-өмір тіршілікте, жүре бара бойға сіңетін қасиет. «Ата көрген оқ жонады, шеше көрген тон пішеді» деген қазақта сөз бар. Ата-ананың қашанда орыны бөлек.

Бақыт та, байлық та, мейірім де, күннің шуағы да, әке мен ананың көңілінде солардың жүрегінде. Өткен кеткенімізді түгендеп жатқанымыздың барлығы Азаттықтың арқасы. Еліміздің арқасы. Ел аман болсын дегім келеді. Ата – анамыз аман болсын. Бізге жеткізген ұлттық тәрбие, бабаларымыздың рухын жеткізген ұлтымның ұлы дәстүрі аман болсын. Ата мен әженің қадір-қасиетін ұмытпайық. Әке мен шешенің баланың арасындағы байланыстар үзілмесе екен. Соларға кінәрат түспес екен деп тілеймін.

– Адам жанын тебірентіп, көңіл тұңғиығына тартатын жыр жолдарыңыз шынымен де фәнидің өткінші екенін мойындатқандай. Осынау жыр жолдарын жазуыңызға не себеп болды?

– Рахмет! Бұрын ақындардың барлығы фәнидің жалғандығын, өмірдің өткінші екендігін, қамшының сабындай қысқа ғұмыр екендігін жырлап өткен ғой.  Абай атамыз айтқандай:

Дүние- үлкен көл,

Заман – соққан жел,

Алдынғы толқын – ағалар,

Кейінгі толқын – інілер

Кезекпенен өлінер,

Баяғыдай көрінер,-   дегендей  өмір деген бірден-бірге ауысып отыратын бір сиқырлы әлем ғой. «Сәуле – ғұмыр» әні осыдан 10-15 жыл бұрын Алматыда жүрген кезімде туды. Мен алдымен әуенге, сазға жазамын. Әуен өзі айтады шаттыққа шақырып тұр ма, мұңға жетелеп тұр ма, махаббат па, табиғат па, сазды шын жүрегімен түсіне білсең, тыңдай білсең, музыканың өзі сөйлеп тұрады. Тұрсынжан екеуміз біраз сәтті әндер тудырдық.  Ол кездері Тұрсынжан екеуміз Алматыдағы  «Қазақфильм» шағын ауданында көрші тұрдық. Бұл ән тумай біраз қиналдық, бірде ол шақырады, бірде мен шақырамын.  Сол күндердің бірінде, сағат түнгі 1-2нің кезі, жаз айы далаға шықтық, ән туған жоқ, енді қоштасайын деп тұр едік. Аспанға қарадым, аспанға қарасам ай аунап бара жатыр екен, сол сәтте осы әннің қайырмасы аузыма, ойыма оралды. Әннің тағы бір сиқыры шықпай тұрған жолдар қайталануы керек екен. «Айнакөлдің мөлдіріндей, мөлдіріндей», «Алатаудың сеңгіріндей, сеңгіріндей» деген жолдарды, біз дәл таба алмай жүрген екенбіз. Сөздерінде ритм, ырғақ қайталануы керек екен. Әннің өзін өмірдің өткіншілігі, философияға жетелеп тұр ғой. Содан кейін әуенді қозғап, әуен мұңға шақырып, содан барып әннің сөзі туды.

–  Жалпы сіздің ойыңызша қандай әндер өміршең келеді?

– Өміршең халық әндері ғой. Сонау ғасырлардан келе жатқан Біржан сал, Ақан сері, Сегіз, Әсет, Үкілі Ыбырай, Шәмшінің әндері, Әсеттің әндері, Кенжебек Күмісбековтің әндері халықтық тамырдан, ұлттық тамырдан, ұлттық рухтан сабағын үзбеген әндер халықпен бірге жасайды ғой.

– «Арман», «Дариға дәурен», «Сәуле-ғұмыр»  осы үш ән  триптих деуге болады. Бірінен-бірі туған, бірінің-бірі жалғасы секілді.

– Тұрсынжан өте кірпияз, жаны таза, өтірік айтпайтын, өмірде де, өнерде де салмақты жігіт қой. «Дариға дәурен» менен «Айсәулем» әндері туралы көптеген қызықты оқиғалар бар. Бір жігіт Тұрсынжанға: «Мені  түрмеден алып шыққан осы ән»-, деп хат жазған екен. Тағы да Тұрсынжанның айтуы бойынша Шығыс Қазақстанда бір әйел көп жылдар бойы сал ауруымен ауырған екен. Сол кісі: «Мені өмірге қайта әкелген осы ән» деп «Айсәулем» әні туралы жазған екен.

Қазақтың Қуат Есімханов деген үлкен азаматы бар. Сол кісі: «Мені осы Рамазан Стамғазиевтің орындауындағы Тұрсынжанның әндері, сіздің сөздеріңіз жолда келе жатып марқұм болған Балташымды сағынып, қайғыланып жүрген кезімде, осы әндер арқылы өмірге қайта келдім. Жолда үнемі осы әнді қойып қоямын» дейді. Бізді Қуатпен табыстырған да осы әндер, қазір Қуатпенен аға-інідей болып кеттік. Бұл әндердің арқасында көптеген қазақтың жақсы азаматтарымен таныстым. Алыс-жақын бұрын білмейтін ауылдарға, қайда барсам да осы әндер алдымнан шығады. Осы әндер үшін барлығы алғыс айтып жатады.

– Ойлы салиқалы, салмақты өлеңдер көбіне әнге қабыса қоймайтын, кейде халықтың тыңдауында ауыр қабылданады. Ал сіздің өлеңдеріңіздің басым көпшілігі керісінше әнге айналып жатады, осының сыры неде?

– Әнге лайық өлеңдер болады. Өлеңдердің барлығы әнге түсу үшін оның дыбыстық жағы, философия болу керек. Өзінің бір қалпы болуы керек, тым ауыр немесе тым жеңіл де болмауы керек.   Мен көбіне әуенге жазамын, әуенді көкірегіме құйған кезде, әнді бойыма сіңіріп алып, содан кейін әннің ырқына кетемін.

– Әнге арнайы тапсырыспен жазған кездеріңіз болды ма?

– Менің әндерімнің тоқсан пайызы түгел тапсырыспен жазылған әндер. Тұрсынжан шақырып алып, олар мені тауып алады, бірақ оларды мен қинаймын. Тұрсынжандар домбыраны бірнеше күн қайта-қайта тартып, гитараны тартып менің жанымда отырады немесе әнді дискіге жазып береді. Соны мен күні-түні тыңдаймын, ән тыңдаған сайын сені қозғайды. Сол кезде әбден тебіреніп, әнге елжіреп, әуен, саз сенің көкірегіңе кіріп, көзіңе жас келтіреді. Өзіңді де сол ән әлемі баурап алады.

– Жазушы, сазгер, сыншы Тұрсынжан Шапай сіздің көптеген өлеңдеріңізге ән жазған.

– Тұрсынжан өте талантты, сан қырлы жігіт қой. Мен біраз композиторларға ән жазған адаммын. Әннің сөзін  жазуға мені ең алғаш алып келген Ақселеу Сейдімбеков пен Жәнібек Кәрменов еді.  Семей облысының Абай ауданында Мейрамбек Жанболатов деген ағамыз өтті. Сол кісі осы Алматыға келіп алғаш Тұрсын Жұртбаев пен Жәнібек Кәрменов екеуімен алып барып, сол кісінің біраз әндеріне сөз жаздырды. Ең бірінші «Ән домбыра» деген әннің сөзін жазып, Ақселеудің «Сарыарқа», «Дәурен-ай» әндеріне сөз жаздым. Менің әнге сөз жазуым осыдан басталды. Бұдан бұрын әнге сөз жазу өте қиын, қолымнан келмейтін шығар деп жоламай жүретін едім. Атақты күйші, композитор Секен Тұрысбековтің де көптеген әндерінің сөзін жаздым. Кей кезде Секенге менің сөзім ұнамай  қалады, кейде оның әні маған ұнамай қалады. Бірақ ертесіне қайтадан табысып, көптеген әндерді тудырдық. Тағы бір үлкен композитор Ермұрат Үсеновпен де көп жұмыс жасадым. Оның да керемет, тамаша әндері бар.

Өзіміздің атақты әнші Клара Төленбаеваның жолдасы Медет Салықовтың да тамаша әндері бар. Оның да әндеріне сөз жазып жүрмін. Жалпы кез келген әуенге жаза бермеймін. Көкірегіме қонса, өзіме ұнаса жұмыс жасай бастаймын.

Дәулет Жарылқасын деген жігіттің қазігі «Музарт» айтып жүрген әні бар. Басында бұл әнге «Киелім» деп ат қойған едім, қазірде бұл әнге елдің, халықтың өзі «Қазақтай ел кайда» деп ат қойып алған екен. Қай жерге барсам да осы ән алдымнан шығады. Бұл әннің тарихы тіпті қызық болды. Алматыда ауруханада жатқанымда осы Жарылқасын іздеп келіп, әнге сөз жазып беруімді өтінді. Бір жұмадай жүріп сөзін жазып бердім. Содан Жарылқасын: «Жоқ, аға, бұл ән ұнамайды» деп, «Енді ұнамаса, басқа бұдан артық жаза алмаймын» деп бір-бірімізді ұмытып кеткенбіз, содан бір күні біреу телефон соғып радиодан сіздің әніңіз орындалып жатыр деп, арада бес жыл өтті. Артынан «Музарт» тобына әнді берген екен, әншілер орындаған кезде ән менен сөз бірін-бірі тапқан екен.

– Несіпбек аға  қазіргі эстарада жұлдыздарының жарыса айтып жүрген сіздің бір жақсы өлеңіңізге жазылған «Ал құрбым» әні, осы әннің шығу тарихы жайлы айта кетсеңіз?

– Астанаға алғаш келген жылдары, Еуразия университетінің жатақханасында тұрдым. Мен үшінші қабатта тұрдым да, бірінші қабатта Клара Төленбаева қарындасымыз тұрды. Бір күні үйге келіп, осы  әнге сөз жазып беруімді өтінді. Әуеннің өзі халық әніне келетін сияқты болды да, содан көне бір көш елестеп, мен енді көшпенді елдің баласымын. Содан отырып осы «Ал құрбымды» жазып бердім. Бағланның әні екенін білген жоқпын, телефонмен бір-екі рет сөйлестік. Клараның тапсырмасымен сөзін жазып бердім. Қайда барсам да осы ән алдымнан шығып, осы әнді мақтайды. Халықтың жүрегіне жылы тиді.

– Әнге айналған өлеңдеріңіздің ішінде ең сәтті шыққан қай ән деп ойлайсыз?

– Дәл біреуін айту қиын. Сәтті шыққан, мысалы, Ақселеудің әндеріне жазылған, Секенің әндеріне жазылған, Ермұраттың әндеріне жазылған әндерім сәтті. Мысалы,  Рақышев Дәнешпен жұмыс істедім, сол кісінің әндеріне жазылған тамаша әндер бар. Содан кейін Мұратхан Егінбаев деген композитор бар,  Кәкімбек Салықов ағамыздың «Үш арыстың» авторы. Сондай сәтті әндер өте көп, Тұрсынжанмен жазылған әндер өте сәтті деп ойлаймын.

– Аға, «Ақ көбелек» әніңіз, бүкіл қазақтың жүрегін жаулап алды. Осы әннің де шығу тарихын айта отырсаңыз?

– Ол әннің шығу тарихы тіпті қызық, Тұрсынжанның үйінде Рамазан мен Ұлту барлығымыз қонақта отырдық, содан Ұлту бізге өкпе айтты. «Ылғи әнді Рамазан інілеріңізге жазып бересіздер, ағалар, осы мен  айтатын бір ән» жазып бермейсіздер ма?!» – деді. Қағазды қолға алып, бір он минуттың ішінде түсті осы әннің сөзі. «Ақ көбелек» деп ат қойдық. Осылайша он минуттың ішінде келіннің шайын ішіп отырып туған ән. Мен жаздым да қағазды тастадым, Тұрсынжан домбыра тартты, ар жағынан Рамазан іліп әкетті. Ұлтудың өзі сол  жерде әнді орындады. Осылай дастархан үстінде осындай ән туды.

– Әсерлі әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Арман Шеризат

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button