Жаңалық

Нью-Йоркте «Қазақстан әлем фотографтарының көзімен» атты фотокөрме ашылды

Бүгін АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен, ҚР-ның Біріккен Ұлттар Ұйымындағы тұрақты өкілдігінің қолдауымен “PHOTO FEST KZ” халықаралық фотофестивалінің көрмесі ашылды.

БҰҰ-ның Көрме Залында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне орай ұйымдастырылған “Қазақстан әлем фотографтарының көзімен” атты мәдени шараға АҚШ, Франция, Италия, Түркия, Ресей және еліміздің әлемдік деңгейдегі фотографтарының 100-ден астам жұмысы қойылды.

Көрмені шетелдік дипломатиялық, елшілік өкілдері мен қала қонақтарын қамтыған 500 ден аса адам тамашалады. Әрі, таңдаулы фото картиналар арқылы олар Қазақстанды жаңа қырынан (ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, табиғат,) танып, өз бағаларын берді. Естеріңізге салар болсақ, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен “ЭКСПО-2017” Халықаралық көрмесі аясында шетелдің ең үздік фотографтары Астана қаласында бас қосқан болатын. Олар ЭКСПО-дан бөлек еліміздің барлық аймақтарын аралап, көрікті орындарын суретке түсірген еді. Соның нәтижесінде Елордада «Қазақстан әлем фотографтарының көзімен» атты кітап басылып шықты.

Бұл реткі көркем картиналар көрмесіне еліміздің фото өнерін əлемге танытып жүрген белгілі фотографтар Асылхан Əбдірайым, Ерболат Шадрахов, Шүкір Шахай, Тұрар Қазанғап, Жеңіс Ысқабай, Сəрсенбек Қызайбек, Ерлан Омар, Айбек Аханов, Максим Рожин, Ақəділ Рысмахан, Алтынбек Қартабай, Сəби Маемеров, Мақсат Шағырбаевтардың таңдаулы туындылары көрермен назарына ұсынылды.

“Қазақстанды америкалықтар мен қатар күллі әлемге фотоаппараттың объективі арқылы таныстыруды мақсат тұттым” дейді Халықаралық дəрежедегі фотограф Мақсат Шағырбаев.

Нұршат Төкен

АҚШ, НЬЮ-ЙОРК

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button