Жаңалық

Нұр-Сұлтан тарихы мультимедиялық форматта ұсынылды

Елорданың өткені мен бүгінін ерекше форматта «Қазконтент» АҚ Басқарма Төрағасы Думан Қожахметов ұсынды. Қысқа уақытта көп ақпарат алғысы келетін заманауи адамдарға ыңғайлы web-деректі жоба Қазақстанның қалыптасуынан бастап, астанасының Нұр-Сұлтан атына ие болуына дейінгі тарихын баяндайтын жобаның тұсауы кесілді.

«Астана – Нұр-Сұлтан» жобасы – тек мәтін не бейнефильм емес, ол жаңа мультимедиялық хикаяның әмбебап форматы – web-деректі жоба.

Біз өзгерістер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Елімізде елеулі тарихи оқиғалар орын алуда. Біз ел дамуындағы жаңа асулы кезеңнің куәсі болып отырмыз. Біздің командамыз Қазақстанның барлық басты оқиғаларын бейнелеуге талпынды.

Қазақстан мен оның астанасының қалыптасуы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атымен тығыз байланысты екені сөзсіз. Оның қала мен республиканың дамуына сіңірген еңбегіне баға жетпес.

Бұл веб-деректі жоба – Қазақстанның қалыптасу тарихына басты оқиғалардың тізбегі арқылы қарауға жасаған талпынысымыз. Цифрлық әлемде өмір сүріп, ақпарат алып отырған өскелең ұрпаққа еліміздің тарихын хронологиялық ретімен, қарапайым әрі оңай сөздермен түсіндіруге тырыстық. Алға қойған мақсатымыз – тарихты түсінікті, анық, артық пафоссыз және, ең бастысы, шынайы сөзбен баяндау болатын, деп атап өтті тың дүние авторы Думан Қожахметов.

«Астана – Нұр-Сұлтан» веб-деректі жобасы 1991 жылдан 2019 жылға дейінгі барлық елеулі оқиғалар мен мұрағаттық фото және бейнематериалдардан құрастырылған. Мультимедиялық веб-деректі жоба форматы қолданушыны мемлекет қалыптасуының алғашқы қадамдарынан бастап елорданың Нұр-Сұлтан атауына ие болған күніне дейінгі хикая атмосферасына толықтай еліктіреді.

Жобаның ең басты артықшылығының бірі – ақпаратты мультимедиялық цифрлы форматта қабылдайтын өскелең ұрпақ үшін ыңғайлы мәлімет көзі болуында, дейді авторы.

Web-дерек дегеніміз не?

Біз Елорда тарихын web-деректі жоба ретінде ұсынуды шештік. Web-дерек дегеніміз – медиаконтенттің заманауи үлгісі. Ол түрлі ақпараттық молекулаларды, яғни фото, видео, мәтін, аудио және интерактивтің желілік емес жолмен өңделіп, ұсынылатын күрделі медиаконтент. Қарапайым тілмен айтса, бұл – оқиғалар жайындағы сайт. Нақты біздің ұсынып отырған дүниеміз – ол Елордамыздың Целиноград кезінен Нұр-Сұлтан болғанына дейінгі трансформациясы. Біздің жоба кімдерге арналған? Бұл гуманитарлық жоба теледидар көрмейтін және, өкінішке орай, кітап оқымайтын ұрпаққа барынша көп пайдалы ақпарат беруді мақсат қылып отыр.

Думан Қожахметов бүгінгі күн – ертеңгі тарих екендігін баса айта келе, бұл жобаның ұлы мақсатын тілге тиек етті.  Ерекше форматтағы ел шежіресі елімізде болып жатқан барлық елеулі оқиғаларды, саяси процесстерді хронологиялық тізбекпен қысқа да нұсқа ұсынып, онымен танысқан кез келген адамның бойындағы елі үшін мақтаныш сезімін, патриоттығын оятады деген сенім бар.

Веб-деректі жобаға шығармашылық топ мүшелері үш жыл бойы мұражайлар мен мұрағаттар табалдырығын тоздыра тапқан тың деректер ұсынылған. Қазақ және орыс тілдерінде қызықты да, пайдалы ақпарат алуға болатын мультимедиялық жобамен http://astana-nursultan.web-doc.kz/“>Astana-Nursultan.web-doc.kz сілтемесі бойынша жеке компьютер арқылы да, ұялы телефон арқылы да өтіп, көруге болады.

Айнұр Нұрманғалиева, Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button