Нұр-Сұлтанда Балалар көркемсурет мектебі оқытушыларының көрмесі ашылды
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы музейінде «Туған өлкем» балалар шығармашылығын қолдау бойынша республикалық бағдарламасы аясында ұйымдастырылған Нұр-Сұлтан қаласының Балалар көркемсурет мектебі ЮНЕСКО клубы оқытушыларының туындыларынан құралған «Шығармашылық: қабілет, әуестік» көрмесінің ашылуы салтанаты өтті деп хабарлайды Ruh.kz порталы кітапхананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараны Елбасы кітапханасының Музей құндылықтарын есепке алу және сақтау қызметінің басшысы Күләйша Ақтаева ашып, мектеп оқушыларының республикалық және халықаралық байқаулардағы жетістігі БКМ ЮНЕСКО клубының дарынды педагогтер командасының, оның ішінде ҚР Суретшілер одағы мен Халықаралық суретшілер одағының мүшелерінің көпжылдық қажырлы еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті.
«Жаһандану жағдайында біз санамыздың негізін жоғалтпау үшін кім екенімізді, рухани тамырымыз бен тұрмысымыздың құрамдас бөліктері қандай екенін түсінуіміз керек. Бір таңданатыны, пандемия жағдайында әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, біз бір-бірімізге жақын болу қажеттілігін сезінеміз. Адамдар қарым-қатынасты аңсайды, өздерінің жаңа қырларының ашылуын күтеді. «Туған өлкем» бағдарламасы үйден тыс жерде қалыптасатын ортаға бағытталған. Бұл өте маңызды, өйткені отбасында бала өзінің жеке тұлға ретінде қалыптасуын тек білім мен пайдалы дағдылармен толтыра алмайды. Сондықтан педагог-суретшілер – ерекше саңлақтар», – деп атап өтті К.Ақтаева.
Экспозицияда Табиғат Құжанбаев, Нұрболат Асқар, Гүлбарам Асқарова, Айзада Аманжолова, Гүлфара Тукина, Айнагүл Туғанбекова, Сәуле Жандуллаева, Олжас Бекенов, Биназир Жұмабекова, Дана Қамалова сынды суретші-оқытушылардың шығармашылық ізденістерінің нәтижесінде түрлі жанрлар мен бағыттарды қамтыған 60-тан астам туынды ұсынылды.
Іс-шара соңында Елбасы кітапханасының атынан ұстаздарды Бейнелеу өнеріндегі жоғары кәсіби біліктілігі және балалар шығармашылығын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін арнайы сертификаттармен марапаттау рәсімі өтті.
Нұр-Сұлтан қаласындағы Балалар көркемсурет мектебі ЮНЕСКО клубы Елбасы кітапханасының байырғы серіктесі ретінде 2005 жылдан бері көптеген көрмелер, фестивальдер, шеберлік-сыныптар, шығармашылық кездесулер және басқа да іс-шаралар өткізіп келеді.
«Шығармашылық: қабілет, әуестік» көрмесі ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы музейінде 31 наурызға дейін жалғасады.