Нұргүл Охасқызы: «Құрғақ қымыз» – таза қымыз емес!»
Бір күнде 10 мың литр қымыздың пісілуі, құрғақ қымыз, потент, қымыздың сапасы мен бағасы жайлы «10 мың литр қымыз» жобасының авторы, Жаңаарқа аудандық маслихат депутаты, «Жаңаарқа 2017» ауылшаруашылық өндіріс әріптестігінің басшысы Орынбасарова Нұргүл Охасқызымен сұқбаттасқан едік. Мархабат!
Ruh.kz: Ең алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз, қайда туып-өстіңіз?
Нұргүл Охасқызы: Туған жерім Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданы. Біз 2007 жылдан бері шаруа қожалығын ашып, ірі қара малмен айналысып келеміз.
Ruh.kz: «10 мың литр қымыз» жобасының авторысыз. Бұл ой қайдан келді?
Нұргүл Охасқызы: Сиыр сауып, сүт өткізгенбіз. Жан-жағымыздың бәрі жылқы ұстап, бие сауды. Айналамызда жылқының көп сауылып жатқанына қарап, сағат сайын сауылатынын, күтімін біліп, бейнетін таныдық. Десе де, қымыздың емдік қасиетін, қымыздың сапасын, қымыздың бейнетімен қатар жүретін зейнетін ескеріп, осы істі қолға алдық. Ал «10 мың литр қымыз» жобасы «қымызды шетел потенттеп алды» деген жалған сөзді тыю үшін, қымыздың қазақ сусыны екенін жалпақ жұртқа жарялау үшін, дәлелді жариялау үшін іске асырылған жоба еді. Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдық мерейтойы қарсаңында «қандай тарту жасасақ екен» деген ой мазалап жүрді. Құрт дедік, құрақ көрпе дедік… Қымызға тоқтадық. Әкімдікке барып, ауылда қанша бие сауылады, қанша күбі бар, күніне қанша литр қымыз сауылатынын анықтадық. Ауылда 1000 емес, 2000 мыңға жуық күбі бар екен. Соның құрғап тұрғаны жоқ, шүкір. Содан кейін осы ойымызды іске асыруға тырыстық.
Ruh.kz: Жалпы біздегі қымыз өндірісі қандай? Оның насихаты үшін, қымыз саудасын қыздыру үшін не керек деп ойлайсыз?
Нұргүл Охасқызы: Сапа болуы керек. Бағасы да қолжетімді болмақ керек. Қымыз – ем. Сондықтан оны сауып, сатып қана қоймай, адамдардың келіп, қымыз ішіп, таза ауада демалып, серуен құрып, сауыға алатындай жағдай жасалып, шипажайлар салынса қымыз өндірісі айтарлықтай сапалы да жоғары деңгейге шығар еді. Бұнымен айналысатын ойымыз, дайындап отырған жобамыз да бар. Бұны толыққанды зерттеп, бүге-шүгесіне дейін анықтап, нық, сенімді қадам жасамақпыз.
Ruh.kz: Соңғы кезде «құрғақ қымыз» деген шықты. Оның айырмасы қандай?
Нұргүл Охасқызы: Қазір БАҚ беттерінде «қымызды Немістер потенттеп алған» дегенді оқып жүрміз. Бұл толыққанды расталған ақпар емес. Дақпырт. Олар әлі потент алмаған. Потент құрғақ қымызға ғана. Бұндай қымызды біздің де жасауымызға, өндіруімізге әбден болады. Біздегі өрістің кеңдігі, оттың қуаттылығы, малдың еркін жайылып, таза су ішуі, бәрі-бәрі де қымыздың сапасына тікелей әсер етеді. Жылқы қасиетті мал. Оның сүті де ем. Түн жайылатын, судың тұнығын ішетін, белгілі уағында сауынға өзі келетін малдың сүтін ұнтаққа айналдыру оның сапасына айтарлықтай әсер етеді. «Құрғақ қымыз» – таза қымыз емес! Әрине ұлттық сусынымыздың шетелдерде насихатталуы, таралуы дұрыс құбылыс. Бірақ ұнтақты саумалмен салыстыруға келмейді.
Ruh.kz: Қымыздың қолжетімді бағасы қандай болуы керек?
Нұргүл Охасқызы: 500 тг. Саумал да, қымыз да. Қыстың кезінде бағаны өсірсе болады. Себебі жұмысы да біршама ауырлайды. Мамырдың қымызы қаймақтай болады. Бұл қымыздың сапасына қарай бағасы да көңілге қонымды болмақ керек.
Ruh.kz: Әңгімеңізге рақмет! Еңбегіңізге табыс, жоспарларыңызға сәттілік тілейміз!