Жаңалық

Нұржан Мұхамеджанова: «Тіл мәртебесінің артуы өзімізге байланысты»

Бұл «Almaty» телеарнасының Бас директоры Нұржан Жалауқызының Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекеттік тілді оқыту бойынша «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» атты бірінші республикалық конгресінде айтқан сөзі.

«Мен қазақ тілінің, мемлекеттік тілдің мәртебесінің артуына Қазақстан халқы Ассамблеясының қосып келе жатқан үлесі үшін алғыс білдіргім келеді. Өйткені, кез-келген мәселенің, кез-келген сұрақтың өзінің дәрежесінде талқылануы, оның халыққа жетуі, оның әрдайым күн тәртібінен түспеуі – ол белгілі бір көшбасшыға байланысты», – деп бастады ол сөзін.

Мысалы, біздің Елбасымыз осы мәселені ҚХА құрылған алғашқы күннен бастап күн тәртібіне ұсынған еді. Ол «қазақ тілі тірегімізге айналуы керек» деген ойды Тәуелсіздігімізге биыл жиырма тоғыз жыл болса, осы жылдардың өн бойында айтып келеді. Осы мәселені жүзеге асыруда ҚХА үлкен ағартушылық, басшылық, ұйымдастырушылық, үйлестіруші рөл атқарып отыр. Қазір Almaty телеарнасын басқарып отырмын, телеарнаның құрылтайшысы – Алматы қаласының әкімдігі. Шаһар басшысы Бақытжан Әбдірұлы әрдайым мемлекеттік тілдің мәртебесінің үстем болуына үлкен мән береді. Өздеріңіз айтып отырған шенеуніктердің қазақ тілінде таза сөйлеуіне, дұрыс сөйлеуіне мән беріп, өзім жиналыстарға қатысып отырған кезде түзетіп, үнемі «дұрыс сөйлеңіздер» деп бағыттап отырады. Тілдің мәртебесін көтеру үшін тілдің таза болуына үлес қосу мақсатында кезінде осыдан он шақты жылдар бұрын «Тіл сақшысы» деген бағдарлама шыққан екен. Соңғы кезде әкімнің тапсырмасымен, ақылдаса отырып, «Тіл қорғаны» деген бағдарламаны бастадық. Бұл мемлекеттік тілдің таза болуына, мемлекеттік тілде сөйлейтін отандастарымыздың, кәсіпкерлердің тілге деген құрметінің артуына үлкен үлес қоспақ.

Жалпы әлеуметтік желілерде тіл мәселесі туралы оқып жүрміз. Тіл мәселесі, тілді үйренуге үндеу мәселесі біздің қазақтілділер мен басқа қазақ тілінде сөйлемейтін қазақтардың арасындағы текетіреске ұласып кетпесе екен деймін. Өйткені, соңғы кезде әлеуметтік желілерде сондай ойлар да белең алып жүр. Тіл – әрдайым елдің бірлігін, берекесін, ынтымағын арттыруға қызмет ететін құрал болып қалса, сонда ғана бәріміздің мақсатымыздың орындалғаны. Сондықтан, тілді балабақшадан бастап, бесіктен бастап, мектепте қазақ тілін үйрету өте орынды. Қазір Назарбаев зияткерлік мектебінде, «Зерде» мектептерінде, орта мектептерде домбыра үйретеді. Өте қуаныштымын. Екі күн бұрын немеремді мектептен алып кетейін деп барғанда есіктің алдында үш қыз таяқша ұстап «аттың басын бері тарт, аттың басын әрі тарт» деп жүгіріп жүр. Қарап тұрып риза болдым. Оларға риза болу арқылы ар жағында тұрған ұстаздарына риза болдым. Жастары алтыда, кейде біз білмейтін өлең жолдарын әп-әдемі оқиды. Сондықтан барлық дүние мектептегі, балабақшадағы тәрбиеден басталады деп ойлаймын.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button