Мақала

Нұркен Өтеуіл: «Оңай рөл жоқ!»

Театр мәдениеті, ұлттық код, «Рухани жаңғыру» жобалық бағдарламасы туралы өнер адамдарының ойы осы сұқбатта.

 

Театр – Қазақстан табысының бірі. Октябрь жемісінің бір ұшқыны. Мәдениет майданымыздағы арнаулы бір арна.

 

Ілияс Жансүгіров

Еліміз егемендік алып, етек-жеңімізді қымтап үлгердік. Бұл – еңбек. Шын еңбек. Алайда егемен ел болуымыз үшін, еңсесі биік, жан-жақсы дамыған мемлекет болуымыз үшін бұл аздық етеді. Ол да рас.

 

Кино және театр актері, эстрада әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіловпен және актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айнұр Бермұхамбетовамен кездесіп, қазіргі қазақ театры, театр мәдениеті, көрермен мәдениеті, рөлдер мен олардың күрделілігі жайында аз-кем сұқбат құрып қайтқан едік. Мархабат!

 

Ruh.kz: Сіздің түсінігіңіздегі Абай образы?

 

Нұркен Өтеуілов: Негізі Абайтанушы емеспін. Бірақ, театр адамы ретінде, Абайдың рөлін сомдаған адам ретінде біршама іздендік. Бұл актердің міндеті де. Абай мен үшін де, күллі қазақ үшін де ұлы тұлға. Абайды оқысаң адаспайсың! Абай – бағдаршам секілді. Істен гөрі ойдың алда жүруі, сананың алда жүруі секілді дүниелердің барлығын Абайдан таба аламыз. Бойымыздағы қасиеттер, ұлттың ғана емес, адамзаттың деңгейінде ойлау, адам болу секілді біршама дүниені Абай шығармашылығынан анық аңғарамыз. Сондықтан мен сахнаға алып шыққан Абайдың кемелдігі, ойы, ісі баяндалады.

 

Ruh.kz: Біріңіз Абай рөлін сомдасаңыз, біріңіз Айкерім рөлін сомдадыңыздар. Бір үйде екі бірдей театр әртісі болған қандай екен?

 

Айнұр Бермұхамбетова: Бірдей ойлау деген түсінік бар. Сол бізге де тән. Бір топта оқыдық, бір сахнада ойнадық, бір жерде жұмыс істеп келеміз. Түсінбегенімді осы кісіден сұрап отырамын. Бір-бірімізге үйде де, жұмыс та да демеу болып, ақыл қосып, кеңес беріп отырамыз. Бұл қызық та шығар, бірақ жақсы жағы өте көп (күліп).

 

Ruh.kz: Білуімізше Бейбарыс та өнер жолын таңдады. Сіздер бұған қалай қарайсыздар?

 

Айнұр Бермұхамбетова: Көзін ашып, көргендері осы біз ғой?! Кейде жұмысқа ертіп келіп те жүрдік. Достарымыздың арасында дәрігер де, ақын да, ұстаз да, әнші де бар. Дегенмен ортада қозғалатын тақырып – қазақ өнері турасында. Осыны естіп өскен балалар ғой?! Қан жібермейді ғой (күліп)?! Таңдаған мамандығы да осы.

 

Нұркен Өтеуілов: Қазақтың салт-дәстүрін, қасиетін бойына сіңіріп өскен бала жаман болмайды. Бәлкім кейін келе мамандығын өзгертер?.. Бірақ қанында, жанында, жүрегінде ұлттық рух жату керек. Ұлттық рух біздің мәдениетіміз бен өнерімізде жатыр. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден!», – дейтін сөзі бар. Сондықтан баламның өнердің ортасында, ақындардың, жазушылардың жанында жүргенін, солардың өнерге деген жанашырлығын, сана-сезімін бойына сіңіріп өссе деген ниет-тілегім ғана бар. Баламның қай салада болмасын ұлттық намысты, ұлттық болмысты, ар мен ожданды қара басының пайдасынан анағұрлым биік қоятын тұлға болып қалыптасқанын көргім келеді. Менің ойымша әр ата-ананың арманы осы.

 

Ruh.kz: «Тек» дейміз. Әр қазақтың қанында текті бір атасы болған шығар?! Олардан туған балада да сол тек сақталады емес пе?! Демек, жастарды «тексіз» деуіміз, «руханияттан алыстап кетті» деп кеюіміз орынсыз ғой?

 

Нұркен Өтеуілов: Әрине! Қазіргі жастар өте талантты. Дегенмен рухани байлық дер кезінде сіңіріліп отыруы керек. Кімге де болсын.

 

Мысалы: кеше ғана қаршадай қыздың ауызынан шыққан сөздің арқасында, #Абай175 эстафетасы әлемдік деңгейде қолдау тауып келеді. Осындай дүниелерді ұрпақ санасына сіңіруіміз керек. Әр елдің өз ойшылдары мен даналары бар. Оларға лайық құрметтері де жоқ емес. Осындай даналардың сөзін айтып не жазып қана қоймай, іспен, әрекетпен үлгі ете білуіміз керек, түсіндіруіміз керек. Осы жобаны қуана қабылдап, отбасымызбен қолдап, атсалысып жатқан жайымыз бар.

 

Оның ішінде жеке менің «Жан» атты моноспектаклім де бар. Спектакль хәкімнің қара сөздері мен өлеңдерінен тұрады. Абайдың кемелдігін, көрегендігін, ұлтқа деген жанашырлығын, болашаққа қалдырған аманатын көрерменге жеткізу арқылы ұрпаққа қалдыруды мақсат еттік. Абаймен «қоректенсек» жаман болмаймыз!

 

Ruh.kz: Театр қандай жер? Қазіргі қазақ театрының хәлі қалай?

 

Айнұр Бермұхамбетова: Біріншіден, амандық болса, 6 шілдеде біздің театрға арналып салынып жатқан жаңа ғимараттың ашылу салтанаты өтеді. Құдай қаласа! Сол сахнада өнер көрсетеміз деп үміттіміз. Ол да бір қазақ руханиятына жасалған оң қолдау деп білеміз.

 

Нұркен Өтеуілов: Театрда үлкен өнер жатыр, ғасырлар сүзгісінен өткен қаймана қазақтың мәдениеті жатыр.

 

В.Н Гоголь: «Теарт деген еріккеннің ермегі емес. Әрбірден соң, ешкімге қажеті жоқ бос әурешілік те емес! Егер оның шаңырағының астына бір-біріне мүлдем ұқсамайтын мыңдаған адам сыйып, сол мыңдаған адам бір сәтті күліп, бір сәтте күңіреніп, бір сәттә көзіне жас алып, күрсінетін болса, оны қалайша қасиет тұтпайға болады?! Ол барша әлемнің алдында асқақ үніңді білдіре алатын алып кафедра».

 

М.О. Әуезов: «Театр – ақыл мен сезімге нәр беретін орын».

 

Осы іспетті театр жайлы өз пікірін білдірген қаншама ұлы тұлғалар бар. Біздің мәдениеттің құнарын сақтап тұрған осы театр. Театрда Әуезовтың, Ғ.Мүсіреповтың, Шекспир мен Толстойдың ойлары бар. Театр – қазақ өнерінің үлкен діңгегі. Актерлердің образды жеткізе алуы, немесе, керісінше, жеткізе алмауы театрдың «әлсіздігін» білдірмесе керек. Театрға келетін, қойылымдарды тамашалайтын, қойылым кезіндегі аураны сезіне білген, театрды түсіне білген ұрпақ жаман болмайды.

 

Біздің қоғамымыздағы тетардың алап отырған орыны өте үлкен. Біздің мәдениетімізді, тәрбиемізді қалыптастыратын жер – тағы да театр. Мойындау керек, қазір сахнада мәнсіз күлкі мен мағыналы қойылым, құнарлы ән мен небір түрлі арзан шоу қатар жүр. Осыны сараптау қажет. Осының ішінен қажеттіні алып шығып, ұрпаққа соны насихаттауымыз керек.

 

Ruh.kz: Жаһандық мәдениеттің қолжетімді болған дәуірінде, адам іздегенін аз ғана уақыт ішінде таба алатын уақта, небір алып кинокомпаниялар жыл сайын жаңа туындыларын ұсынып жатқан шақта театр өз биігінде қала ала ма?

 

Нұркен Өтеуілов: Бұл бір өтпелі шақ секілді. «Өлара кезең». Театрда жан бар. Сондықтан бұл өнер өлмейді. Мен былайша салыстырамын: арзан шоу мен сапасыз фильмдерді – «fast food» деп, ал ұлттық рухы бар туындыларды, ұлттық өнерді, шынайы таза өнерді, театрды – «құрт, қымыз, қазы» деп алайық. Екеуін де тұтына беретіндер бар. Бірақ, «fast food»-ты күнде тұтыну неге алып барады? Екеуінің дәмі мүлде басқа тақырып. Пайдасы мен зияны да жер мен көктей емес пе?!

 

Біз қазір таза да пайдалы өнімге зәруміз. Және сондай өнімдерді тұтынғымыз-ақ келеді. Адам түптің түбінде «тірі» дүниені, пайдалы да сапалы дүниені іздеп келеді.

 

Ruh.kz: «Жаһандық мәдениет» дейміз, «Заманауи қазақстандық мәдениет» дейміз, қазіргі қазақ көрерменінде мәдениет бар деп айта аласыз ба?

 

Нұркен Өтеуілов: Мені осы жағы қынжылтып жүретін. Бізге көрермен мәдениеті жетіспей жатады. Шетелде көп боламыз. Театрға келген көрерменнің есіктен кіргенінен мәдениет басталады. Оның киімін тапсыруы, кезекте тұруы, орнына отыруы, қошемет көрсетуі, киімін алуы, есіктен шығуы, бұның бәрі үлкен мәдениет. Ал біз… Көш жүре түзеледі.

 

Қайбір кездері 3-4 адамға арнап қойылым қойған кездеріміз де болған. Көрермен болмаған кездерді де көргенбіз. Кейінгі 20-25 жылдың ішінде көрермен өте өзгерді. Әлі де өзгеріп келе жатыр. Біртіндеп қалыптасып, мәдени тұрғыдан дамып келеді. Мәдениет білім арқылы, оқу арқылы келеді. Сана да солай қалыптасады.

 

Ruh.kz: Ең күрделі рөл?

 

Нұркен Өтеуілов: Қызық сұрақ екен. «Оңай» рөл жоқ. Актер рөліне дайындалса, барынша шынайы ойнауға тырысса, ол оңай болмақ емес. Дайындықсыз, жанашырлықсыз дүние ғана оңай болады деп білемін. Қандай рөлге болмасын дайындық кезінде актер жанын жеп қояды. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан арылып қалады. Үлкен жауапкершілік. Бәрі қиындықпен, дайындықпен, жауапкершілікпен келеді. Оралхан Бөкейдің – «Актер – күні-түні ұйықтамайтын, оқу-тоқуды таңдап алған маман», деген сөзі бар. Сахнада сенің ілімің, деңгейің, білімің көрінеді. Көрермен қырағы. Саяз болсаң аңдап қалады. Осы жолды таңдап алған соң өзіме берілген рөлді барынша жақсы алып шығу менің азаматтық та, актерлық та борышым деп түсінемін.

 

Ерекше күрделі рөлдерім деп «Абай» мен «Гамлетті» айта аламын. Абайдың адамдық, ақындық болмысын анықтау үшін көп іздендік. «Жан» моноспектаклін сахнаға алып шығу үшін 5 жылдай уақыт кетті.

 

Ruh.kz: Еңбек-ақ екен! Топ 5 қойылым?

Нұркен Өтеуілов: «Ләйлі-Мәжнүн», «Ғасырдан да ұзақ күн», «Абай», «Бір кем дүние», «Үйлену комедиясы» мен «Жанна дАрк».

 

Ruh.kz: Топ 5 актер?

 

Нұркен Өтеуілов: Сырым Қашқабаев, Қуандық Қыстықбаев, Жасұлан Ерболат, Ержан Нұрымбет, Тлектес Мейрамов.

 

Ruh.kz: Топ 5 актриса?

 

Нұркен Өтеуілов: Гүлжан Әспетова, Ләйлә Бекназар-Ханинга, Алтынай Нөгербек, Ботагөз Мақсұтова, Инабат Әбенова.

 

P.S: Негізі білікті де білімді, қалың көрерменнің ықыласына бөленіп жүрген актерлер де, актрисалар да бестіктен әлдеқайда көп. Бірақ сіздің талап солай болғандықтан осылай жауап беруіме тура келіп тұр.

 

Ruh.kz: Топ 5 театр?

Нұркен Өтеуілов: Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ музыкалық драмма театры (Петропавл), Жастар театры (Нұр-Сұлтан), Nomad комедия театры (Нұр-Сұлтан), Жас сахна (Алматы), Нұрмыхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драмма театры (Ақтау).

 

Ruh.kz: Сіз оқуға кеңес беретін 10 кітап?

 

Нұркен Өтеуілов:

1.     Мұхтар Әуезов

2.     Мұхтар Мағауин

3.     Оралхан Бөкей

4.     Шыңғыс Айтматов

5.     Абай Құнанбайұлы

6.     Бауыржан Момышұлы

7.     Әзілхан Нұршайықов

8.     Әбіш Кекілбаев

9.     Рақымжан Отарбаев

10.   Қабдеш Жұмаділов

 

Ruh.kz: Қазір кімдерді оқып жүрсіз?

 

Нұркен Өтеуілов: Классиктерден бөлек, қазіргі ақын-жазушыларды да оқып тұрамын. Ақберен Елгезек, Ерлан Жүніс, Қалқаман Сарин, Мирас Асан және т.б. ақындарды, Бейбіт Сарыбай, Аягүл Мантай, Алмаз Мырзахмет сынды жазушылардың жаңа шығармаларын бірінші болып оқитындардың қатарындамын.

 

Ruh.kz: «Рухани жаңғыру» ұғымын қалай түсінесіз?

Нұркен Өтеуілов: Мен үшін «Рухани жаңғыру» – санамыздың жаңғыруы, жаңаруы. Біздің ойымыздың жаңашалануын, жаңалықтарға ашық болуын, негізсіз қалыптасқан қағидалардан арылуын, алға жылжуды сананың жаңғыруы деп есептеймін. Бұның ішінде барлық сала бар. Өнер де осында, ән мен күй де осында, спорт пен саясат та осында, экономика мен технология да осында.

 

Ruh.kz: Жастарға айтарыңыз болса?

 

Нұркен Өтеуілов: Өзіміз де қартайып тұрған жоқпыз (күліп). Адамда жалын деген болады. Жастық жалыны, жастықтың оты бөлек сөз, бөлек тақырып. Биылғы жылдың «жастар жылы» деп бекуі үлкен мағыналы іс. Жастардың қандай бағытта қалай дамып келе жатқанына назар аударуымыз керек. Тәрбиесіне, қызығушылығына көңіл бөлуіміз керек. «Мен жастарға сенемін!»

 

Ruh.kz: Өнер – ардың ісі. Елім дейтін ер болмаса, ерім дейтін ел де жоқ. Қазақ деген жаныңызға амандық, еңбегіңізге жеміс тілейміз!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button