Жаңалық

Нұртөре Жүсіптің «Жолыққан жандар» кітабы жарық көрді

Нұр-Сұлтандағы Ұлттық академиялық кітапханада публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сенатор Нұртөре Жүсіптің «Жолыққан жандар» атты кітабының тұсаукесері өтті.

https://youtu.be/vv2z-RDE2KM

Жинақта автор өзінің журналистік жолында жолыққан бірқатар тұлғалары туралы толғанып, замандастары, әріптестері  мен сыйлас азаматтар жайлы сыр шертеді. Мысалы, автордың қазақтың көрнекті жазушысы, Алтайдың кербұғысы атанған Оралхан Бөкей туралы «Асау жүрек аяғын шалыс басқан» эссесі осы кітапқа енген. Оралхан ағасының ең соңғы сапарында бірнеше күн қасында болған Нұртөре Жүсіп сезімтал жүрек, ұшқыр қаламмен жазушының әр сөз, қимылын ыждағатпен жадына тоқи білген. Даңғаза дақпырттан үнемі бойын аулақ салып, оңаша жүруді ұнататын жазушы ағасына інілік ізетпен қызмет көрсеткен. Онысын риясыз көңілмен қабылдаған жазушы да қаламдас бауырымен ашыла сырласқан. Қаламгер соның бәрін қаз-қалпында хатқа түсіріп отырған.

«Жинақтағы кейіпкерлер түгелдей автордың көрген-білген, өмірде араласқан, кейі тіпті дос-жар болған адамдары. Сондықтан автор не жазса да сендіре жазады, бұрын көп ешкім айтпаған, байқамаған оқиғалар мен деректерді ойнатып отырады», дейді кітаптың алғысөзін жазған қоғам және мемлекет қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Тұсаукесерге жиналған зиялы қауым да Нұртөре Жүсіптің шығармашылығына тоқталып, жаңа кітапқа ақ жарма тілектерін білдірісті. Жинақтың ерекшелігіне тоқталған белгілі журналист Шерхан Қазығұл: «Бұл эсселер жинағы маған тыңнан түрен салған шығарма болып көрінді. Өйткені біздің қазақ журналситикасында портрет жазудың қалыптасқан бір схемасы бар. Барлығымыз соған салып алып, тұлғаны тіліміз жеткенше жазып шығамыз. Адамның ойынан артық соның портретін жасайтын деталь жоқ деп ойлаймын. Соның ең алғашқы үрдісін тағы да Нұртөре салып отыр. Бұл кітапта автор кейіпкерінің қылықтарын, еңбегін тізіп, жылтыратып көрсетпейді. Қайта кейіпкерінің ойы арқылы портретін ашады. Бұған дейін қазақ журналистикасында бұндайды өз басым кездестірген жоқпын», деді.

«Өмірде маған көп жақсы адамдар жолықты, жақсы ұстаздарым болды. Журналистік жолда да талай адаммен жүздесуге, жолығуға тура келеді. Бұл  кітап – Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тартуым. Жинақта 30-ға тарта азаматтардың адамдық болмысын ашып көрсетуге бағытталған эсселер топтастырылған. Бұл ел тәуелсіздігі жолында аянбай еңбек еткен тұлғалардың портретін сомдауға жасалған бір талпыныс еді», дейді автор.

Нұртілеу Байтілесұлы Жүсіп – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі, Прзидент сыйлығының және Б.Бұлқышев, С.Садуақасов атындағы сыйлықтардың иегері. Автордың бұған дейін «Біз кімнен кембіз?», «Қазақтың қызы», «Елес пен белес», «Тәуелсіздік лебі: ел мен жер», «Мың құмырсқа және біз» атты публицистикалық жинақтары жарық көрген.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button