Жаңалық

Облыстық кітапхана онлайн жобаларды іске қосты

Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасы елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде онлайн жобаларды жүзеге асырып, оқырмандармен онлайн режимде жұмыс жасауда.

Онлайн жобалардың мақсаты – оқырмандардың уақытын тиімді өткізу. Бүгінде кітапхана белгілі даталарға байланысты халықаралық және дүниежүзілік мерекелер қарсаңында онлайн кездесулер кешенін бастады. Мәселен, 27-наурыз халықаралық «Театр күні» қарсаңында Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театрының директоры Арман Темірбекпен кездесу өткен болатын.Театр басшысы әріптестерін төл мерекесімен құттықтай келе, өнердің қарашаңырағының аяқалысы жайлы айтты. Театр ұжымы медициналық масканы қолдан тігіп, қала тұрғындарына тегін таратты. Айта кетерлігі, Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрының құрылғанына биыл 30 жыл толады. Театр басшысы алдағы жоспарларымен де бөлісті.

«Күлкі күні» аясында Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, сатирик Сайлау Байбосынмен онлайн кездесу өтті. Жүздесу барысында Сайлау Әшенұлы қазақы қалжың жайында, белгілі классиктердің шығармашылығындағы сатираның алар орны туралы кеңірек айтып берді. Сондай-ақ өзінің әзіл өлеңдерін оқып, оқырмандарды Күлкі күнімен құттықтады.

Келесі кездесу Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалының директоры, ақын Жарқынбек Амантайұлымен ұйымдастырылды. Онлайн кездесу барысында ақын жергілікті филиалдың бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқтала келе, жеке шығармашылығы бойынша қойылған сұрақтарға жауап берді. Жарқынбек Амантайұлы «Аллажар», «Ескі сурет» кітаптарының авторы. Ол бүгінге дейін көптеген аймақаралық, республикалық жыр мүшәйраларына қатысып, өңір мерейін асырды.

2 сәуір –«Балалар әдебиеті күнінде» балалар әдебиетінің өкілі Елена Игнатовамен кездесу, ал 7 сәуір «Дүниежүзілік денсаулық сақтау күні» қарсаңында қаладағы №2 емхананың дәрігері Әділбек Әбілхақовпен онлайн кездесу ұйымдастырылды. Сонымен қатар дәрігер-педиатр, Павлодар облысы педиатрлар қауымдастығының мүшесі, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының 2019 жылғы қатысушысы Нұржамал Әубәкіровамен онлайн дәріс өткізілді.

12 сәуір −ғарышкерлер күніне орай Андрей Калинин ғарыш әлеміне онлайн режимде саяхат жасады. Ал «Тайм менеджмент: жоспарлау» тақырыбында PhD докторы Гауһар Жұмабекова көпшілікпен керекті кеңестерімен бөлісті.

Облыстық кітапхана онлайн режимде оқырмандар арасында «Кітап оқу марафонын» ұйымдастырған еді. Бүгінге дейін елуден астам оқырман аталған марафонға қатысып, бос уақыттарын тиімді өткізуде.Олардың қатарында мектеп оқушылары, шалғайдағы ауылдардағы оқырмандардың да ерекше белсенділікпен қатысып жатқандығын айта кеткен жөн.

Кітапхананың әлеуметтік желілерінде кәсіби мамандар, балалар әдебиеті бөлімі жеткіншектерге арналған «Брошь из фетра», «Плетение косичек» онлайн шеберлік сағаттарын өткізуде.Күнделікті тұрмысқа ауадай қажетті кеңестермен бөлісетін «Фиалочка», «Мастерица» онлайн дәрістері де оқырман көңілінен орын тапты.

«Дәстүрлерді дәріптейміз» айдарында қазақ халқының көнерген дәстүрлерін насихаттау жұмыстары жүргізілуде. Аталған айдар облыстық кітапхананың әлеуметтік желілерінде күн сайын жарияланады.

«30 тәулік – 30 кітап» жобасы аясында аймағымыздағы қаламгерлердің кітаптарын оқырмандарға оқуға ұсыну жұмысы жасалуда.

«Бір ел – бір кітап-2020» жобасы бойынша виртуалды музей жұмыс істеп тұр.

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Абаймен серуендеу» онлайн жобасы іске қосылды. Жаңа жоба аясында елімізге белгілі әдебиеттанушылар мен ғалымдар хакімнің құнды мұралары бойынша онлайн дәріс оқуда. Атап айтсақ, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Серік Елікбай «Абай Құнанбаев» атты танымдық дәріс оқыды. Жергілікті ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Раушан Мүтәлиева МұхтарӘуезовтың «Абай жолы» романы бойынша онлайн дәріс өткізді. Алдағы уақытта филология ғылымдарының докторы, профессор Айтмұхамбет Тұрышев «Абай тағылымы» тақырыбында, абайтанушы, жыршы Даниял Әсенов «Абай шығармашылығындағы философиялық ойлар» тақырыбында дәріс оқитын болады. Жоба аясында тағы да басқа белгілі ғалымдар және әдебиетшілермен онлайн дәріс өткізу жоспарланған.

Кез келген оқырман СұлтанмахмұтТорайғыров атындағы облыстық кітапхананың ресми сайтына немесе әлеуметтік желілердегі парақшаларына кіріп, сілтемелер арқылы кітаптардың электронды нұсқасын оқи алады. Кітапхана сайтындағы «QR кітапхана», «Ертістің Павлодар өңірінің әдеби картасы», «Павлодар облысының цифрлы баспа банкі», «СұлтанмахмұтТорайғыровтың виртуалды энциклопедиясы»,«Есімдер шоқ жұлдыздары» тағы да басқа бөлімдеріне кіру арқылы қажетті мәліметтер мен қызықты деректерге қолжеткізуге болады.

Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың басшысы Шолпан Шахметованың айтуынша, ағымдағы жылдың 15 сәуірінен бастап жаңа жоба қолға алынды. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған «Жырлаймыз Ұлы Жеңісті» өлең оқу челленджін кітапхананың қызметкері Қарлығаш Қашқынбайавторлық өлеңімен бастап кетті. Акция аясында өңіріміздегі ақындар соғыс жылдарына, Жеңіс күніне арнаған төл туындыларын, сондай-ақ белгілі классиктердің соғыс тақырыбында жазған шығармаларын оқитын болады.

Карантин кезінде бос уақытты тиімді өткізуге таптырмас мүмкіндік бар. Ол үшін СұлтанмахмұтТорайғыров атындағы Павлодар облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ресми сайтынан, кітапхананың фейсбуктегі @pavlodarounb (https://web.facebook.com/pavlodarounb/) және инстаграмдағыpavlodarlibrary (https://www.instagram.com/pavlodarlibrary/?igshid=19wtlfxmqkci5)парақшаларына кіріп, қызықты мәліметпен танысуға болады.

Павлодар облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button