Жаңалық

ОЮ-ӨРНЕКТЕР ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ МАҒЫНАЛАРЫ

Қазақ халқының ою-өрнектері қалай сөйлейді? Қай ою қандай мағына білдіреді?

(қысқаша түсінік)

Қазақ халқы – өнерлі, ісмер халық. Ол өзінің тіршілік ізін, ою-өрнегін байтақ даладағы сахараның сан алуан тасынан күнделікті тұрмыс бұйымдарына дейін нақыштап, әшекейлеп, таңқаларлық тамаша суреттер, белгілер қалдырып отырған. Айталык, айбалта – күш-қайраттың, торсық – тоқтықтың, әртүрлі аң – таулы өңірдің, ағынды су – егістік өңірдің, карға тұяқ – қыстың, мал – жайлаудың, жарқанат жұлдыз арадағы құпия белгілерді білдірген. Сонымен бірге ою-өрнекті теңдеме ою, жүздеме ою, сыңар ою деген сияқты түрлерге бөліп, оның бірінен-бірін туындатып, байытып, дамытып отырған. Төменде сол ою-өрнектердің кейбір жеке түрлері жөнінде түсінік жасай кетпекпіз.

Құсмұрын. Жас қыздар мен жігіттердің киімдеріне, жаңа отаулардың жасау-бұйымдарына, иір-иір оюлардың араларына осындай құсмұрын белгілер көп түсіріледі. Құсмұрын ұшқан құстай самғай беруді, ерікті, бақытты болуды меңзейді.

Түйетабан оюы алыс сапар белгісін білдіреді. Мұндай ою-өрнектер көбінде түйенің қомына, жабуына, керуенге қажетті басқа бұйымдарға көп түсірілген. Әсіресе, «Ұлы Жібек жолы» бойынан табылған қазындылардан көп табылуына қарағанда, сол кезде мұндай оюлар жалпыласқан тәрізді.

Итқұйрық оюы жақын аралықты білдірген. Өйткені ит алыс сапарға ілеспейді, ұзаса күндік жерге ғана барады. Сондықтан өгіздің шомына және басқа да жақын аралықты білдіретін бұйымдарға итқұйрық белгісі түсірілетін болған.

Қошқармүйіз. Қошқарды қазақ қатты қадірлейді. «Бурада айдаһардың екі түгі, қошқарда бір түгі бар, сондықтан адамға айбарлы көрінеді» деп есептейді. Қошқар мүйізді өрнектер қазақ ою-өрнектерінде өте көп кезігеді. Ол қуаттылықтың, жақсылықтың, молшылықтың белгісін білдірген. Ұрпақтарының осындай болуын арман еткен адамдар бала-шағаларына арнап жасаған бұйымдарына қошқармүйіз өрнегін көп түсірген.

Омыртқа – қайраттылықтың, ерліктің белгісі. Ер-азаматтарға арналған бұйымдарда, батырдың киімдерінде омыртқа тәрізді ирек белгілер көп нақышталған. Өйткені беломыртқасы мықты адамның қайратты болатындығы, белдескенге бой бермейтіндігі жалпы жұртқа мәлім.

Құстаңдай. Шешендердің, ақындардың шапандарында және басқа киім-кешектерінде құстандай белгілері көп кестелентен. Мұның өзі – тілді-жақты бол, үнің бұлбұл құстың үніндей жағымды, жан сүйсінтерліктей ләззатты болсын деген тілек.

Қолтық ою. Қазақ халқы текеметке, от киізге көбірек «қолтық ою» белгісін салған. Мұнысы «келіңіз, өз үйіңіздей аунап-қунаңыз, құшағымыз ашық» деген кең қолтық белгіні, ақ көңіл, қонақжайлықты білдіргендік болып табылады.

Әшекей тәрбие-тəртіпке, әдет-ғұрыпқа, салтанат-сәндікке лайық туындаған. Көшпелі тұрмыс жағдайында «адамгершілік», «ибалылық», «мейірімділік», «әділеттілік» деген ұғымдарды халқымыз өз ұрпақтарына осындай дүниелер арқылы түсіндіріп отырған.

Сыңар білезік – халқымыз күнге, айға, аспан денелеріне табынып жүрген сонау бағзы заманда туындаған белгі. Өзі ұнатқан қыздың қолына жігіт сыңар білезік салған. Мұны лайық көрген қыз ас-тойларда сыңар білезікті қолынан тастамай салып жүрген. Бұл сол қыздың сүйген жігітінің бар екенін білдірген.

Қос білезік. Қыз бен жігіт үйленгеннен кейін жігіт келіншегіне «шебер, ұқыпты бол» деген ниетті білдіріп, қос білезік сыйлаған. Оң қол білезігі «бес білезік» деп аталып, бес бөлек заттан – бір білезік, бір бекітпе, екі жүзік, бір оймақтан кұралған.

Алқа сыпайыгерліктің, сәндіктің белгісі болған. Қызы он жасқа келген соң ата-анасы оған екі алқа тағады. Екі алқа (кос алқа) «енді үлкейдің, секектемей сыпайы жүр, сонда ғана алқа-моншағың өзіңе жарасып, жүріс-тұрысына сән береді» деген ақыл-кеңестің белгісі. Дәулеткерейдің «Қос алқа» күйі – осындай өмірдің суреті.

Бір дөңгелекті жүзік күн белгісін білдіреді. Халқымыз ертеде күнге табынғанының дәлелі бұл. Өз билеушілерін «Күн тәңірінің жіберген елшілері» деп біліп, «Күнби» деп атаған. Сондықтан өзі тілеулес адамдарға бір дөңгелекті жүзік сыйлаған. Бұл «сізге жаратқаннан амандық тілеймін» деген ұғымды білдіреді.

Қос дөңгелекті жүзік пен мөр жүзік мейірімділік және әділет белгісін білдіреді. Қалың қос дөңгелекті жүзік, әдетте, қолбасшы адамдарға арналып жасалады. Мұндай жүзіктер мөр орнына да жүрген. Тас көздің бетіне кейде адам аты да жазылған. Ал мөр жүзіктің кішкене түрін «құдағи жүзік» деп атаған. Ұзатқан қызын іздеп барған анасы қызының ол жерде өте көңілді екеніне көзі жетсе, қыз енесінің қолына «құдағи жүзік» салған. Ертеректе адамдар осыған қарап-ақ ондай ененің келінге жайлы екенін білген.

Сұлтан МҰСТАФИН,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button