Ойыл өзені неге ортайды?
Биыл жаз бойы Ақтөбе мен Атырау облыстарының аумағын көктей өтіп жатқан Ойыл өзені суалып, Жем тартылып, жағасындағы ел судың тапшылығын сезінді.
Ойылдың түбі көрінді
Бастауын Мұғалжар тауларындағы еріген қар суы мен бұлақ көздерінен алып, жауын-шашынмен арнасын кеңейте ағатын Ойыл өзені Тайсойған құмында бірнеше тармаққа бөлініп, Жалтыркөл мен Ақтөбе көлдері арасындағы Қаракөл тұсында сазға сіңіп жоқ болады. Бұрынғы кезде су тасыған мезгілде арнасы 10 метрге дейін ұлғаятын, ұзындығы 800 шақырым болатын өзен Жайыққа келіп құйған екен. Қазір Жайыққа жетпейді, тым таязданған арналары жіңішкеріп, үзіле ағады.
Қыркүйектің басында өзеннің Атырау облысындағы Миялы елді мекені тұсындағы балшыққа айналған Жыланбас деген сағасының балығы қырылды. Ойыл ауданының Миялыға өтер шекарасындағы Қаратал сағасының суы ағынсыз болғандықтан жасыл түске боялып, борсып кетті. Құрғаған Қараталдың жағасына шабындық шөп те шықпады. Содан ала жаздай Қаратал ауылының тұрғындары не шөп шаба алмай, не бақшаға су жеткізе алмай әбден қиналды. Соғыс жылдары атақты тарышы Шығанақ Берсиев осы Қараталдың майда топырағы мен сулы арнасына еккен тарының әр гектарынан 200 центнерден өнім алып рекорд жасаған. Кейін берсиевшілер бригадасы осы алқаптан гектарына 100 центнерге дейін тары жинаған ырысты мекеннің суы тартылған соң ажары кетті. «Қаратал құрғаса, тұрғындар ауыз сусыз қалып, таяу маңдағы Барқын құмдарында шоғырланған жер асты суы да жоғалады», дейді Қаратал ауылының тұрғыны Ерсұлтан Максимов.
Ойылдың тартылуына келгенде, пікір үшке жарылды. Ауыл тұрғындары өзен бойындағы бау-бақша егетін шаруашылықтар су арнасын өз қалауынша бұрып, бей-берекетсіз бөгеп жатыр дейді. Қаратал ауылының тұрғыны Серікқали Құлтеміров бөгетке су жиналмаудың себебінен көреді. Ол: «Бұрын Ойылдың Қаратал сағасының тұсындағы Тамдыкөл бөгетінің шлюздері күзден көктемге дейін жабылатын. Содан көктемде су тасып, Қаратал арнасы әбден толғанда, жиналған су маусымның басынан Миялыға қарай жаз бойы жайлап жіберіліп отырады да, күзде шлюздер қайта бекітіледі. Қазір ағынды суды ешкім бөгемегендіктен, арна толмайды, су құмға сіңіп кетеді», дейді.
«Ойыл өзені қар мен жаңбыр суынан толығады. Екі жылдан бері жауын-шашын өте аз, қыста қар аз жауып, жерге тоң қатпады, жаңбыр да сирек жауды. Алдағы қыста қар көп болса, көктемде өзен арнасы көтеріледі деген үміт бар», – дейді Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев.
Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Жайық-Каспий» бассейндік инспекциясының басшысы Ғалидолла Әзидуллиннің пікірі де Асқар Қазыбаевпен үндес: «Өзен суының азаюына құрғақшылық циклі әсер етті. Шындығында, жолай судың арналарын бөгеп, жібермей отырған ешкім жоқ».
Экологтар Ақтөбе облысының далалық өзендері адам қолымен жасалған жыртқыштық әрекеттердің салдарынан жылдан-жылға құрып барады дейді. «Экожүйені қалпына келтіру үшін өзен жағалауын бойлай, әсіресе таязданған бөліктерінде жасыл желекті көптеп егіп, өзен арналарын тазалау қажет», – дейді эколог Александр Мандрыкин.
Ақтөбе облысының Жем, Ойыл, Ырғыз, Ор, Сағыз өзендерінің арналары биыл мүлде жіңішкеріп кетсе, Сағыз үзіліп қалды. Бұл өзендердің бәрі де Орал тауының оңтүстік жалғасы – Мұғалжар жоталарының биігінде еріген қар суынан қоректенетін бұлақ көздерінен жиналады. Ойылмен 712 шақырым бойы қанаттас ағатын Жем өзені де бастауын Мұғалжар тауының оңтүстік-батыс беткейіндегі бұлақтармен жалғасқан Жанай және Жалаңаш өзендерінен алады. Қараша түсе қатып, сәуір туа салысымен қайта еритін Жем өзені де қазір үзіле-үзіле кей жерінде аралшыққа айналды, кей жерінде құрғап жатыр.
Ақтөбе облысындағы далалық өзендер суының таяздануына Мұғалжар тауындағы өзгерістер тікелей себепші. Таудың шеткі бөлігі – Бершүгір жотасындағы 20-дан астам қиыршық тас зауыттары 6-7 жылдан бері жоталарды талқандап келеді. Қазір тау баурайындағы бұлақ көздері бітеліп, жерүсті және жерасты суларының айналымы бұзылды. Экологтардың тағы бір жорамалы Жем, Темір өзендеріне жақын орналасқан мұнай кеніштерінің зардабы тиіп жатыр. Өйткені мұнайы алынған жерасты қабаттары босап қалғандықтан, су жер астындағы бос кеңістіктерге қарай ағып кеткен.
Тау талқандалса, бұлақ көздері жоғалады
Солтүстік Каспий ойпаты мен Мұғалжар тауларының батыс, шығыс беткейлерінен бастау алып, меридиан бойымен ағатын өзендер құбылысын Атырау облыстық тарихи-мәдени мұраларды зерттеу орталығының археологы Сейілхан Аманқұлұлы Санкт-Петербург Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Н.Ханыковтың 1843 жылы жариялаған «Ішкі және Кіші Орданы алып жатқан Қырғыз даласындағы елді мекендер жөніндегі» мақаласынан тапқан. Орыстың ориенталист ғалымы мынадай тұжырым жасайды: «Мұғалжар тауларынан басталатын Жем, Сағыз, Ойыл өзендері батыс бағытқа көлденең ағады. Сол себепті ағысы өте жәй. Өзен бойымен бұлақ көздерін балдырлар мен қамыс, қоғалар бітейді. Жаздың күндері суы құрғап, қыста түбіне дейін қатып қалмас үшін өзен бойын мекендеген малшылар бұлақ көзін өз күштерімен тазалайды. Ал Мұғалжар тауының шығыс бетінен бастау алатын Ырғыз, Торғай өзендері солтүстіктен оңтүстікке тіке ағатындықтан сарқылмайды. («Ішкі істер министрлігінің журналы», 1843, «Ішкі және Кіші Орданы алып жатқан Қырғыз даласындағы елді мекендер жөнінде» мақаласы, 28-б.)
Сейілхан Аманқұлұлы «Н.Ханыковтың меридиан сызығына қарсы көлденең ағатын өзендердің ағысы жәй болады деген болжамы шындыққа жанасады деп ойлаймын. Бүгінде таудың жоғарғы беткейінен ағатын көптеген бұлақ көздері бітеліп қалған. Өйткені өзен жәй ағыспен көлденең ағатын болса, арнасын қамыс пен қоға басып тастайды», деп ой тастайды.
Бірнеше жылдан бері еліміздің әр өңірінде өзен арналарын кеңейту жұмыстарымен айналысатын «Компания спейстрой» ЖШС директоры Рашид Сламбектов өзен-көлдердің тайыздануына су түбіндегі бұлақтар көздерінің бітелуі тікелей себепші деген пікірде. «Өзендер әдетте су астындағы майда бұлақтардан қоректенеді. Осы бұлақ көздерін тазартып тұрмаса, майда шаң- тозаңдар бітеп тастайды. Бұлақ көздерін ұсақ құмдар мен тастар бітемейді, керісінше осы жерден су жақсы сүзіліп, бұлақ атқылап ағады», дейді.
Тағы бір жорамал – Мұғалжар тауының жоталары бауырынан қиыршық тас өндіретін зауыттардың кесірінен, жерасты су көздерімен жалғасқан бұлақ көздері бітелгендіктен, су жоғалып барады. Бүгінде он шақты жылдан бері шаң мен тозаңнан көз ашпаған Бершүгір ауылы тұрғындарының арасында демікпе, аллергиялық сырқаттар көбейді. Балалар көп ауырады.
Сөйтіп Ақтөбе облысының далалық өзендерінің тайыздануына Мұғалжар тауындағы табиғи жүйенің бұзылуы, жерасты және жер беті сулары айналымының бұзылуы деп айтуға толық негіз бар. Экожүйені қайта қалпына келтіру үшін қандай жүйелі жұмыстар жүргізген жөн? Осы мәселеде әзірге экологтар мен мемлекеттік органдар бір мәмілеге келген жоқ.
Ақтөбе облысы