Жаңалық

Ол – скрининг емес: компьютерлік томографияның зияны айтылды

Компьютерлік томографияны қайдан табуға болады және ПТР тестілеуді қай жерден өту керек?

Бұлар – қазіргі уақытта көпшілікті толғандыратын негізгі екі мәселе. Алайда көп жағдай мұндай тексерістерден өтуге негіз жоқ екенін көрсетеді.

ПТР тестілеуден кімдердің өтуі керек?
Ақылы тестілеу айналасындағы дүрбелең әлі де жалғасуда. Зертханаларға көбінесе өзінде COVID-19 жоқ екеніне көз жеткізгісі келетін адамдар жиналады. Біреулерден коронавирустық инфекцияның жоқтығы туралы анықтаманы жұмыс орны сұратады, біреулерге тексерусіз ем жасалмайтыны туралы айтылады. Алайда клиникалық протоколды қоса алғанда, денсаулық сақтау саласындағы нормативтік-құқықтық құжаттарда мұндай шектеулер жоқ. Осындай жағдайлар тестілеуді аса қажет ететін адамдардың мәселесін қиындатады.

ПТР тестілеу кімдерге тегін?
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жергілікті медициналық ұйымда ПТР тестілеуді тегін тапсыруға болады. Бірақ оған бәрінің бірдей құқығы жоқ. Ол жедел респираторлы вирустық инфекциямен және пневмониямен провизорлық және инфекциялық ауруханасына түскен науқастарға, COVID-19 жұқтырғандармен жақын байланыста болған адамдарға және клиникалық протоколға сәйкес медициналық бақылауда амбулаториялық емделуде жатқан COVID-19 жұқтырған науқастарға тегін жасалады.

Алдын алу шарасы ретінде ПТР тестілеу «қауіпті аймақ» саналатын шетелден келгендерге, бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің бұйрығымен әскери бөлімдердің әскери қызметшілеріне, сондай-ақ COVID-19 белгілері байқалатын медициналық қызметшілерге тегін жүргізіледі. Эпидемиологиялық қадағалау мақсатында тегін тестілеу жоспарлы түрде немесе шұғыл түрде стационарға немесе гемодиализге жатқызылатын пациенттерге, қылмыстық түзету мекемелеріне түскендерге, медициналық және әлеуметтік мекемелерге алынғандарға жүргізіледі. Басқалар 15-16 мың теңгеге ақылы түрде тестілеуден өте алады. Дегенмен коронавирус инфекциясын дәл сол кезекте тұрып немесе тест тапсырғаннан кейінгі күні  жұқтырып алмайтындығыңызға ешкім кепілдік бермейді. Емханалар жанындағы арнайы мобильді топты үйге шақыру арқылы ПТР тестілеуден тегін өтуге болады.

КТ – скрининг емес! Қазіргі уақытта ауру белгілері жоқ адамдардың өзі компьютерлік томографиядан өткісі келеді. Біріншіден, КТ – скрининг емес. Бұл зерттеу түрі үшін нақты көрсетілімдер мен ауру белгілерінің болуы керек. Пневмония жағдайында 38-38,5 градустан жоғары дене қызуы, қақырық аралас қатты жөтел, тыныс алудың ауырлауы, кеуденің қысылу сезімі, бас ауруы, қан түкіру, тәбеттің жоғалуы, қан қысымының төмендеуі, тахикардия, бұлшықет әлсіздігі, жүректің айнуы, құсу белгілері болады.

Алайда бұл әдіс арқылы тексерістен өту қажеттілігі туралы түпкілікті шешімді дәрігер қабылдайды. Иондық сәулеленуді қолданатын диагностикалық зерттеу әдісі ретінде томографияның тиімділігімен қоса, жағымсыз салдары да  бар. Себебі рентген сәулесі қан құрамына қатты әсер етіп, оны өзгертеді. Егер зерттеу кезінде сәулелену дозасы рұқсат етілген нормадан асып кетсе, патологияның дамуына әкелуі мүмкін. Нәтижесінде ересек адамда лейкемия, тромбоцитопения, гемолитикалық өзгерістер, эритроцитопения пайда болуы мүмкін.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button