Өміріңізді өзгертетін 5 әдет
Біздің әдеттеріміз – өміріміз. Саналы түрде, бейсаналы түрде істейтін істеріміз ағзамызға үлкен әсер етеді. Қарапайым ғана уақыт жетіспеушілігі, ұйқы қанбауы, жалқаулық секілділердің барлығы өз әдетіміздің салдары.
2 апта шай және кофе ішпеңіз
Бізге шай мәдениетінің ерте және біте сіңіскенін халық ауыз әдебиетінен, дала фольклорынан байқай аламыз. Десе де, бұл әдеттің пайдасынан зияны көп екені дәлелденген.
Екі апта шай мен кофе ішпеген адамның ұйқысы дұрысталады һәм тынышталады. Жүйке жүйесі орныға бастайды. Әбден үйренісіп алған, тіпті кейде өзіңіз байқамайтын ашуланшақтықтан арыласыз.
Бұған себеп – кофеин. Кофеин орталық жүйке жүйесіне тікелей әсер етеді. Импульсті жиілетеді, қан қозғалысын жеделдетеді. Кофеиннің сергіткіш екенін ескерсек оны мөлшерден тыс пайдалану ерте қартаюға, жүйке жүйесінің тозуына, ұйқының бұзылуына әкеледі.
Тұзы мен бұрышы аз тамақ ішіңіз
Бұл әдет, әсіресе, артық салмақтан арыла алмай жүргендер үшін пайдалы. Тұз бен бұрыштың құрамында пайдалы элементтер мен витаминдер бар. Алайда олардың шектен тыс көп болуы артық салмақ қосқызып, мешкейлікті оятады.
Аз тұздалған, аз бұрышталған тамақты тұтынатын адам екі есе аз тамаққа да тояды. Ғалымдар мұндай адамдардың жұмысқа деген қабілеті мен ынтасы артады деген пайым айтады.
Газдалған сусындардан бас тартыңыз
Кез келген газдалған сусынның құрамында қант бар. Және ол өте көп. Қанттың шектен тыс көп пайдаланылуы адам ағзасын күйзелтеді. Қант диабеті, салмақ қосу, тістің зақымдалуы және тағы басқа ағза олқылықтарының себепшісі – қант.
Екі апта газдалған сусын тұтынбаған адамның дәм сезу рецепторлары дұрысталады. Ағзасы жасара түседі. Дене ісіктерінен арылады.
Телефонды тек керек кезінде пайдаланыңыз
Қазір «бір тәулікте 22 сағат қана» деген тұжырым бар. Мұны айтып жүрген өз замандастарымыз. Рас, уақыт жетіспейді. Таң атса болды, күн батады. 20 ғасыр бойы жетіп келген уақытқа бізге келгенде жетпей қалатындай не көрінді?
Жауап – телефон. Күніне 4-8 сағатымызды «жұтып» алатын осы. Қызығы осы 4-8 сағат сәт болып өте шығады.
Телефоннан мүлде бас тарта алмаймыз. Бізді құртатын «шектен тыс» деген дүние ғой!.. Тек керек кезінде қолданылса адам бір тәулікте 1 сағатқа жетер-жетпес қана телефонды пайдаланады екен. Демек сөз басында тұжырым шындыққа жанаспайды.
Айына бір күніңізді тыныштықта өткізіңіз
Күнделікті абыр-сабыр, жұмыс, ой, тұрмыс, белгілі-белгісіз бір кикілжің адам жүйкесін тоздырады, миын шаршатады. Тозған жүйке мен шаршаған ми ұлы дүниелерді жүзеге асыра алмайды.
Айына бір күніңізді тыныштыққа арнасаңыз қордаланып қалған мәселелер, күнде ертеңге ауыса беретін ұсақ-түйек істер, жанды мазалаған сұрақтар мен ойлардан арыласыз. Мұндай адамдардың ісі жүйеленіп, іскерлігі артады.
Осы бес әдетті, эксперимент үшін, екі апта орындап көріңіз. Түс көріңіз. Судың да дәмді екенін көріңіз. Бір тәулікте 24 сағат барын көріңіз. Көріңіз…