ОҢАЙ АТА КЕСЕНЕСІ
Кесене Атырау облысы Атырау – Мақат күрежолында, Мақат кентінен 60 шақырым жерде орналасқан. Қазақстанның халық жазушысы, ақын Фариза Оңғарсынованың бастамасымен 1999 жылы қабірдің үстіне төртқұлақты кесене тұрғызылды. Ол ұлутастан салынған. Дертіне дауа іздеген мұқтаждар осы уақытқа дейін оның басына зиярат етіп, түнеп, аруағынан демеу күтеді.
Оңай Есімбетұлы (1823-1900) көнекөздердің айтуына қарағанда, қайырымды, ізгілікті және парасатты адам болыпты. Өзі өмір сүрген уақыттарда Ысық руының ақылшысы, жанындағыларын тыңдата алатын беделді адам болған деседі. Жол бойы өткен жолаушылардың жағдайын жасап отырған жомарт жан қыста теңіз жағасын мекендеп, жазғытұрым, жаз жəне күз айларында Ойыл, Қиыл, Сағыз өзендері бойын жайлаған дəулетті адам екен. Қайырымдылығымен, жарлы-жақыбайларға жанашырлығымен халық арасында сыйлы болған ол көзі тірісінде көріпкелдік қасиетімен де жұртшылыққа шапағатын тигізген.
Оңай ата жерленген жерінде түнек үйі, мешіт бар. Жол бойы өткен жолаушылардың тәу етіп өтер жері – Оңай ата кесенесі. Аңыздарға сенсек, ол кісінің құдіреті соншалық, аруағын мойындамасаң көлікті аударып тастайды екен.
Сілтеме: