Жаңалық

Өнерін өміріне өрнек еткен

Қолөнер – атадан балаға мирас болып келе жатқан асыл мұра.

Қолөнер – атадан балаға мирас болып келе жатқан асыл мұра. Өңірімізде қазақтың ұлттық қолданбалы өнерін насихаттап жүрген, қолынан бал тамған өнерлі азаматтар баршылық. Солардың бірі – Кенжалы Бинураның отбасы. Саз колледжінің 3-курс студенті саксафон мамандығымен білім ала жүріп, отбасылық қолөнерден алшақтаған емес. Жастайынан қолына ине алып, әжесінің қасында тігін тігіп үйренген. Бүгінде қыз жасауын, сәукеле, әшекей және тоқыма бұйымдарын жасап, кәсіп етеді. Бинура бүгін туындыларын көпшілікке ұсынып, үйренемін деген жастарға шеберлік сабағын да өткізді. Оған кәсіп бастауды мақсат еткен немесе ісмерлік өнерге деген ынтасы мен ықыласы зор шебер жастар қатысты.

Кенжалы Бинура, шебер: «Мақсатым дәстүрлі төл өнерімізді тек Қазақстанға ғана емес, шет елдерге де таныту. Сол мақсатыма жетуге алғашқы қаден әжемам жасап жатырмын. Өз білгенімді жастарға үйреткім келеді. Анам мен әжем көрпе тігіп, құрақ құрауды үйретсе, бисермен әшекей жасауды ғаламтордан үйрендім. Бүгінде осы бұйымдарды жасап, сатып кәсіп етіп отырмын».

Қолөнер туындылары Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында ұсынылды. «Өнерін өміріне өрнек еткен» атты шеберлік сабағы ұлттық қолөнерімізді ұлықтау, қазақстандық брендті алға жылжыту мақсатында өткізіліп отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазіргі таңда жастарды шеберлердің тамаша шығармаларымен таныстыра отырып, дәстүрлі қолөнерге баулу, атадәстүрімізді қайта жаңғырту, ұлттық қолөнерімізді ұлықтау, көздің жауын алар бұл дүниелерді топтастырып, жинақтап, жүйелеп заман талабына сай түрлендіріп тұтыну, Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында сипатталғандай қазақстандық брендті алға жылжыту басты міндет. Әрі алдағы уақытта қолөнердің қыр-сырын меңгеріп, саусақтарынан бал тамған, тігін өнеріне икемі бар қыз-келіншектерге шеберлік сабақтарарын жалғастыру жоспарда бар.

Шымкент қаласы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button